Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдарда атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес

0 286

«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз». Алаш арысы Бейімбет Майлиннің осы бір тәмсілі арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, еш өзектілігін жойған жоқ. Әрине, сонау тоқырау жылдары «Алаштың алғашқы астанасы» атанған ауылдардың елең-алаң күй кешкені шындық. Әйтсе де, жылдар өте келе экономикамыз қарыштап, елді мекендердің де өркендеуіне серпін берілді. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бүгінгі таңда ауылдық округтердің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде ауылдардың әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы түзелуде.

Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында елді мекендерде орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» сияқты жобаларды жүзеге асыруға баса мән берілген. Бұл бағдарламалар еліміздің ғана емес, ауылдық жерлердің де экономикалық жағдайын арттыруға өз септігін тигізуде.

Алғалықтардың әлеуеті артуда

Шырайлы Шу өңірі – ілкімді істер мен баянды бастамалардың мекені. Қазақ хандығының туы тігілген өңір бүгінде дамудың даңғыл жолына бет түзеуде. Әсіресе Алға ауылдық округінде ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.
Құрамына Алға, Сауытбек, Жайсан ауылдары мен Шайымқұл, Қаракөл бөлімшелері кіретін округтегі халық саны 3 173 адамды құрайды. Ауыл бюджеті 2023 жылы 228 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өскен. Яғни 90 миллион теңгеден 228 миллион теңгеге артқан. Округ әкімі Бағдат Есбергеновтің айтуынша, алғалықтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді екен.
– Алға ауылы бойынша «Ауыз су-Шу» кәсіпорны қызмет көрсететін орталық ауыз суға 355 үйдің 340-ы қосылған, яғни 99,5 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ Сауытбек ауылының орталықтандырылған ауыз су жүйесінің толық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысаны биылға өтпелі. Мердігер – «Жаңарту» ЖШС, келісімшарт құны – 169,6 мың теңге. 2022 жылы жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталып, бөлінген қаражат игерілді. Ағымдағы жылы тамыз айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Ал Жайсан ауылының ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Қаражат қарастырылған жағдайда, құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылға көзделуде. Алғалықтар көгілдір отынның да қызығын көруде. Айталық, бүгінде Алға, Сауытбек, Жайсан ауылдарына толығымен газ тартылып, орталықтандырылған жүйеге тұрғындардың 74 пайызы қосылған. Бұл көрсеткіш күннен-күнге артуда. Әлеуметтік нысандардың ішінде Алға ауылындағы Амангелді орта мектебі мен Сауытбек ауылындағы Алға орта мектебінің қазандығы табиғи газға қосылған. Округте жол жөндеу жұмыстары да қарқын алуда. Мәселен, Алға ауылының негізгі көшелерінің 90 пайызы 2020 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында асфальтталған. Бұған қоса Жайсан ауылының көшелеріне 2022 жылы 90 пайызға асфальттау жұмыстары жүргізілсе, Сауытбек ауылында бұл көрсеткіш «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 100 пайызға жетті. Сонымен қатар елді мекендерді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін, аудандық электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің электр жүйесін жаңғырту бойынша 2022 жылы Сауытбек ауылында ескірген ағаш бағаналар темір бе- тонды бағанаға ауыстырылып, ӘЖ-10/0,4 кВт сымдары жаңартылды. Осы бағдарлама аясында Алға ауылындағы ағаш бағаналар да темірге ауыстырылып, әуе желілерін жаңғырту құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталып, бағаналар ау-ыстырылып, транс-форматорлар мен электр сымдарын толық іске қосып, халық игілігіне беру жоспарлануда, – дейді Бағдат Сабырұлы.
Округте халықтың баспанамен және жермен қамтамасыз етілуіне де көп көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Алға ауылдық округінен өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер теліміне өтініш жазып, кезекке тұрған азаматтар саны 585 адамды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін 2020 жылы Алға ауылының оңтүстік аумағынан 25 гектар жер телімі бөлініп, инфрақұрылым жүйелері тартылды. Сондай-ақ 2022 жылы 2014-2018 жылдар аралығында кезекте тұрған жеке азаматтарға жер беру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда Алға ауылынан 225 азаматқа жер телімдері беріліп, құжаттарын заңдастыруда. Алдағы уақытта жер кезегін азайту мақсатында Алға ауылының батыс жағынан 12,8 гектар жер телімі инфрақұрылым жүргізуге қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Ерекше атап өтерлігі, жалғызбасты Оразкүл Саурықова есімді кейуанаға асарлатып төрт бөлмелі заманауи үлгідегі үй салынып берілді. Бұл алғалықтардың жомарттықтан да кенде емесін әйгілейді.
Бүгінде округ аумағында 3 жалпы орта білім беретін оқу ордасы жұмыс істеуде. Оның ішінде Жайсан орта мектебі ешқандай нормаға сәйкес келмейтін әрі спорт залы, асхана, акт залы жоқ болғандықтан, 120 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өткен. Енді келер жылы бюджеттен қолдау тапса, құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар Алға ауылында мектепке дейінгі 50 орындық «Ақбөпе» балалар бақшасы бар.
Денсаулық сақтау саласына келсек, ауылдық округте қарасты Алға ауылында 2011 жылы пайдалануға берілген, 50 келушіге арналған 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория, Сауытбек ауылында 10 адамға арналған 1 фельдшерлік акушерлік пункт және Жайсан ауылында 1 медициналық пункт орналасқан. Аталған мекемелер тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде.
Ауылдық округте спортқа да айрықша назар аударылуда. Мәселен, Сауытбек ауылына 2020 жылы арнайы жабындысы бар кіші футбол мен стрит воркаут алаңы пайдалануға берілген. Сондай-ақ Жайсан ауылында 2023 жылы кіші футбол алаңы мен стрит воркаут нысандарын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса Алға ауылында 2018 жылы үлкен стадион салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар биыл «М-КАТ-ГРИИН ЖШС-нің» демеушілігімен ауыл тұрғындарының сұраныстарына сәйкес, құны 15 миллион теңгеге арнайы жабындысы бар кіші футбол алаңы бой көтеруде.
Тағы бір айта кетерлігі, Алға, Жайсан, Сауытбек ауылдарында 3 мешіт орналасқан және имамдары бекітілген. Барлық мешіттер бейнебақылаумен қамтамасыз етілген.
Ауылда асыраушы сала да алшаң басуда. Қазіргі таңда округ аумағында 92 шаруа қожалығы тіркеліп, барлығы егін және мал шаруашылығымен айналысады. 2023 жылы жалпы округте мүйізді ірі қара – 3 501, уақ мал –32 912, жылқы – 1 160, үй құстары 4 371 басты құраса, егілген өнім көлемінен арпа – 1 244, бидай – 1 300, жүгері – 50, көкөніс – 1 660, бақша 850 гектарға жеткен.
Ауылдағы үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану үшін демеушілер көмегімен Күйген каналынан ауылға дейін 9 шақырым канал қазылып, ауыл түгелдей ағын сумен қамтамасыз етілді. Округ бойынша мал дәрігерлердің уақытылы емдеу-профилактикалық жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде ауылда ешқандай жұқпалы аурулар және карантиндік шектеулер тіркелмеген.
Округ аумағындағы Алға және Сауытбек ауылдарында 2 кітапхана және Сауытбек ауылында 1 ауылдық клуб тұрғындарға қызмет көрсетеді. Онда-15 598 дана кітап қоры болса, оның 12 426 данасы мемлекетік тілде. Сауытбек ауылдық клуб ғимаратында «Е-GOV» өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да орнатылған.
Кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңеюде. Айталық, ауылдық округте 6 шағын азық-түлік дүкені, 3 құмблок цехы, 1 пластикалық терезе цехы жұмыс істейді. Аталған кәсіпкерлер 14 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуда. Бұдан басқа, 500 гектар аумақты алып жатқан 100 МВт күн электр станциясын «М-КАТ-ГРИИН» ЖШС орнатып, 30 азамат еңбек етуде.

Шаруасы шалқыған Шығанақ

Жамбыл облысының жартысына жуық аумағын алып жатқан Мойынқұм өңірін өркендету жолында қарышты қадамдар жасалуда. Соның бір мысалы ретінде шаруасы шалқыған Шығанақ ауылдық округін атап өтуге болады.
Шығанақ ауылдық округі 3 елді мекен-нен – Шығанақ, Байтал және Бурылбайтал ауылдарынан, 16 көшеден, 486 ауладан, 2 744 тұрғыннан тұрады. Округ бойынша 15 өзге ұлт өкілі тұрмыс кешуде.
Округ тұрғындарының негізгі кәсібі – балық аулау. Ағымдағы жылдың алты ай қорытындысына сай балық шаруашылығы бойынша 23,7 тонна әртүрлі сорттағы, суық ысталған, кептірілген, жаңа піскен балық, шаян, уылдырық, мұздатылған, филе, тартылған балық өндіріліп, үлкен қалалар мен шет мемлекеттерге де жөнелтілуде.
Округ аумағында балық өнімдерін қабылдайтын Бауыржан Ногойбаев, Айша Ниязова, Аманбай Ахметов, Оксана Хахалева сынды 4 жеке кәсіпкер бар. Балықты қабылдау пункті 50 тоннаға дейін тоңазытқыш үй-жайлармен, дайындау, кесу, кептіру үшін жабдықталған, сондай-ақ түрлері бойынша сұрыптауға арналған жәшіктермен жабдықталған. Олар бүгінде жалпы саны 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі – сұлулық салоны, дәріханалар, көтерме-бөлшек сауда дүкені, шағын маркет, азық-түлік дүкендері, киім, ойыншықтар, кеңсе тауарлары дүкендері, автокөлік бөлшектері, балық аулау керек-жарақтары, жиһаз, құрылыс материалдары және тұрмыстық техника сату дүкендері, жанармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету станциялары (СТО), кафе сияқты округ бойынша дамыған коммерциялық нысандарда жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың соңына дейін 30 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға кешенді жоспар берілген. Қаңтар-маусым айларының қорытындысымен 22 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмысқа 22 адамға жолдама берілсе, оның 5-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. 6 айдың қорытындысымен Шығанақ округіне жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке 2 миллион 104 мың теңге бөлініп, 8 отбасының 43 мүшесіне, оның ішінде 13 балаға 357 мың теңге көлемінде балалар тағамы және жуғыш заттарға арналған мемлекеттік әлеуметтік пакет тағайындалған. Ал 5 адамға өмірлік қиын жағдайына, яғни туберкулез, онкология аурулары бойынша мемлекеттік көмек тағайындалды. Бұған қоса мүгедектігі бар 9 адам қажетті арнайы гигиеналық құралдармен, 1 адам кресло-арбамен, 5 адам жеке көмекшімен (әлеуметтік қызметкер-мен), 1 адам санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі таңда аталған округ бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша округтің жағдайын жасау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жобаның шеңберінде 2022 жылы 182 тұрғын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген болса, Ұлттық жоба аясында 2023 жылдың 6 айында 84 азаматты жұмыспен қамтыдық.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Жалпы округ аумағында 51 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 бірлікке өскен. Олардың 46-сы жеке кәсіпкерлік және 2-і шаруа қожалығы.
Өздеріңіз білетіндей, «Батыс-Шығыс» көлік дәлізі Шығанақ ауылдық округінің үстімен өтеді. Осы жол толығымен іске қосылған кезде «Кәсіпкерлікті дамыту» жобасын жүзеге асыру мақсатында Шығанақ және Бурылбайтал елді мекендердің жанынан, жолдың екі жақ беткейінен заманауи сапалы түрде балық өнімдерін сататын сауда-базарлардың ашылуы жоспарлануда.
Сонымен қатар жыл басынан бөлшек сауда тауар айналымы 127 миллион 600 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға артық орындалды, – дейді округ әкімі Таңатар Сәбитов.
Округтің жалпы бюджеті 111 миллион 592 мың теңгені құраған. Жыл басынан осы кезеңге дейін ауылдық округте бюджеттің кіріс жоспары 5 миллион 750 мың теңге болса, нақты түсім 5 миллион 630 мың теңгеге жеткен. Осылайша жалпы бюджет шығындарының атқарылуы 97,9 пайызға қамтамасыз етілген.
Округ бойынша 2023 жылдың қаңтар-маусым айындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 412,9 млн теңгені құрайды. Оның ішінде «Шығыс кен басқармасы» ЖШС мен «Эврика барит» ЖШС-нен 33,1 мың тонна барит рудасы өндіріліп, бюджетке 30 миллион теңге түскен.
Қазіргі уақытта «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-де округ тұрғындарының 20 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіптік қызметі оң динамика көрсетіп, оның еншілес компаниясы «Үлкен Мұнай» қосымша мұнай өнімдері үшін арналған қоймасы ашылуда. Ал оның нәтижесінде компания қызметінің аясы кеңейіп, жаңа бос жұмыс орындарымен шамамен 50 адам жұмыспен қамтылмақ.
Шығанақ станциясы – «Мойынты-Бірлік» темір трансмагистралінің тораптық нүктелерінің бірі. Округ аумағы арқылы «Қазақстан Темір Жолы жолаушылар және жүк тасымалы» ұлттық компаниясы өз қызметін жүзеге асыруда. Соған орай жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 50 пайызының өмірі теміржол саласымен тығыз байланысты. Бұл компанияның қызметі адамдарға тауарларды жеткізу мен жөнелтуді, сапарларды жүзеге асыруға, пошта бөлімшесінің жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа жолаушыларға қажетті балық өнімдерін, сусындарды, гигиена құралдарын сатып, қосымша табыс табуға мүмкіндік беруде.
Округтегі мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артып отыр. Айталық, жыл басынан өндірілген ет көлемі 0,13 пайызға, сүт өнімі 0,2 пайызға артқан. Жалпы округте 413 бас мүйізді ірі қара, 2 743 бас қой-ешкі, 294 бас жылқы, 399 үй құсы бар.
Шығанақ округінде 2023 жылдың 6 айында «Асарлатып үй салу» жобасын іске асыру мақсатында жалғызбасты, көпбалалы, ананың жеке тұрғын үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта ішкі қабырғаларды сылау, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу процесі 85 пайызға аяқталды. Алайда отбасы қазірдің өзінде сырлау жұмыстары аяқталған бөлмелерге қоныстанып үлгерген.
Округте тіршілік нәрінен таршылық жоқ. Соның дәлелі – округ бойынша 3 ауылдық елді мекеннің 2-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Бурылбайтал ауылында ауыз су кондырғыларының ағымдағы жөндеуі толығымен іске асырылды. Бұдан бөлек, ауыз сумен қамтылмаған өзге елді мекендер облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес алдағы жылдары атқарылмақ. Атап айтқанда, Байтал ауылында ауыз сумен қамту жұмыстары 2025 жылға жоспарланып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылдың 6 айында Шығанақ ауылында 8 көшеге асфальт жабындысы төселуде. Жалпы сомасы 252 миллион 933 мың теңгені құрайтын құрылыс жұмысын «DAUREN BUILD» ЖШС жүргізуде.
Жалпы округте халыққа 2 денсаулық сақтау нысаны, 2 білім беру мекемесі, 2 мәдени ошақ қызмет көрсетуде. Сонымен қатар былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шығанақ ауылында жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Спорт кешені барлық заманауи стандарттар бойынша салынып, ауыл тұрғындарына спортпен шұғылдануға барынша қолайлы жағдай туғызуда. Бірінші қабатында ойын залы, киім ауыстыратын бөлмелер, персоналға арналған кабинеттер, душ және санитарлық тораптар орналасқан. Екінші қабатында әртүрлі ойын спорт түрлерімен айналысуға арналған әмбебап зал бар. Ойын залының биіктігі 6,3 метрге жетеді. Жалпы ауданы 1 257 шаршы метр болатын ғимаратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалып, тиісті спорттық құралдармен толық жабдықталған. Осының нәтижесінде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын, барлық жастағы тұрғындардың үлесі 27,3 пайыз немесе 623 адамды құрап отыр.
Ауыл тұрғындары тазалыққа да белсене атсалысуда. Айталық, ағымдағы жылдың 6 айы аралығында көктемгі екі айлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Көктемгі санитарлық тазарту жұмыстарының қорытындысы бойынша округте 52 дана тал-дарақ отырғызылып, 742 дана бағана әктеліп-сырланып, 12,4 тонна қоқыс өртеу әдісімен жойылды. Сондай-ақ «Жастар» саябағы мен көшелер тазаланды.
Ауылдық округте қылмыспен күрес те күшеюде. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында округ бойынша барлығы 6 қылмыс орын алған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6 қылмысқа немесе 37,5 пайызға кемігенін көрсетеді. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында қылмыс тіркелмеген, жол апаты бойынша 3 дерек тіркеліп, ашылуы 100 пайызды, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша 3 қылмыс тіркеліп, ашылуы 100 пайызды құрады.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.