Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ ғалымдары қолдаудан кенде емес

0 149

Елімізде ғалымдардың жалпы саны 22 мыңнан асады. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің орташа жасы – 57. Зерттеушілердің 15 пайызы – зейнет жасындағылар. Бұл ресми көрсеткіштер әлі де біраз мәселенің бар екенінен хабар береді, соның ішінде кезек күттірмейтіні – ғылымға жастарды тарту.

Себебі отандық ғылымның «қартайып» кеткені қай жағынан да тиімсіз. «Соңғы кезде жас ғалымдарды қолдау артып келеді» деген мазмұндағы ойды зерттеушілер де, Үкімет мүшелері де жиі айтады. Біз осы туралы әңгімелеп, насихаты кемшін ғылым саласының жүгін жеңілдеткенді жөн көрдік.

Мемлекет қамқорлығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ғылым күнінде өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылымды дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін, осы тұрғыда әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау керегін атап өтті. Сонымен қатар Президент осы отырыста жас ғалымдарға қарата: «Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады», – деді.
Иә, жастардың ғылымға көптеп келгені керек. Десе де, бұған оларды ынталандыратын шаралар қабылданып, лайықты жағдай жасалуға тиіс. Шыны керек, жастардың ғылымға келуіне мүмкіндіктер баршылық. Енді соның бір парасын тарқатып көрелік.

Ғылымға қадам

Магистратура. Қалыптасқан дәстүр бойынша ғылымға бет бұрудың бастапқы қадамы магистратурадан басталады. Елімізде жыл сайын магистратурада оқуға 13 мың грант бөлінеді. Бұл дегеніңіз – осыншама адамның ғылымға келуіне жасалған жағдай. Биыл қыркүйектің 1-інен бастап магистранттардың стипендиясы 15 пайызға көтерілді. Қазір магистратураның грант бөліміне түскен студенттер айына 107 061 теңге стипендия алады.
Сонымен қатар ғылымға қадам басуды ойлап жүрген жандар магистратураны шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқи алады. Мысалы, өткен аптада шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытынды шешімімен 120 стипендиат шетелдегі таңдаулы жоғары оқу орындарында магистратура бағдарламалары бойынша білім алатындар тізіміне қосылды. Олардың шетелде алаңдамай білім алуына (стипендия, жатын орын, жол шығындары) қажетті жағдай жасалған.
Докторантура. Бұл деңгей зерттеушілер үшін ғылымның қайнаған қазаны іспеттес. Өйткені бұл – ғылыммен айналысудың жақсы бір мүмкіндігі. Елімізде докторантурада оқуға жыл сайын 2 мың грант бөлінеді. Биыл жаңа оқу маусымынан бастап докторанттардың стипендиясы да 15 пайызға көтерілді. Докторантурада грант негізінде білім алып жүрген студенттерге айына 240 мың теңге стипендия түседі.
Магистратураны ғана емес, докторантураны да «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуға мүмкіндік берілген. Жақында жарияланған Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 6 адам докторантураны шетелде оқуға мүмкіндік алды.
Постдокторантура. Көбі докторантурадан кейін тоқтап қалады, докторлық дәрежесін де қорғай алмай жатады. Ал постдокторантура зерттеушінің білімін әрі қарай жетілдіріп, ғылыми тақырыбына тереңдей түсіп, ғылыммен айналысуына, бастысы, ғылыми дәрежесін қорғап шығуына жағдай жасайды. Постдокторантураға түсу үшін 40 жасқа толмаған, кемінде соңғы 1 жыл бойы толық жұмыс күні негізінде ғылыми-зерттеу жұмысының тобына мүше немесе ғылыми жұмыс тобының жетекшісі болуы керек. Постдокторантураға елімізде жыл сайын 1 000 грант бөлінеді. Осыншама адам постдокторантурада оқығанда 500 мың теңге стипендия алады.

Тағылымдама

«500 ғалым» бағдарламасы. Бұл – Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмасынан соң қолға алынып, 2021 жылдан бастап іске асырыла бастаған жоба. Аталған тағылымдамалық бағдарлама зерттеушілерге шетелдік ғылыми, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 3-12 айға дейінгі тағылымдамадан өтуіне, сонымен қатар осы арқылы біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. «500 ғалым» жобасымен 2021-2023 жылдар аралығында үміткерлерден 1 225 адам іріктеліп, стипендиат атанды. Бағдарлама бойынша инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар саласындағы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, білім беру, агроөнеркәсіптік кешен саласы ең жиі таңдалатын бағыттарға жатады. Ғылыми тағылымдаманың иесіне визаны ресімдеу, тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, тіпті арнайы ғылыми әдебиеттерді сатып алуға дейінгі шығындар республикалық бюджет есебінен толық төленеді.

Грант

«Жас ғалым» жобасы. Бұл гранттық жоба жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мақсатында енгізілген. Бұрын ғылымға жаңа келген жастар саладағы сақалармен, яғни грант алудың қыр-сырын жетік білетін ғалымдармен бірдей гранттық қаржыландыру конкурсына қатысатын. Жас ерекшелігі мен ғылымдағы тәжірибесі ескерілмейтіндіктен, жастардың грант алу мүмкіндігі де аз еді. Осыған орай, «Жас ғалым» гранттық жобасы дайындалды. Бұл аға буын ғалымдардың зерттеу жұмыстарына жастарды бір қадам жақындату мақсатында әзірленді. Нәтижесінде, әрбір ғылыми зерттеудің шеңберінде ғылыми мақалалар жарияланып, соған сәйкес инженерлік-технологиялық бағыттар бойынша инновациялық патенттер алынып жатыр әрі ұтып алған жастардың көпшілігі білікті, тәжірибелі аға толқын ғалымдардың деңгейінде қарастырылатын жобаларға қатысып жүр.
Жалпы конкурстағы жас ғалымдар үлесі. Жоғарыда жазғанымыздай, біраз бұрын жалпы конкурсқа аты дардай академиктермен, профессорлармен бірге қатысатын еді, содан сағы сынған жастар келесі конкурсты күтпей, мүлде басқа салаға кетіп қалатын жағдайлар болған. Міне, осындай кедергілерді жою мақсатында ғылыми жобаларға арналған барлық конкурстың құжаттамасына арнайы бір талап енгізілді. Осы шарт бойынша конкурсқа жолданатын жоба оның қатысушылары құрамында кем дегенде 30 пайызға дейін 40 жасқа дейінгі жастар болғанда ғана өтетін болды. Бұл жас ғалымдарды шеттетпеуге ықпал еткен шарт бола алғандай. Себебі ғылыми жетекшілер өздерінің ғылыми жобаларына грант алу үшін зерттеу тобына, қатарына 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарды қосуға міндетті.

Әлеуметтік көмек

Шын мәнінде, қандай да бір тұралап тұрған саланы аяққа тұрғызу үшін сол бағытқа білікті мамандарды көптеп тарту керек. Бұл тетіктің тиімді жұмыс істейтінін «Педагог мәртебесі» Заңын қабылдауынан, осыған қоса педагогтардың жалақысын көбейту, педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің стипендиясын басқа мамандықтардағы қатарластарынан артық ету секілді кешенді жұмыстардан көз жеткіздік. Бүгінде мұғалімдік мамандықты таңдайтын «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерінің саны өскен. Кезінде кетіп қалғандар да өзінің кәсібіне қайта оралғанын көз көрді. Бұған заңды түрде енгізілген әлеуметтік көмектің айтарлықтай ықпалы болғаны анық. Міне, осындай әлеуметтік қолдаудың түрлері ғалымдарға арналған жаңа заңда көрініс тапты. Бұл – биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң. Аталған заң бойынша енді жас ғалымдарды (40 жасқа дейінгі) баспанамен қамту үшін мүмкіндіктер беру қарастырылған. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап аталған банк ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының жас ғалымдарына арналған 2023-2027 жылдар аралығына кредит беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тұрғын үйге мұқтаж ғылыми қызметкерлері үшін бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып алу үшін банк тарапынан қарыз беріледі. Құны 20 млн теңгеге дейінгі үй бағасының 10 пайызынан бастап 50 пайызға дейінгі мөлшерін салып, қалған соманы жылдық 5 пайызбен 25 жылға дейін ипотекаға алуға болады. Қарыз сомасының 50%-ын жинаған соң, қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшері 3,5%-ға төмендейді. «Отбасы банкінің» сайтында осы бағдарламаға қатысуға құқылы ғылыми ұйымдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізімі жарияланған. Тізімде ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, жалпы алғанда, 53 ұйым бар. Осы ұйымдардың ғылыми қызметкерлері жоғарыда жазылған жеңілдетілген ипотекалық несиемен үй ала алады.
Биылғы мамырдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым ордасында ғалымдармен кездесу өткізді. Сол кездесу соңында Президент жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген 10 азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификатын табыстады. Осыған қоса Қ.Тоқаев аталған кездесуде: «Былтыр 284 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді.

Айдана Шотбайқызы,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.