Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аялдамаларды аялайық!

0 836

Бүгінгі таңда қаламыздың қоғамдық орындарында (аялдама, ғимарат қоршаулары және т.б.) жабайы жарнамалар көбейіп, шаhарымыздың шырайына нұқсан келтіріп, сәулет көркін бұзып, жағымсыз әсер қалдыруда.

Аялдама төрінде жергілікті атқарушы органы тарапынан «Жарнама ілуге тыйым салынады!» деген ескертуі ілініп тұрғанын көре тұра, бірінің үстіне бірін жапсыруда.
Эстрада жұлдыздары өткізетін концерттердің афишалары, пәтерді жалға беру, жұмысқа шақыру сынды хабарландыруларды қаламыздың кез келген бұрышынан кездестіруге болады. Жарнама ұйымдастырушылары концерт аяқталған соң жарамсыз жарнамаларды алып тастаса, қанеки?!
Осы орайда Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңының 434-бабында, ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға қалдықтарды тастау он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу қарастырылғанын айта кеткен абзал. Сол үшін әкімдік тарапынан аялдамаларда тазарту жұмыстары жүргізілгенімен, ертесіне жарнамалар қайта ілінуде. Алайда аялдамалардағы бейберекет ілінетін жарнамалар жеке адамның ісі болғандықтан, оларды анықтау қиындықтар туындатуда.
Тағы бір айта кетерлігі, концертті өткізу туралы жасалатын келісімшартта жарнаманың көрінген жерге емес, арнайы орынға ғана орналастырылатыны, бұл талап бұзылса, айыппұл төлейтіні, сонымен қатар концертті ұйымдастырушыларға жарнама орналастыру үшін тиісті орыннан рұқсат алуы керектігін қатаң ескерту туралы қалада орналасқан облыстық филармония, Абай атындағы драма театрына хат жолданды.
Қорытындылай келе, жоғарыдағы қоғамда орын алған келеңсіз жағдаятпен қоғам болып күресуге шақырамын.

Жеңіс Пәрімбеков,
Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.