Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аузыңызға абайламасаңыз, айыппұл арқалайсыз

Бұл бюджет қаржысын молайтудың жолы ма?

0 1  968

Бұған дейін көпшіліктің көзінше түкірмеуді әдетке айналдырған болсаңыз, енді қоғамдық орында балағат сөз айтудан тыйылуға тура келеді. Әйтпесе 69 мың теңге айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Сонымен қоса осы құқық бұзушылық үшін 30 тәулікке қамауға алу жазасы да қарастырылған. Қоғамның қызу талқысына түскен заңдағы бұл өзгеріс қазына қаржысын молайту ма, әлде мәдениетті қоғам қалыптастырудың жолы ма? Бұл жөнінде халықтың пікіріне құлақ түрген едік.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Азамат Құрымбаевтың айтуынша, заңнамада қоғамдық орында балағаттағанға жаза бұған дейін де болған. Бірақ халықтың дені айыппұл мөлшерінің аз болуы себебінен бұл нормаға аса мән бере қоймапты.
– Бұған дейін қоғамдық жерде балағаттағандарға 5 АЕК (17 250 теңге) көлеміндегі айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалатын. Ендігі жерде айыппұл мөлшері – 20 АЕК (69 мың теңге), ал қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін көбеймек. Бұл түзетулер алғаш ресми түрде жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 2023 жылғы наурыз айынан бастап күшіне енеді. Әрине, полиция қызметкері қоғамдық жерде «кім бейәдеп сөз айтады?» деп аңдып жүрмесі анық. Біз қоғамдық орынға көлік, көше, дүкендерді жатқызамыз. Балағат сөз айтылғанын аудио және бейнежазба арқылы, сондай-ақ куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады. Ешкім балағаттау фактісін растай алмаса да, істің мән-жайын анықтау үшін полицияға жүгінуге мүмкіндік бар. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Тиісті өзгерістер Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар бабына енгізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік желілерде балағат сөздерді айтқаны үшін, егер мұндай әрекеттер қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларды сыйламай, азаматтардың тыныштығын бұзса, ол да ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады. Жалпы қабылданған нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауды күшейтеді. Қоғамдағы азаматтық тәрбиені арттырып, мәдениеттілік деңгейін жоғарылатады деген ойдамыз, – дейді басқарма басшысы.
Ал заңгер Аслан Баймағамбетовтің айтуынша, мұндай заң жобасының әзірленуі қоғам мәдениетінің әлсіздігін көрсетеді екен.
– Заң жобасының қоғамдағы мәдениетті қалыптастыруға әсері болатыны сөзсіз. Бірақ мәдениеттілікке баулу әр отбасыдан бастау алғаны дұрыс. Жасыратыны жоқ, көшеде келе жатып балағат сөздерді көп естиміз. Әбден қажыдық. Бұл ретте мұндай заң қажет те шығар. Бірақ сотқа материал көп түседі деп ойламаймын. Себебі қоғамдық орындардың барлығы бейнекамералармен жабдықталса да, алыстағы екеудің боғауыз сөзбен жаға жыртысып жатқанын дәлелдей алмас. Жалғыз жүрген адам өзгенің боқтағанын қалай дәлелдейді? Сонда «қарсыласының» боқтағанын дәлелдеу үшін диктофон ұстап жүру керек пе? Әлде телефонның бейнекамерасын қосқаннан кейін ұрыса ма? Басқа-басқа, бұл заң жобасы тырнақ астынан кір іздеп, жек көретін адамынан өш алуға тырысқандарға майдай жаққаны анық. Ал айыппұл салу үшін мән-жайды дәлелдеу керек, ал ол ұзаққа созылатын үдеріс. Сондықтан да ол арқылы бюджеттің бүйірі толады дегенге келісе қоймаймын. Таяқтың екінші ұшы да бар. Түкіруді, боқтауды шектедік. Мұндай шектеулер жалғаса берсе, сөз бостандығы мәселесі алдымыздан шығуы мүмкін. Осы уақытқа дейін «балағаттауға тыйым салды» деген ешқандай мемлекетті естімеппін. Мәселен, Жапонияда азаматтарға стресс шығаратын қоғамдық орындар жасақталған. Олар туристер арасында да зор сұранысқа ие. Арнайы қоғамдық орындарда іштегі жиналған мұң-нала, ашу мен ызаны шығаруға болады. Ал біздің елде, керісінше, шектеу көбейіп жатыр. Не десек те, заң жобасы әбден пісіп, содан кейін ғана қабылданғаны дұрыс. Содан соң моральдық тәрбие жөргектен басталатынын ұмытпауға тиіспіз. Яғни бала отбасында қандай тәрбие алса, кейін сондай тұлға болып қалыптасып шығады. Ал ересек адамдарды ондай шектеумен ешкім тәрбиелей алмайды. Тәрбие әкімшілік жауапкершіліктен емес, санадан, үйден, оқудан басталады. Сондықтан бұл өзгерістер көп нәтиже бермейді. Министрліктің есебін ғана жабуы мүмкін. Оған қоса Қазақстан – әлі дамып келе жатқан мемлекет. Германия, Швейцария, Сингапур сынды дамыған ел болсақ, балағат пен түкірік секілді ұсақ проблемалармен алысуға болатын еді. Бірақ бізде педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам құқығы, білім беру сапасы, медициналық көмек, жұмыссыздық секілді шешілмеген проблемалар шаш етектен, – дейді Аслан Дүйсенбекұлы.
Әлеуметтанушы Серік Ерғалидің де пікірі осыған саяды.
– Адамның сөйлеуі қандай мазмұнда болса да, бейпіл сөз айтса да, дұрыс сөз айтса да, бұл Ішкі істер министрлігінің құзырына жатпайды. Бұл – мәдени сала қадағалайтын мәселе. Жаңа Қазақстанның жаңа мәдениетін қалыптастырғымыз келсе, осы мәселемен Мәдениет және спорт министрлігінің айналысуына болады. Ал енді анайы сөзді айыппұл салып түзетемін деу полицейлік мемлекетке тән. Сондықтан Ішкі істер министрлігі ең бірінші көшедегі бұзақылық пен елдегі құқық бұзушылықты түзеп алсын. Жалпы мәдениет елдің тұрмысына, халықтың жасампаздық қабілетіне байланысты. Мемлекет халықты еңбекке жұмылдыра алмаса, жасампаздыққа жетелей алмаса, халықтың мәдениеті төмендейді. Ол мәдениетсіздік ауылдан да, қаладан да көріне бастайды. Ешбір айыппұлмен, қамаумен мәдениетсіздікті түзете алмаймыз.
Тарихтан тамыр тартсақ, қазақ халқының әу бастағы сөйлеу, өзін ұстау мәдениеті, психологиясы мүлдем басқа болатын. Өте сабырлы, барынша этикаға жақын еді. Жас ерекшеліктеріне байланысты ақсақалдар мұндай сөз айтпайтын, орта жастағылар баланың көзінше балағаттамайтын. Мұның барлығы біз бодан болғаннан басталды. Патша үкіметіне қосылғаннан бастап біз боқтық сөзді де, жаман әдеттерді де еселеп үйреніп, сонымен өмір сүретін жағдайға жеттік. Кеңес үкіметі кезінде бұл жаңа деңгейге өсті. Арақ пен темекі қосылғаннан кейін бейпіл сөздер «ойыншық» болып қалды. Адамның психологиясы бұзылғанда ашынып, күйініп, тұрмыстық қиыншылықтарға төтеп бере алмаған кезде өзін-өзі ұстай алмайтын адамның аузынан түрлі сөз шығады. Бұл айналып келгенде, біздің мәдениетіміздің деңгейін көрсете- ді, – дейді әлеуметтанушы ғалым.
Еңбек ардагері Тұрысбек Түзелбаев болса, заңдағы өзгерісті құптайтынын жеткізді.
– Біз мәдениетті қоғам қалыптастыр- ғымыз келеді. Бұл ретте аялдама сияқты қоғамдық орындарда аузымыздан ақ ит кіріп, көк ит шыққаны дұрыс емес. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, осындай заң жобаларының енгізілуі қажет-ақ. Десе де, шаш ал десе бас алмай, әуелі ескерту жасалуы керек деп есептеймін. Жалпы қазірдің өзінде қоғамдық орындарда қандай да бір ұсақ құқық бұзушылық тіркелсе, айыппұл қарастырылғаны белгілі. Яғни адамдар қоғамдық орындарда өзін онсыз да мәдениетті ұстауға тырысады. Сондықтан да жаңашылдықтан үркудің қажеті шамалы. Сонымен қатар біз шынайы Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «Youtube», «Facebook» желісінде, тіпті сахнада тұрып аузына келгенін айтатын әншілер мен әртістерге де осы заң қолданылуы керек. Егер қарапайым адам 69 мың төлеп, сондай «жұлдыздар» жазадан құтылып кетер болса, мұндай заңға жұртшылықтың еш сенімі қалмайды. Әрине, аталған өзгерістер әлі де талқыланып жатыр. Сондықтан халықтың ой-пікірі жан-жақты назарға алынады деп үміттенемін, – дейді Тұрысбек Еркінбекұлы.
Қалай десек те, біреуді балағаттау – мәдениетсіздіктің белгісі. Ал кей жағдайларда мұның соңы қан-жоса төбелеске, тіпті адам өліміне соқтырып жатады. Мұндай «тентектерді» тезге салудың жолы – қатаң заң мен тәртіп. Өркениетті елдердің тәжірибесі де осыны көрсетіп отыр. Сол себепті заңға енген түзетулерді емес, оның іс жүзінде орындалуын қоғам болып қадағалағанымыз абзал.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.