Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ геологиясының атасы

0 1  154

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақстанның индустриялық дамуын тежеген қиындықтардың бірі – оның аумағының геологиялық тұрғыдан аз зерттелуі еді. Төңкеріске дейінгі уақытта көмірдің, мұнайдың, түсті металдардың, басқа да пайдалы қазбалардың аса бай қоры бар кен орындары туралы мәліметтер көп болғанымен, Кеңес өкіметіне дейін жер аумағының 94%-ы мүлде зерттелмеген болатын. Сондықтан да Қазақстанның кең-байтақ аумағын геологиялық жағынан жедел зерттеуге зор күш жұмсалып, 1928-1929 жылдары Геологиялық басқарма тарапынан 50-ден астам барлау партиясы Қазақстанның жер қойнауларын зерттеумен айналысты.

Қазақстанның экспедициялық- зерттеу жұмысы және ұлттық ғылыми күштерді даярлау мәселелері КСРО ҒА-да бірнеше қайта қаралды.Тиісінше, ғылыми мекемелердің желісі мен зерттеу жұмысының ауқымын ұлғайту 1932 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандық қорын ұйымдастыруға мүмкіндік туғызды. Дәл осы жылдары Қ.И.Сәтбаевтың белсенді қатысуымен Жезқазған өңіріндегі жер қойнауларының байлықтарын анықтау және игеру істері қолға алынды. Аса көрнекті геолог Қ.И.Сәтбаев терең білімді ғалым еді. Ол соғысқа дейінгі жылдарда Орталық Қазақстандағы ежелгі металлургияның ошақтарын ашып, орта ғасырлардағы тарихи және мәдени ескерткіштерді зерттеді. Осындай ірі жетістіктері үшін оған диссертация қорғауынсыз-ақ геология-минерология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Айта кету керек,1927 жылы Мәскеуде жас инженер Қ.И.Сәтбаевтың алғы сөзімен ХІV ғасырдағы батырлық дастаны «Ер Едіге» басылып шыққан болатын.
Қазақстанның ғылыми әлеуеті Ұлы Отан соғысы жылдарында қауырт өсті. Соғыс ғылыми-зерттеу жұмысын ел қорғанысының мұқтаждықтарымен және қажеттіліктерімен барынша ұштастыруға мәжбүр етті. 1941 жылы 5 қазанда КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің Президиумы 1942 жылға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын қарап шығып, «қорғанысқа қажетті металл кен орындарын, жергілікті шикізат пен отынды іздестіру бойынша экспедицияларды қосымша жарақтандыру, химия өнеркәсібін дамыту мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығы мал бастарын көбейту жөніндегі талаптарды орындау қажет» деп шешті. Соғыс жылдарында барлығы 350-ден аса экспедициялық отряд ұйымдастырылды. Солардың бірінің жұмысы туралы Жаңатас қаласының байырғы тұрғындардың бірі, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген құрылысшы Аманжол Байқожаевтың естелігінде: «Бала кезімде осы төңірекке жоғалған түйені іздеп жүріп бір келгенім бар. Тау шыңына шығып, төңірекке көз жібердім. Анадайда түйелер көрінді… Сол үш- төрт інгенді ұстап шөгердім де, бір жартасқа отырдым. Әлгі тастың бір үгіндісін алып, тілге салып көрдім, ащылау-кермек дәмі бар екен. Бұған көңіл қоятын кез емес еді. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында бір топ геологтар келіп, мені жолбасшы етіп алды. Мен бала кезімдегі осы бір оқиғаны айттым. Бұл оларды қызықтырмай қоймады. «Бізді сол жерге алып бар» деп тілек білдірді. Оларды сонда алып бардым. Сөйтсек, пайдалы тас болып шықты. «Жаңатас» деген сөз содан шыққан. Енді сол тас сыры ашылып, игерілуде. Оның қоры мол. Шамамен жүз жылға жетеді. Оның үстіне минералдық тыңайтқыштың өзі жер бетінде жатыр. Жабық кеннен оның өте арзанға түсетіні белгілі. Сөйтіп, оны игеру ісі қолға алынды», – делінеді. Бұл жердегі геологтар тұрғысында айтар болсақ, олардың КСРО ҒА-ның корреспондент мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі дүркін иегері П.Л.Безруков пен дәл сондай мәртебеге иелік етуші Қаратау геологиялық зерттеу экспедициясының аға геологы А.С.Соколовтардың басқаруындағылар екендігі анық.
Олар республиканың табиғи ресурстарын анықтауға орасан үлкен үлес қосты. Ал Қ.И.Сәтбаев еңбектерінің басым көпшілігі рудалық кендер геологиясын және Қазақстанның минералдық ресурстарын зерттеуге арналды. Пайдалы қазындылардың болжам карталарын құрастырудың принциптерін айқындаудағы ғалымның еңбегі өте зор, ол Одақтағы металлогения ғылымын жасаушылардың бірі және қазақстандық тау-кен мектебінің негізін қалаушы болып табылады. Қазақстандағы қара металлургияны дамытудың үлкен маңыздылығы бойынша 40-жылдардың басында республика аумағында ірі металлургия зауытын салу мәселесі көтерілді. Сол кездері КСРО Ғылым Академиясы Қазақстандық филиалының геология институтында Қ.И.Сәтбаевтың бастамасы бойынша Қазақстандағы темір мен марганец кен орындарының геология-экономика сипаттамаларын беру және болашақ металлургия зауытының шикізат қорын әрі қарай ұлғайту жөнінде үлкен жұмыстар атқарылды. Қаныш Имантайұлы өзінің әріптестерімен бірге 1942 жылы осы зауытты салатын жерді белгілейтін Үкімет комиссиясының жұмысына қатысты. Олар сонда Қарағанды қаласының іргесіндегі Теміртау алабын таңдап алды. Осыған орай республикада барлық ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмысын үйлестіріп отыратын ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан, Орал, Батыс Сібір ресурстарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру мақсатымен құрылған КСРО Ғылым Академиясының В.Л.Комаров басқарған комиссиясы Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің көптеген салаларын құру қажет екендігін айғақты фактілермен дәлелдеген болатын, ал оның жұмысына Қ.И.Сәтбаев белсене араласты. 1942 жылы күрделі деп бағаланған «Қазақ КСР-індегі Жезқазған аймағының кен орындары» деген еңбегі үшін Қаныш Имантайұлына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1943 жылы Қ.И.Сәтбаев КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі Президиумының төрағасы болып тағайындалды. Академик Қ.И.Сәтбаев бастаған геолог ғалымдар Р.А.Борукаев, Н.Г.Кассин, М.П.Русановтар аса көрнекті нәтижелерге қол жеткізді. Соғыстың аяғына қарай олар 500-ге жуық кен орнын ашып, вольфрамның, марганец, молибденнің, мыстың, мұнайдың, көмірдің және басқа да пайдалы қазбалардың 150 кенішін толық зерттеді және оларды өңдеуге өнеркәсіпке берді. Осы аталған адамдардың барлығына мемлекеттік сыйлықтар беріліп, Қ.И.Сәтбаев жеңістен кейін бір жылдан соң салтанатты ашылу рәсімі өткен Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті болды.
40-50 жылдары ғылым мен мәдениетті идеологияландыруға барынша күш жұмсалды. Шығармашылық ахуалды сауықтыру жалауы астында, оны буржуазия ықпалынан, формализм мен космополитизмнен тазарту науқаны кезінде республиканың көптеген ғалымдары қатал сынға ұшырады. Осылай, Қазақстан К(б) П ОК буржуазиялық-ұлтшылдық пен саяси қателіктердің себебін: «Қазақ КСР ҒА мен оның президенті Қ.И.Сәтбаев БК (б) П ОК шешімдері мен жолдас Сталиннің идеологиялық мәселелер жөніндегі нұсқауларын орындамады. Олар кейінгі жылдары жиі байқалған, ғылыми қоғамдар тарапынан айтылған ескертпелерге құлақ аспады. Бұл ескертулер академия басшылары тарапынан назарға да алынбады. Сын мен өзара сынға қысым жасалды», – деп академик, көрнекті ғалым Қ.И.Сәтбаев сынға алынды. Бұл қайыспас қайсар, ұлтжанды академиктен өш алудың басы еді. 1950 жылы Қ.И.Сәтбаевқа ғылыми кадрларды таңдауда ірі қателіктер жібергендігі көрсетіліп, «жағымсыз элементтерді» академия жүйесінен аластау ұсынылды. Қ.И.Сәтбаев арын сатудан бас тартып, өз қызметкерлеріне сырттай күйе жағушылармен келіспеді, кадрларды тазартуға бармады. Мән берер болсақ, 1950 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы республиканың ірі кешенді орталығына айналған болатын. Академияда төрт бөлімге біріктірілген 20 институт, 12 сектор жұмыс істеді. Сондай-ақ академия құрамында 8 кешенді ғылыми зерттеу базалары, обсерватория, республикалық ботаникалық бау, іргелі ғылыми кітапхана, ғылыми журналдар мен монография шығаратын баспахана және т.б. кірді. Академияның құрамында 1951 жылы 55 ғылыми мекеме жұмыс істеді, қызметкерлердің саны 200 адамнан асты, олардың ішінде 64 ғылым докторы, 275 кандидат және 200-ден астам аспирант болды. Бұл кезеңдерде ғылыми кадрлар жылдан-жылға өсіп, ғылымның дәуірлеу кезеңі байқалды. Жыл өткен сайын Ғылым Академиясының зерттеу жұмыстарының тақырыптарында ірі кешенді халық шаруашылығы проблемалары зерделеніп, өнеркәсіптік жағынан маңызды аймақтардың даму мәселелері жан-жақты қарастырыла бастаған еді. Әрине, академиктің осындай іргелі де игілікті істерді бірге атқарып жүрген әріптестерін жүгенсіздердің жорықсыз айыптауларына бермеуі түсінікті де еді.
Сол кезде оқиға академиктің жеке басы төңірегінде өрбіді. Оның «Ер Едіге» эпикалық поэмасы қатал сынның астына алынды. Ол Қаныш Имантайұлын қаралау үшін тілге тиек болды. Қ.И.Сәтбаевқа өз еркімен президенттіктен босатуын сұраған өтініш жазуға кеңес берілді. Қ.И.Сәтбаев мансапқорлықтан аулақ өзінің сүйікті ғылымымен айналысу үшін талай рет қызметін тастамақ та болған еді. Алайда бұл жолы ондаған ғалымдардың тағдыры шешілгелі, ҒА-ның беделіне дақ түскелі тұрған шақта жоғарыдағылардың арандатуымен өзеуреген топтың дегенін орындаудан бас тартты. 1951 жылы 23 қарашада Қазақстан К (б) П ОК-нің Бюросы болып, онда академик Қ.И.Сәтбаевты президенттікке қайта сайланғанына екі ай өткенде қызметінен босатып, партия карточкасына жазылатын қатаң сөгіс жариялады. Сәтбаевты негізгі үш пункт бойынша кінәлады: 1. Партияға өткенде шыққан тегін жасырғаны;

  1. Өзінің редакциялауымен алғы сөзін жазып, 1927 жылы баспадан шығарған «Едіге» фольклорлық басылымындағы жіберген қатесі;
  2. Қазақ КСР Ғылым Академиясы кадрларын жат элементтермен былғағаны… үшін.
    Кейіннен Қ.И.Сәтбаев Қазақстан К (б) П ОК-нің бірінші хатшысы Пономаренконың атына Қазақстан К (б) П ОК-нің Бюросында өзінің партиялық жазасын алып тастау мәселесін қарауын өтініп хат жазды (10.05.1954 жыл). Хатта: «Өзімнің өткен өмір жолыма, әсіресе кейінгі ес жиып азамат болған шағымдағы инженер, геолог қызметінде Жезқазғанда (15 жыл) және Алматыда (13 жыл) өткен соңғы 28 жылыма зер салсам, оның түгелдей және қалтқысыз жаныммен сүйетін Отанымның мүддесіне адал қызмет етуге арналғанын ар алдында жасқанбай айта аламын», – дейді де, одан әрі қызмет кезінде жіберген кейбір қателері мен олқылықтары болғанын растайды, алайда оның бір жаман пиғылдан еместігін және жұмыс барысында түзетіп отырғанын айтады. Шындығында да, ол өзінің көп жылғы жемісті еңбектерімен Қазақстанның геологиясы мен металлогениясын зерттеу тарихында терең із қалдырған еді. Жүргізілген жұмыстың ерекше мақсатқа бағытталғандығының және оның коллективті түрде атқарылуының және басқару ісінің бір орталықтан болуының арқасында 1953 жылдың басында Орталық Қазақстан бойынша көп материалдар жиналып, талдау жұмыстары, 1954 жылы алғашқы карталар макеттерін және жүйелендірілген металлогениялық болжам карталарының өзін жасау аяқталады. 1954 жылы Қ.И.Сәтбаев былай деп жазды: «Металлогениялық болжам картасы әр аймақтың геологиясы мен металлогениясы туралы біздің ұғымымыздың пирамидасының шыңы болуы керек». Қазақстандық металлогения мектебі осылай туды. Бұл дүние жүзінде алғашқы металлогениялық болжам картасы еді.
    Қазақстан КП ОК Бюросы коммунист Қ.И.Сәтбаевтың жеке ісін қарап, академикке тағылған барлық кінәні негізсіз деп алып тастады. 1955 жылы маусымда Қ.И.Сәтбаев қайтадан Қазақ КСР ҒА президенті болып сайланды. Бұл қызметті ол өмірінің ақырына дейін атқарды.
    1958 жылы металлогениялық болжам карталарының методологиялық негізін дайындағаны және оларды жасап шығарғаны үшін Қ.И.Сәтбаев бастаған бір топ қазақстандық ғалым-геологтарға Лениндік сыйлық берілді. Сонымен қатар академиктің бастамасымен республикада тың игеру жылдарында тыңайған жерлерді игеретін аудандарды су және құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін Маңғышлақ, Мұғаджар және Торғай төңіректерінің табиғи минералды ресурстарын зерттеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақ КСР Ғылым Академиясы ғалымдарының тың және тыңайған жерлерді игеру ісіне қосқан үлестерін Кеңес өкіметі жоғары бағалап, 1957 жылы олардың біразы жоғары үкімет наградаларына ие болып, ал Қ.И.Сәтбаевқа үшінші Ленин ордені берілді.
    Баянымызды қорыта келе, ғалымның өзінің жеке басшылығымен Үлкен Жезқазғанды, геологиялық ғылымдар институтын, Қазақ КСР Ғылым Академиясын лайықты деңгейге көтере алуымен қатар, тынымсыз зор еңбегінің, атқарған ауқымды істерінің нәтижесінде бүгіндегі еліміздің жоғары дамыған өнеркәсіп орындары – Қарағанды металлургия зауытының, Соколов-Сарыбай комбинатының, Атасу темір рудаларының, Алтай кен орындарының, Қаратау фосфориті мен полиметалл кен орындарының игерілуіне елеулі үлес қосқандығын айта аламыз.

Нұрдәулет Бақторазов,
Шерхан Мұртаза атындағы
«Руханият және тарихтану» орталығының
аға ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.