Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аяқ киіміңіздің коды болмаса, сата алмайсыз

0 377

Соңғы жылдары ел Үкіметі ақпараттық технологияларды мүмкіндігінше жедел игеруге күш салуда. Қазір қаланы айтпағанда, ауыл тұрғындарының өзі қажетті құжаттарын Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгірмей, үйде рәсімдейтін болған. Сондықтан технологиялар дамыған заманда цифрлы өзгерістерге таңғалудан қалдық. Ал 1 қарашадан бастап аяқ киім шығаратын кәсіпорындар мен тауарды импорттаушы кәсіпкерлер өз өнімдерін электронды түрде таңбалауды бастап кетіп, көптің таңдайын тағы қақтыруда.

Иә, заманауи технологиялардың өркен жайған заманы орнады деген осы. Коммуналдық төлемдерді былай қойғанда, дүкен мен такси, тіпті қоғамдық көлік те электронды төлем қабылдауға көшті. Алайда таңбаланған аяқ киім тұтынамыз деген ой түске де кірмеген. Үкімет қазір аяқ киім тауарларын арнайы екі өлшемді кодпен таңбалау және қадағалау ережелерін бекітіп отыр. Онда тұтынушыларға қатысты талап қойылмаған. Аяқ киімді міндетті таңбалау тек осы бағытта кәсібін дөңгелетіп отырғандарға қатысты. Қалай десек те, бұл жаңашылдық елдегі аяқ киім өндірісін қолға алған кәсіпорындардың оң жамбасына келетін сыңайлы. Себебі Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ақбота Батырбекованың берген мәліметіне сүйенсек, елде саудаланатын аяқ киімдердің 48 пайызы көлеңкелі импорт екен. Демек, аяқ киімді шетелден тасымалдайтын кейбір кәсіпкерлердің бизнесі тоқырайды. Осылайша отандық сапалы өнімдерге сұраныс артпақ. Мысалы, өңірде сонау Кеңес заманындағы алып өндірістің орнына қайта құрылған «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іргесі қатайып келеді. Кәсіпорын директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусовтың айтуынша, өндірісте аяқ киімді таңбалау жұмыстары басталған. Тіпті оған жауапты маман бекітіп, шаруаны барынша ертерек аяқтауға күш салуда. Қысқасы, тапсырыс көбейсе, өндірістік қуаты жылына 500 мың жұп аяқ киім шығаруға қауқарлы серіктестікке тауарын таңбалау аса қиын шаруа емес сыңайлы. Бұдан соң біз Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қайырылғанбыз. Бірақ аяқ киімнен түсетін салық бойынша жауап ала алмадық. Бір сөзбен айтқанда, бөлім мамандарына дәл осы мәселе жөнінде тапсырма берілмеген.
Сонымен қарашаның бірінен бас-тап таңбаланбаған аяқ киімдерді өндіруге және импорттауға шектеу қойылады. Бұл шешім бірден жүзеге асып, халық аяқ киімсіз қалады деген сөз емес. Егер аяқ киім ағымдағы жылдың бірінші қарашасына дейін өндіріліп қойған болса немесе импортталса, оны келер жылдың сәуіріне дейін қалдық тауар ретінде сатуға рұқсат. Сол мерзімнен кейін таңбаланбаған кез келген аяқ киімді сатуға тыйым салынады. Ереже нарыққа өнімдерін бекітілген тәртіп бойынша шығарып, тасымалдаумен айналысатындардың бизнесін қолдауға бағытталып отыр. Енді аяқ киім өндірісінде өзіндік орны бар отандық кәсіпорындар мен шетелден жеткізетін саудагерлердің арасында адал бәсекелестік қалыптаспақ. Сондай-ақ тұтынушылар аяқ киімнің қай елден жеткізілгені және сапасы туралы толық мағлұматтан хабардар болады. Осылайша сәуірден бастап қазақстандықтар тек арнайы фирмадан шыққан аяқ киімдерді тұтынады. Бұл өзгеріс бағаға да тікелей әсер етпек. Себебі кәсіпорын немесе импортталған аяқ киімдер таңбаланған соң, ашық сауда айналымы кәсіпкердің салығын дәлме-дәл шығарып береді. Онымен қоймай, көлеңкелі импорттың жолы жабылады.
Таңбалау жүйесіне аяқ киім өндірушілер, импорттаушылар және сатушылар қатысады. Аяқ киім өндірушілер «GTIN» штрих-кодтарын алу үшін «GS1-Kazakhstan» қауымдастығына қосылады. Бұдан соң таңбалаудың ақпараттық жүйесінде ЭЦҚ арқылы тіркеледі. Кейін тауарды саудагерлерге беру кезінде айналымға енгізеді. Одан әрі тапсырысты басқару стансасында таңбалау кодтарына тапсырыс береді. Осы ретте кәсіпорын басып шығарылған кодтарды тауарға жапсырады. Артынша кәсіпорын тауарды сатқан меншік иесімен қабылдау-тапсыру актісін жасайды. Сол секілді аяқ киімді импорттаушыларға қойылатын талап оңай емес. Бұл процесте тек аяқ киім сатушылары ғана ақпараттық жүйеде бірер талапты орындаумен шектеледі.
Аяқ киімді таңбалау бойынша деректерді жинақтай келе түсінгеніміз, келер жылы аяқ киім қымбаттап, сәуір айы көпшілікке тәуір болмайтын сыңайлы.

Сәндібек ПІРЕНОВ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.