Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ әдебиетіндегі діни сарын

0 494

Қазақтың қадым заманнан бері келе жатқан қара өлең, қисса-дастандарына асыл дініміз арқау болғаны әмбеге аян. Ақын-жыраулар, ұлт зиялылары – ислам құндылықтарын ұлттық діл мен дүниетаным ерекшеліктеріне сай насихаттаған имани әдебиеттің және ғибрат-тәлімнің жарқын үлгісі.

Ұлтымыздың әдебиетінің тарихында Шығыс шайырларынан, діни кітаптардан нәр алған, онда баяндалатын тәлім-тәрбиелік мәселелерді ана тілінде қайта жырлауға тырысқан ақындар аз болмаған. Ислам дінінің орнығуына үлкен әсер еткен Қарахандықтар билігінен бері ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін өмір сүрген ақындардың жырлайтын басты тақырыптарының бірі – діни мазмұндағы шығармалар еді. Белгілі әдебиеттанушы Мұхтар Мағауин қазақ әдебиеттану мен әдебиет тарихына қатысты ой-тұжырымы туралы: «Классикалық Шығыс әдебиетінде әрбір сөз Алла атынан басталатын. Бүкіл әлемге аян атақты дастандардың барлығында ең әуелі Хақ Тағалаға мадақ айтылады. Содан соң жүз ныспылы, бір кейіпті пайғамбарға сыйыну шарт», – деп жазған болатын.
Түрік халықтары рухани мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті тұлғалары Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидің «Ақыр заман кітабы» және Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» сияқты Қарахандықтар билігі мен Алтын Орда тұсында дүниеге келген жәдігерлердің шығармалары – соның жарқын дәлелі. Бұл шығармалар қазақ поэзиясының исламдық-эстетикалық негіздері болып саналады. Сол жылдардың ізін жалғап сан ғасырлар бойы халық көкірегінде жатталып, біздің дәуірімізге дейін жеткен Асан, Қазтуған, Досмамбет, Шал ақын, Шалкиіз жырауларды атауға болады.
Мысалы, Шал ақынның:
Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай,
Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер, – деген жырын айтуға болады. Бұл атақты тұлғалар қазақ қоғамының рухани тәрбиесі, әдептілік, құқықтық, діни қағидаларын айқындау, насихаттау, қалыптастыру істеріне араласты. Түркі әдебиетіне тән жалпы өсиет шеңберінен шығып, қоғамдық, әлеуметтік ой-пікірлерді білдіретін, біртұтас елдің болмысын көрсететін қоғамның ой-ағымына айналды.
Қазақ халқы тарихта қаншама қиындықтарды басынан өткізгенімен, ұлттық құндылықтардан қол үзбей, ұлт руханиятын сақтау арқылы өзіндік бірегейлігін жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихи ұғымдар сақталып отырған. Осы арқылы өскелең ұрпаққа тәуелсіздік, ұлттық мүдде, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді, өнерлі болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, тарихтың тағылымын кеңінен дәріптеу керек. Қазақтың ұлттық руханияты әрдайым ұлттық бірегейліктің ұйытқысы болып отырған. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов: «Рухты ертек жырлар, батыр әңгімелері халықтың рухы көтерілген шақта шыққан сөз болады. Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз. Ертегілер бұрынғының қалпынан, салтынан дерек бергендей, ертек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді. Бұл – бір. Екіншісі, батырлар әңгімесінің құны тілге пайда беру жағынан зор. Батырлар әңгімесі өлеңмен айтылған. Өлеңмен айтылған әңгіменің сөзі көпке төзеді, тез өзгере қоймайды. Солай болған соң, батырлар әңгімесінде аталарымыздың сөздері сақталып келген. Біз сияқты тілі жетіліп болмаған халыққа аталарымыздың сөздері сақталған әңгімелер құнды болмақ. Сондай құнды әңгімелердің бірі батырлар әңгімесі болмақ», – деп жазған болатын.
Қай халықта болмасын рухани мұрасының алтын діңгегі – ауыз əдебиеті. Ауыз әдебиетінде діни қиссалар, діни дастандар, батырлық жырлары, бесік жырлары жүректен жүрекке жетіп, ғасырдан-ғасырға өтіп, халықтың рухани мәдениетін қалыптастырып отырған.
Ең әуелі әңгімемізге арқау болаты-ны – діни қиссалар. Аталған жыр жолдары – пайғамбарлар мен сахабалар, әулие-әмбиелер мен періштелердің өмірі туралы, олардың дін жолындағы іс-әрекетін бейнелейтін шығармалар тізбегі. Құран Кәрімдегі түрлі діни хикаяларды барынша қамтып әрі оны мейлінше кең көлемде таратып түсіндіретін осындай қиссалардың бірі – XIІІ ғасырдағы Бурхонуддин Рабғузидің «Қисса сүл-Рабғузий» немесе «Қисса сүл-әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы. Қисса жанры діннің құқықтық тарапын үйрететін шариғат саласына жатпайды. Дін ғылымының аксиология аймағына тиесілі. Яғни қиссалар адамзаттық құндылықты құлатпай ұстап тұруды көздейді. Сондықтан бұл өнерге жүйрік болған өскелең ұрпақтың бойында діни фанатизм емес, қоғамға махаббатпен қарайтын немесе барлық адамды бауырым деп сүйетін адами қасиет ерекше дамиды.
Жалпы біз сөз етіп отырған Рабғузидің шығармасының ең көп қолжазбасы Британияда сақталған. Одан бөлек, Санкт-Петербордағы Салтыков-Щедрин кітапханасында 6 қолжазбасы, Швецияда 2 қолжазба, Парижде 1, Бакуде 1 қолжазбасы тұр. Бұл шығарма шығыстанушы ғалымдар арасында жоғары бағаланатын ортағасырлық туынды десе де болады. Себебі Қазан, Ташкент қалаларында ең алғаш баспа мәшинесі пайда болған тұста «Қисса сүл-әнбия» сұранысқа еніп, баспадан қайта басылып, қазақ даласына кеңінен тарала бастайды. Мәселен, «Жүсіп-Зылиқа», «Ескендірнаме», «Қубас» сияқты қиссалардың өзі бірнеше рет жарық көрген.
Рабғузидің қиссаларынан тұңғыш рет кандидаттық диссертация қорғаған ғалым – Алма Қыраубаева. 1974 жылы бұл еңбектің құндылығын дәлелдеп, қазақ ғылымына айналымға енгізеді. 1993 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ораз Жандосов ауылында жекеменшік қазақ гуманитарлық лицейін ашып, оқушыларға қисса оқытып, үйрету дәстүрін қайта жаңғыртады. Себебі соңғы рет қисса үйрететін мектептер қазақ даласында 1926 жылы большевиктердің қолымен талқандалған еді. Қазіргі таңда 2022 жылы «Отбасы хрестоматиясы» қорының жобасы аясында «Қисса сүл-әнбия» экзистенциялық талдау кітабы жарыққа шығып, қиссаларды толықтырып, өңдеп, философиялық және психологиялық талдау жасап оқырмандардың көңілінен шығуда.
Енді сол қиссадан бір мысал келтіре кетейін:
…Нəрсе жоқ бір өзінен басқа бұрын.
Ғаламға өзін заһыр қылмақ үшін,
Жаратты Мұхаммедтің əуел нұрын.
Таусының мысалында қылды нұрды,
Қанадил нұрдан болған орнатылды.
Алдына ұят айна нұрдан болып,
Құдайға өзін көріп шүкір қылды.
Ұялып жалғыздықтан аққан тері,
Сол нұрдан жаратылсын иман нұры.
Бес жолы сəжде қылып Нұрғалы нұр,
Бес намаз əуел парыз болған жері…
Дәл осындай халық ауыз әдебиетіндегі ең бай көне жанрлардың бірі – батырлар жыры. Халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар». Мысалы, Алпамыс батырдың жырында жаратушы Алладан бала тілеген ата-анасының Жаратушыға жалбарынуын былай жырланады:
Әулиені қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып.
Еш жерге тоқтап тұрған жоқ,
Күндіз-түні кідіріп.
Күндіз-түні тынбады,
Екі көзі жұмылып.
Тоқсан күндей жол жүрді,
Етегіне сүрініп.
Әулие қоймай қарады,
Құдайдан тілеп баланы.
Сайрамдағы Сансыз бап,
Оған да жетіп барады.
Қайда әулие көрінсе,
Бір-бір малын шалады.
Күллі малы тәмам боп,
Көк ала бас көк қошқар,
Жалғыз-ақ сол қалады.
Әулие қоймай түнеді,
Құдайдан бала тіледі.
«Бір перзент Құдай бергін» деп,
Байбөрі мен Аналық
Күндіз-түні жүреді.
Аңсаған сәби өмір есігін ашқаннан кейін түн ұйқысын төрт бөлген аналардың бесік жырын айту дәстүрі бар. Бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру болып табылады. Даңықты батыр, жерлесіміз Бауыржан Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда», – деп жазады. Бесік жырының мазмұнында әр халықтың өз менталитеті, әлемнің жаралуы, пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер туралы түсінік пен ізгі қасиеттері туралы сакральды ақпараттар сақталған. Бесік жыры бөбектің құлағына сіңген сайын оның бойындағы ата-бабасының генетикалық жадысы қайта жаңғырады. Мысалы:
Лә иләһә иллалла,
Иллаллада пайда бар.
Мұхамбеттің үмбеті
Осындай бала қайда бар?
Әлди, әлди, әлди-ай.
Әлди, бөпем, құт бөпем,
Бұл сөзімді ұқ, бөпем.
Лә иләһә иллала
Көкейіңе тұт, бөпем.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Отаршылдық заманда ұлт бірегейлігінің бұзылуына алаңдап, рухты жырларымен елдің қалпын сақтау мақсатында сатқындықпен, тексіздікпен күрескен қазақтың азулы ақындары, Алаш зиялылары көп болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салса, тағы бір қайраткер Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» десе, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса, солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазып өткен.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамасты…
Дәл осы «Оян, қазақ!» сөзі бүкіл түркі халықтарының ортақ идеясына айналды. Міржақыптың өлеңдері жапон, түрік тілдеріне аударылған. Бізде «Оян, қазақ!» болса, оларда «Оян, жапон», «Оян, түрік» болып аударылған. Тіпті 90-жылдары Уямо Томохико деген азамат Жапонияда Міржақып Дулатұлына арналған диссертация қорғады.
Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиев «Оян, қазақ!» кітабы туралы өз сөзіңде: «…Ресей патшалық өкіметінің шымбайына тиген кітап болды», – дейді. Бір қызығы, «Оян, қазақ!» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ дін адамдарының да көңіліне қонды. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан және ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққандығы туралы жазылған. Осыдан-ақ бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсіп, ол кітапты оқуға тыйым салған екен. Алайда Кеңес дəуірі тұсында діни мазмұнды құндылықтар туралы жазу немесе пікір білдіру өте қиын жағдай болғаны бәрімізге мәлім.
Өмір тіршілігінде адамның басты қаруы – Ары. Соның әмірін орындаса, тез оңалады. Ары тазарған сайын адам болмысы шыңдалып, тұлғалана түседі. Мәңгілік ғұмырдың айқын нышаны арлы адамның болмысынан ғана көрініп тұрады дегендей, В.Франкл: «Ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің төте жолы жалғыз. Ар-ұятты тоқтаусыз қайрап, егеп, өткірлей берудің жолдарын жастарға үздіксіз үйретуіміз керек. Басқасы – бос сөз. Ар-ұят феномені – кісіні Тәңірге жалғап тұратын жалғыз көпір», – деген идеяны қайталаудан жалықпауымыз қажет.

Бахтияр АЛПЫСБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
әлеуметтік жұмыс басқармасының бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.