Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауыр сынақпен келген қиын сабақ

0 523

«Өткен жылға өкпе жоқ» дейміз ғой. Десе де, артта қалған барыс жылы жұртшылық жадында ұзақ жылдар бойы жаңғырып тұрары сөзсіз. «Сіз-бізге» де, «шыж-быжға» да толы болған өткен он екі айдың алғашқысы есімізде «Қасіретті қаңтар» атымен қалды. Рас, өткен жылдың басы Қазақстан халқы үшін ғана емес, мемлекетіміз, ел билігі мен жалпы шенді-шекпенділер үшін үлкен сынақ болды. Жаңа жылдан кейін жойқын құйындай жайпап өткен кесірлі, кесапатты оқиға республика халқына ауыр тиді. Қаһарлы қаңтар әділетсіздік пен қиянат бар жерде іште жиылып қалған өкпе-реніш, ашу-ызаны қанша бүккенмен, тежегенмен, бәрібір бір күні бұрқ ететінін, халықты қажытудың, қаһарландырудың соңында үлкен қатер тұрғанын анық түсіндірді.

Еліміз тәуелсіздік жылдарында басынан кешпеген ең ауыр оқиғаларға тап болды. Осынау аласапыран күндері халық шерулетті. Сапырылыс болды. Арандату, айдап салу, үлкен саяси ойын жүрді. Бейбіт митингілер «өзгенің қолымен от көсемек» болған арампиғылдылардың араласуымен жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Қан төгілді. Бейбіт шерулетушілер қаза тапты. Қыран құсы самғаған Қазақ елінің бейбіт аспанын қара бұлт торлады.
Айтып-айтпай не керек, Қазақстан тарихын «Қасіретті қаңтарға» дейін және кейін деп екіге жарған бұл күндер мемлекет болып қайта қалыптасудың, ұлт болып қайта ұйысудың қастерлі межесін көрсетіп берді. Ең бастысы, ел басына қатер төнген қиын күндерде барлық қазақстандықтың тыныштығын, тәуелсіздігімізді және мемлекеттің мызғымастығы мен тұтастығын қорғап қалудың қаншалықты маңызды екенін терең түсіндік.
Бұл оқиғаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп бағалады. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деді Президент өз сөзінде.
Сол шақтан бері бір жыл да өте шықты. Оқиғаның айналасындағы айқай-шу, аласапыран мен алыпқашпа әңімелер басылғандай болғанымен, халық санасында қалған терең сызат әлі күнге дейін сыздап тұр. Осы тұста егемендігіміз уысымыздан сусып шығып кете жаздаған қатерлі күндер шежіресіне өткен уақыт белесінен бір көз салып көрсек.

Халық наразылығы неден туындады?

Барыс жылы табалдырықтан аттаған алғашқы күні Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына шаһар тұрғындары жиналды. Олар Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасының литріне 120 теңгеге дейін күрт қымбаттауына не себеп болғанын білуге келген халық болатын. Жаңаөзендіктер билікке бейнеүндеу жолдап, сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Автокөліктердің 90 пайыздан астамы «көгілдір отынға» көшкен өңір үшін өмірлік маңызды отын саналатын табиғи газдың қолжетімсіз болуы күнделікті тіршілікті қиындатқаны рас еді. Аяғының астында жетпіс жеті ұрпағына жететін қазба байлығы бола тұра жанар-жағармай құны құрықтауға көнбей отырғанына алаңдаушылық танытқан ағайынның бұл әрекеті бұрыс деуге келмесі анық. Алайда о баста жергілікті жауапты тұлғалар да, антимонополиялық орган да қарапайым бұқараның талап-тілегіне жедел ден қоймады. Шеру үшінші күнге ұласқан шақта шенеуніктердің халық үніне құлақ қоймауы елдің ашуын туғызды. Қаңтардың 2-сінен 3-іне қараған түнде Ақтау қалалық әкімдігі алдына жиналған қарақұрым халық кіреберіс жолдарға тосқауыл қойды. Талаптар ауқымы да кеңейе бастады. Маңғыстаулықтарға өзге өңірлердегі жұртшылық қолдау көрсетіп, еліміздің 7 өңірінде бейбіт митингілер басталды. Құқық қорғау органдары шерушілерді қуып таратуға күш салмай, сырттай бақылаумен шектелді.
4 қаңтар күні Президент Қ.Тоқаев «Twitter» арқылы Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырғанын хабарлай келе, шеруге шыққандардан қоғамдық тәртіпті бұзбауға, диалогқа үндеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрды.

«Жау жоқ деме – жар астында»

Алайда бұл уақытта талап-тілегін жеткізгелі жиылған топ ортасында арандатушылар пайда бола бастаған еді. Бірін-бірі қолдай шыққан өңірлерде бір мезгілде іске кіріскен жәдігөйлер жиналған қауымды «батыл әрекет етуге», «көтеріліс жасауға», жалпы айтқанда, қылмысқа үндеді. Алғашында бейбіт шерушілер олардың сөзіне құлақ аспай, қараниеттілерді микрофоннан және мінберден аластатуды сұрады.
Осы күнгі деректер бойынша республика бойынша наразылық білдірушілер қатары 37 мың адамға дейін күрт көбейді. Шерулер бейбіт сипаттан арылып, бүлікке ұласты. «Ереуілшілердің» бір тобы мемлекеттік нысандарға шабуыл жасап, қызметтік көліктерді күйретіп, өртеп, сауда орындарын тонауға кірісті. Оларға тосқауыл қоюға талпынған, қарапайым қалқан, дубинкамен жарақтанған құқық қорғау органдары өкілдерінің құқықтық тәртіпті сақтап қалуға күші жетпейтіні байқалды. Олардың ешқайсысы атыс қаруымен қаруланбаған еді. Еліріп алған топ олардан арнайы киім-экипировкасын шешіп, өз қатарын толықтыруды және өздермен бірге тәртіп бұзуды талап еткен. Бұған келіспеген тәртіп сақшыларын таяқтың астына алды, өлімші етіп соққыға жықты.
5 қаңтарда бүлік Қазақстанның көптеген өңірін жайлады. Бейбіт шерулерді лаңкестік шабуылдар алмастырды. Қанды бүлік пен лаңкестік актілер бір жерден ұйымдастырылғаны, үйлестіруші, жол бастаушылары болғаны кейін келе ғана белгілі болды. Көзі қанға толған қатыгез қанішерлердің мұздай қаруланып ұйымдастырған атыс пен жарылыс дүмпуі жұртшылықты жаппай дүрліктірді. Елдің бойында алапат үрей туғызды. Сарапшылардың айтуынша, осы кезде Алматы және басқа қалаларда бейбіт тұрғындар емес, лаңкестер және бандиттер әрекет еткен. Олар Қазақстанның 11 өңірінде ойран салып, елді қырғынға, шығынға батырып жатты.
Осы күні ел Президенті Қазақстан халқына екінші қайтара үндеумен жүгінді. Оның алдында ол барлық өңірде төтенше жағдай енгізген болатын. Ол бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін айтты.
Еліміздің барлық өңірінде коменданттық сағат енгізілді. Террористер өз іс-қимылын үйлестіре алмауы үшін интернетке қолжетімділік шектелді. Шегініп, үйді-үйге, ауыл-аймақта тығылған бандалық топтарды жоюға бағытталған антитеррорлық операциялар басталды. Аталған шаралар нәтижесінде ел билігін басып алмақшы болған арандатушы топтардың әрекеті жүзеге аспай, еліміз өз егемендігін сақтап қалды.

Тәртіпсіздік оты Таразда да тұтанды

Маңғыстаулықтарды қолдау ретінде басталған Тараздағы бейбіт шерулер 4 қаңтар күні кешкісін жаппай тәртіпсіздік әрекеттеріне ұласты. Осы күні қалың нөпірге қосылып кеткен қарапайым халық әлі күнге дейін тобырға ілесіп, қайда, не үшін бара жатқандарын түсінбегенін айтып жүр. Расында, кейін белгілі болғандай, халық мүддесін қолдау үшін көшеге шыққан тұрғындар арандатушылар «аттандап» жүгіргенде, көпке еріп кете берген көрінеді.
Елімізде болған тәртіпсіздіктерден Тараз да біршама зардап шекті. Әкімшілік ғимараттар қиратылды. Мородерлар кәсіпкерлік және мемлекеттік нысандарға шабуыл жасап, едәуір шығынға ұшыратты. Көлік құралдары өртенді.
4-6 қаңтар аралығында жалғасқан бұзақылық актілері салдарынан көне шаһарда облыс әкімінің аппараты, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, полиция департаменті, қалалық 3 полиция бөлімінің нысандары зардап шеккен. Сондай-ақ Шу ауданындағы «Nur Otan» партиясы филиалы да бүлінген. Бұдан бөлек, 149 қызметтік автокөлік пен 25 шағын және орта бизнес субъектілеріне зиян келтірілген.
Осыған орай шығын мөлшерін есептеу бойынша арнайы комиссия құрылып, жалпы облысқа келген шығын көлемі шамамен 7,6 миллиард теңгені құрайтыны анықталды.
3 күнге созылған жаппай тәртіпсіздік шаралары ауыздықталған шақта жергілікті билік пен ерікті халық, қоғам белсенділері бірлесе жұмыс істеді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына облыс бойынша 5 мыңға жуық құқық қорғау органдары мен әскерилер және 275 арнайы техника жұмылдырылды. Ал тәртіпке шақыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарына 5 мыңнан астам зиялы қауым, қоғам белсенділері, беделді спортшылар және өзге де танымал азаматтар тартылды. Облыста төтенше жағдай енгізіліп, кешкі 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейін коменданттық сағат бекітілді.
Күтпеген жағдайларға жол бермеу мақсатында теміржол бекеті, әуежай, әскери қоймалар мен дәріханалар әскерилердің қорғауына алынды. Сондай-ақ маңызды стратегиялық нысан болып саналатын Қордай ауданы Отар әскери қалашығындағы «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ» қарулы қорғанысқа өткізілді.
Облыс аумағында жағдай тұрақтала қоймағанына қарамастан, бұл күндері автокөлік, әуе, теміржолдар ашық болып, коммуналдық қызмет көрсету мекемелері штаттық режимде жұмыс істеді. Сұйық отын қоры толықтырылып, медициналық мекемелер, азық-түлік дүкендері, базарлар мен жанар-жағармай құю бекеттері қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырды.
Жергілікті атқарушы органдар азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын бақылауына алып, баға тұрақтылығы қатаң қадағалауда болды.

Шын кінәлілер жазасын алды ма?

Қазіргі таңда қаңтар оқиғасына қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керектігін, шын кінәлілер жазаға тартылуы қажеттігін қадап айтты.
Соңғы деректер бойынша, бүгінде 5 300 қылмыстық іс қозғалып, 1 249 адам сотталған. Оның көбі ұрлық жасап, қару тонаған, тәртіпсіздіктерге қатысқан. Нақты мерзімге 160 адам сотталыпты. Сонымен қатар тергеу барысында зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша Алматы мен Талдықорған қалаларында ҰҚК мен ІІМ-нің 29 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс аяқталған. Оның ішінде 17 іс сотқа жіберілген.
Ал Жамбыл облысы бойынша қаңтар айында 29 блок-бекет жұмыс істеді. Оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блок-бекет қойылды. Осы күндері жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 3 мыңға жуық күдікті полицияға жеткізілгені туралы ақпарат берілді. Құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілген жедел операциялардың нәтижесінде ұсталғандардың 573-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 57-сіне қылмыстық іс қозғалғаны айтылды. Бүлікшілерді анықтау, құрықтауға прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік, полиция қызметкерлерінен құрылған жедел тергеу топтары жұмылдырылды.
Естеріңізде болса, өткен жылдың 2 қарашасында Президент қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған еді. Заң күшіне енгенде осы санаттағы 1,5 мың адам рақымшылыққа ілікті. Оның ішінде соттар 9 тұлғаға қатысты қылмыстық істі тоқтатып, 991 сотталушының жаза мерзімін қысқартты. Заң қолданысқа енген сәттен бері рақымшылық актісін қолдану арқылы 94 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оның ішінде Жамбыл облысынан амнистияға 135 адам ілікті. Атап айтқанда, 10 айыпталушы жазасын өтеуден босатылып, 5 азамат пробация есебінен шығарылады. Тағы 5 адамның ісі сот процесі кезінде тоқтатылса, қалған 115-інің жаза мерзімдері қысқарады. Олардың басым бөлігі – заңсыз митингіге шығып, ұрлық жасағандар.

Қолды болған қарулар қайда кетті?

Құзырлы органдар таратқан мәліметтерге сәйкес, республика көлемінде қаңтар оқиғасында құқық қорғау органдары ғимараттарына жасалған шабуылдар кезінде автоматтар, тапаншалар мен гранатометтарды қоса санағанда бас-аяғы 6 мыңға жуық табельдік қару ұрланған көрінеді. Бұл қатарда Жамбыл облысының полиция департаменті мен бірнеше бөлімінің қоймасынан қолды болған қару-жарақ пен оқ-дәрілер де бар. Қазіргі уақытта оларды қайтару бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Осының нәтижесінде өткен жылы ішінде тұрғындар тауып алған қару, оқ-дәрі, каска, дубинка мен қалқандар секілді арнайы киімдерді өз еріктерімен әкеліп өткізе бастады. Бұдан бөлек, облыстық барлық құқық қорғау органдары арнайы топтар құрып, жасырылған қаруларды іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Аталған шаралар аясында қараусыз қалған ғимараттар, арық-тоғандар, қаланың шеткі аймақтары, жайылымдар мен егіс алқаптары, өндірістік аумақтардан жасырылған талай қару табылды. Облыстық полиция департаментінің берген соңғы мәліметі бойынша, бүгінге дейін ұрланған 800-ден аса қарудың жартысынан көбі қайтарылған көрінеді.

Жарқын жүздері жадымызда

«Қасіретті қаңтар» кезіндегі қарулы қақтығыстар, өкінішке орай, адам шығынынсыз болмады. Еліміз бойынша 3 мыңнан астам адам түрлі дене жарақатын алды. 238 азамат жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмса, оның 19-ы күштік құрылымдар қызметкері. Әсіресе құрбандардың қаралы тізімінде 5 қаңтар күні анасымен бірге азық-түлік дүкеніне бара жатып оққа ұшқан 12 жасар Сұлтан Қылышбек пен көліктің ішінде келе жатып оқ тиіп мерт болған Айкөркем Мелдехан есімді қос періштенің болуы жүрекке батады.
Ал Жамбыл өңірінде жаппай тәртіпсіздік салдарынан 300-ге жуық адам медициналық мекемеге жүгініп, 200-ден аса құқық қорғау қызметкері түрлі дене жарақатын алған. 15 адам қайтыс болған. Оның ішінде құқық қорғау органдарының 3 қызметкері де бар.
Солардың бірі – сол бүлікте ерлікпен көз жұмған Тараз қаласы полиция басқармасы 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, марқұмның анасына ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етіліп, мемлекет тарапынан 5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ артында қалған жары мен бес ұл-қызына 3 бөлмелі пәтердің кілті тапсырылды.
Қанды бүлікте ерлікпен көз жұмған батырлардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бөлім бастығы, подполковник Дастан Әділбай да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, марқұмның ата-анасына ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілген еді. Бұл мақсатта ҰҚК департаменттің мәжіліс залында шара өтіп, оған Дастан Әділбайдың туған-туыстары мен әріптестері қатысқан болатын.
Әрине, қаскөйлер ұйымдастырған қырғын кезінде қаза тапқандардың қай-қайсысы болса да мәңгі жүрегімізде сақталары анық. Олардың жарқын жүздері әрдайым жадымызда.

Қаңтар құпиясы ашылмай қалмасын

Анығында, еліміз алапат террорлық агрессиядан аман қалды. Билікті басып алуға ұмтылғандар бейбіт халықтың обалына қалды. Халықтың табанды күресінің арқасында мемлекеттілігіміз сақталып қалды. Қанша адамның көз жасы қаныпезер қарақшыларды сұраусыз жібермес. Ерте ме, кеш пе, кінәлі топтар анықталады. Аттары аталады. Жазаға тартылады. Ал оған дейін оқиғаның қалай басталып, қалай өрбігенін, ұйымдастырушыларын анықтау, сіз бен бізге ашық айту – бүгінгі биліктің міндеті.
Рас, бұл жолда істеліп жатқан жұмыстар баршылық. Соның бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» атты үш томдық жинағы. Аталған жинақтың ІІ томында Мемлекет басшысының қаңтар оқиғасына қатысты халыққа арнаған мәлімдемелері мен үндеулері, сондай-ақ «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарына берген сұхбаты енгізілген.
Оқырмандар назарын аударған тағы бір туынды – экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты кітабы. Кітап «Қаңтарға дейін»; «Қаңтарда»; «Қаңтардан кейін» деп үш бөлімге бөлінген. «Өртке оранған резиденция», «Полиция ғимаратына шабуыл», «Қорғаусыз қалған әуежай» сынды тараулар басты оқиғалардың қайда өрбігенін байқатады.
Сонымен қатар Мәскеуде таныстырылған ресейлік журналист, халықаралық шолушы Леонид Млечин де «Қасіретті қаңтар» тақырыбына арналған кітап жазып шықты. 333 беттен тұратын кітапта қаңтарда болған оқиғалар рет-ретімен тізбектеліп, жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар автор қарапайым адамдардан сұхбат алып, эксклюзивті материалдар мен фактілерді алға тартады. Сындарлы сәтте Қазақстан билігінің дағдарысты еңсеріп, бетпе-бет келген қиындықтан мойымай өткенін жазады.
Бұдан бөлек, «Алматы» телеарнасы журналистік тергеу жанрында қаңтар оқиғасы туралы авторлық бес сериялы фильм түсірді. Фильмде эксклюзив сұхбаттар мен бұрын белгісіз болған деректер бар, ең бастысы, тәртіпсіздіктер мен жантүршігерлік бүлікке әкелген наразылықтың хронологиясы жасалған. Тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен куәгерлер әңгімесінен көрермен қайғылы қаңтардың басында не тұрғанын, қарақшылар әкімдікті, әуежайды және полиция департаментін қандай мақсатта басып алғысы келгенін біледі. Телеарна журналистері бүкіл елдегі хаостың кімге пайда әкелгенін және мемлекет қалай құтқарылғанын түсіну үшін сол оқиғаларға талдау жасайды.
Сол секілді «7 арнада» қаралы қаңтар жайлы деректі фильм жарық көрді. «Қаңтар, халық жүрегіндегі жара» атты деректі фильм авторлары жұмбағы әлі толық шешілмеген тағдырлы, тарихи кезең жайлы шындықты жеткізгендерін айтады.
Ал кеше Қаңтар оқиғасының бір жылдығына байланысты «Qazaqstan» телеарнасынан ұзақтығы 30 минуттық «Куәгер» деректі фильмі эфирге шықты. Фильмде қаңтар оқиғасын көзімен көрген, арасында болған куәгерлердің оқиғасы баяндалады. Деректі фильмдегі куәгерлер – сол уақытта зардап шеккен бейбіт тұрғындарға көмек көрсеткен түрлі маман иелері.
Бүгін аталған фильмнің екінші бөлімі – Қаңтар оқиғасына қатысты істі болып, рақымшылыққа іліккендер туралы «Кешірім» деректі фильмі эфирге шығады. Жобада амнистия аясында атқарылған жұмыстар кеңінен көрсетіледі. Бас прокуратура, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері, заңгерлер, рақымшылық берілген азаматтардың сұхбаты беріледі.

Талайғы тарихында басынан небір зұлматты өткерген халқымыз бұл оқиғадан да Туы жығылмаған, егемендігі өзгенің қолында кетпеген күйі шықты. Ең бастысы – бейбіт халықтың төгілген қанына, артында қалған жандардың көз жасына себеп болған бұл алапат сынақтан сабақ ала білу. Мұндай жағдайға енді жол бермеу. Шын айыптыларды анықтау, қасіретті қантөгістің салдарын емес, себебін жою.
Өткенге салауат айтып, бүгініне тәуба қылатын ұлттың ұрпақтары өзіне жасалған қиянатты ешқашан ұмытпайды. Маңызды-сы – Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып жатқан Жаңа, Әділетті Қазақстанда мұндай бассыздықтардың қайталанбауы.
Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз», – деді.
Сынаққа сынбай, сүрінбей, біріге түсудің арқасында бұл күндерді де еңсердік. Дүйім елге үлкен сабақ болды. Бейбіт күннің қадірін ұғындырды. Бастысы, сең қозғалды.
«Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?», – демеп пе еді ұлы Абай. Дара Абайдың дана сөзі жүдеген көңілге шуақ, жабырқаған жанға қуат.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.