Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аяулы аналар Тараздағы туындыларға таңдай қақты

0 876

Тараз төрінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» республикалық форумы шымылдығын түрді. Екі тәулікке жалғасатын басқосудың алғашқы күні форум қонақтары Жамбыл жеріндегі киелі орындарды аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.

Қонақтар ең әуелі Айша бибі мен Бабаджа хатунның кесенесіне аялдады. Сәулет өнерінің жауһары Айша бибі кесенесі Қазақстанда және Орта Азияда ойылған терракоталық плиткалардың 62 түрімен толық қапталған жалғыз сәулет ескерткіші болып табылады. Батыс бағандарының 18-ші қатарындағы аудармада «күз… бұлттар… жер әдемі…» деген сөздер жазылған. Жерленгендердің тұлғасы туралы аңыздар сақталған. Соған сәйкес Шах Махмұд Қарахан сапарда жылан шағып қайтыс болған сүйіктісі Айшаға құрметінің белгісі ретінде кесене тұрғызғаны тарихтан мәлім.
Шара қонақтары келесі кезекте Қарахан кесенесіне тәу етті. Аталған нысан Қарахан әулетінің негізін қалаушылардың бірі Шах Махмұд Қараханның қабірінің үстіне салынған. Жергілікті тұрғындар оны «Әулие ата» (қасиетті ақсақал) атап кеткен. Мазардың кіреберісінің үстіндегі араб тіліндегі жазбада «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» делінген. Сәулет ғимаратының іргетасы XI ғасырда қаланып, уақыт өте қабырғалары сөгілгендіктен, 1906 жылы жергілікті тұрғындардың демеуімен қалпына келтірілген.
Қонақтар бұдан кейін «Көне Тараз» археологиялық паркіне бет түзеді. Аталған паркте «Ежелгі Таразға» қақпасы, Тараз әуенінің монументі, «Рухани жаңғыру» интерактивті офисі мен Достық үйі, бақылау мұнарасы, «Мыңбұлақ» аллеясы, «Менің туған жерім – Қазақстан», Жер шары және «Ежелгі Тараз» мұражайы орналасқан. 2011 жылдан бастап бұл нысанда толық ауқымды тарихи-археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.
Сәулет өнерінің жарқын жетістігі саналатын «Тектұрмас» этнотарихи кешені мен «Әулие ата» ескерткіші де қонақтардың таңдайын қақтырды. Бұл кешен Талас өзенінің жоғары жағалауындағы Тектұрмас тауының 24 гектар биік баурайында орналасқан. Тарихи кешен – бұл ортағасырлық түркі елдерінің киелі орындарын бейнелейтін, Ежелгі Тараздың тарихын толық көрсететін тарихнама. Халқымыздың рухани әлемін байыту мақсатында салынған кешен қала өмірінің барлық кезеңдерін ашып көрсететін, өңірде болған тарихи оқиғалардың толық хронологиясын көруге мүмкіндік беретін бірнеше сәулет құрылыстарынан тұрады.
Экскурсиядан ерекше әсер алып тарқасқан қонақтар А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының өнерпаздары сахналаған «Домалақ ана» қойылымын тамашалады.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.