«Кішкентай Самурай» атты жапон-қазақ бірлесіп түсірген халықаралық фильмнің түсірілімі аяқталды. Толық метражды көркем фильм Алматы облысы Балқаш ауданындағы Құйған ауылында бір айға жуық уақытта түсірілді.
Фильм Қазақстанда екінші Отанын тапқан жапон баласы Масао Миураның шынайы өмірі жайлы баяндайды. 1941 жыл, Сахалин аралы. 13 жасар Масао Миура есімді жапон баласы аралда қалған әкесі мен ағасына көмектескісі келіп, шекара асып кетеді де КСРО шекарашыларының қолына түседі. Сот баланы екі жылға бас бостандығынан айырып, еркіндікке шыққан соң еңбек тәрбиесін өтеуге аттандырады. Масао жергілікті тұрғындардың арқасында қазақ жерінен екінші Отанын табады.
– Біз бұл адамның тарихы жайлы көптен бері түсіргіміз келіп жүрді, Масао Миураның өмір тағдыры маған таныс, өзі мен үшін рухани тұрғыдан өте жақын адам. 1994 жылы мен осында келіп, ол туралы алғашқы рет естідім. 2000 жылы оның тағдыры жайлы деректі фильм түсірдім. Бұл жапон әскери тұтқындарының өздеріне екінші үй сыйлаған қазақ халқымен достасқаны жайлы баяндайтын жоба, – деді «Кішкентай Самурай» киножобасының сценарий авторы әрі қоюшы режиссерінің бірі Сано Синдзю.
Фильмнің режиссерлері – көптеген халықаралық кинофестивальдердің жүлдегерлері Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) пен Сано Синдзю (Жапония), қоюшы оператор – Мұрат Нұғманов (Қазақстан), продюсерлері – Сано Синдзю (Жапония), Шуичи Ёсимура (Жапония), Әсел Ержанова (Қазақстан). Фильмдегі басты рөлдерді қырғыз режиссері, Еуропа киноөнер Академиясының, Азия -Тынық мұхиты Киноакадемиясының мүшесі Ақтан Арым Құбат (Қырғыз Республикасы), Сано Фуминобу (Жапония), 2018 жылы ең үздік әйел бейнесі үшін Канн жүлдесін иеленген Самал Еслямова (Қазақстан), Олжас Жақыпбек (Қазақстан) сомдады.
Бұл фильм Ерлан Нұрмұхамбетов пен Сано Синдзюдің бірлесіп түсірген екінші киножобасы екенін айта кету керек. Фильмнің түсіріліміне сонымен қатар кино және театр актрисасы Ольга Ландина мен кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев қатысты. Болашақта бұл фильм көптеген халықаралық кинофестивальдерге қатысып, кинотеатрларға келер жылы шығады деп жоспарланып отыр.