Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауызсумен автокөлік жуғандарға жаза қатаң

0 1  300

Су – өмір нәрі, тіршілік тірегі. Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайтыны ақиқат. Халықтың ауызсуға деген сұранысы ұлғайған сайын барша адамды сумен қамту жұмысы күрделене түсуде.

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінуде. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады екен. Өкініштісі, оның көбі – балалар. Ал ғалымдардың пікірінше, 2040-2050 жылдарға қарай су тапшылығы дағдарысы шын мәнінде жаһандық сипат алмақ.
Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатып отыр. Айталық, Президент өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет», – деген болатын. Сондай-ақ аталған құнды құжатта суды үнемдеу мәселесіне ерекше ден қойылды. Сонымен қатар жыл басында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте ауызсумен автокөлік жуатындарды сынға алып, халықты ауызсуды автокөлік жуу мен бау-бақша суаруға жұмсамауға шақырды.
– Қазақстанда су тапшы. Бізге ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі ел бойынша бағдарлама қажет. Сіздер ауызсумен бау-бақшаны суарады, көлік жуады және тағы басқасын істейді дейсіздер. Бұған қандай жағдайда да жол бермеу керек. Мұндай нәрсе ешбір елде жоқ. Су үнемдейтін технологияны қолдануға, суды үнемдеу мәдениетін ендіруге тиіспіз. Әрине, жаңадан жерасты бұлақтарын да іздеу керек, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі су ресурстары тапшылығының алдын алу және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке бірқатар тапсырма да жүктеген еді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі де бұл мәселеге баса назар аударып, суды ысырап қылмай, орынды пайдаланып жатқан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін назарға алды. Мәселен, Германия су ресурстарын басқару саласындағы Еуропа мен әлемдегі ең прогрессивті елдердің бірі саналады. Бұл тек су объектілерін қорғауда ғана емес, сонымен қатар ауызсуды үнемдеуге және өнеркәсіпте суды тиімді пайдалануға да қатысты.

Қазір еліміздегі жалпы ауызсудың 15 пайыздан астам бөлігі техникалық мақсатқа жұмсалады екен. Бұл – үлкен ысырап. Жаңа Су кодексінде кәсіпорындардың суды үнемдеуіне, тазартуына және қайта пайдалануына ерекше мән беріледі. Мысалы, бір көлікті жууға 200-250 литр су, ал бір жүк көлігіне 500-700 литрге дейін су жұмсалады. Бұл жылына шамамен 100 миллион текше метр су.
– Шағын және орта бизнес нысандары іс жүзінде ауызсуды пайдаланатын болғандықтан, суды қайта пайдалану технологияларын енгізудің шұғыл қажеттілігі бар. Жергілікті тазалау құрылыстарын (ЖТҚ), атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында енгізу орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауызсуды тұрақты қоспай және тұтынбай суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді министр.
Бәрімізге мәлім, жыл өткен сайын көне шаһар тұрғындарының саны артып келеді. Бұл өз кезегінде суға деген сұранысты ұлғайтатыны сөзсіз. Өкінішке орай, жыл басында Тараз қаласында ауызсуға пайдаланатын суды көлік жуу кешендері техникалық мақсатта пайдаланып келгені анықталған болатын. Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, бүгінде облыс орталығында жалпы 135 көлік жуатын орын бар. Олардын ішінде өз ұңғымалары бары – 110 орын. Сондай-ақ ауызсуды пайдаланатын 25 орын анықталған. Салдарынан қазына қаржысына салық түсімдері түспеген. Кәсіпкерлік нысандар ауызсу ретінде пайдаланылатын жерасты суын Шу-Талас бассейндік инспекциясының рұқсатымен пайдалануға тиіс. Алайда рұқсаты жоқ кәсіпкерлер «Жамбыл су» мекемесінің суын пайдаланған.
«Жамбыл су» мекемесінің заң және мамандар қызметінің қоғаммен және БАҚ-мен байланыс жөніндегі маманы Жанна Мамашеваның айтуынша, заңсыздыққа жол берген кәсіпкерлерге бұл мәселені шешу үшін 1 маусымға дейін уақыт берілген екен.
– Ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл облысы прокурорының орынбасары, Тараз қаласы әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы Шу-Талас су инспекциясы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің қатысуымен өткізілген ауызсуды ұтымды пайдалану мәселесі жөніндегі отырыста айтылған шешімге сәйкестендіру үшін «көлік жуу» кәсіпкерлік субъектілеріне ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін баламалы су көзіне (ұңғымаға) қайта қосылуға уақыт берілді. «Көлік жуу» кәсіпкерлік субъектілері сумен жабдықтаудың баламалы көзіне көшуді орындамаған жағдайда, «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының үстіміздегі жылдың бірінші маусымынан бастап мұндай кәсіпкерлік субъектілерін орталық сумен жабдықтау қызметтерінен ажыратуды жүргізу құқығын өзіне қалдырады, – дейді маман.
Оның сөзінше, ауызсуды ұтымды пайдаланудың маңыздылығын ескере отырып және ҚР Су кодексінің 72-бабының 10-тармағына сәйкес, «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ағымдағы жылдың 12 ақпанында «көлік жуу» кәсіпкерлік субъектілерінің атына баламалы су көзіне қайта қосылу және олардың алдында өз сарқынды суларын дренаж жүйесіне төгу арқылы тазартуға арналған жергілікті тазарту құрылыстарын (ЖТҚ) орнату қажеттілігі туралы хабарлама жіберілген.
Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, 1 маусымнан кейін кәсіпкерлер өз нысандарын заңдастырмаса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 41-ші бабына сәйкес, әкімшілік айыппұл салынады. Ол 40 АЕК 260 АЕК аралығында. Мұндай ауызсумен көлік жууға заңмен тыйым салу біздің елімізде ғана емес, әлемнің бірнеше мемлекетінде бар. Мысалы, Ұлыбританияда ережені елемегендер 1 300 доллар көлемінде айыппұл арқалайды. Сондықтан да «Судың да сұрауы бар» дегендей, тіршілік нәрін дұрыс пайдалануды өзімізден бастасақ игі еді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.