Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдар көркеймей, аймақ дамымайды

0 655

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», – деген болатын. Сондай-ақ ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына қол қойып, Үкіметке сол бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырған еді. Бұл бағытта Жамбыл облысында жан жадырататын жарқын жұмыстар қолға алынуда.

Сөзімізге дәлел ретінде Талас ауданы Ойық ауылындағы атқарылып жатқан шаруаларды тілге тиек етсек болады. Аудан орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым жерде, Талас өзенінің аңғарындағы шөлді белдемде орналасқан елді мекеннің құрамына Тұрымқұл, Сейілбек ауылдары кіреді. Жалпы округ бойынша аула саны 432 болса, оның ішінде Ойықта – 345, Сейілбекте – 49, Тұрымқұлда – 38, жалпы халық саны 2 866 адамды құрайды.
Бүгінде мемлекеттік бағдар-ламалар аясында елді мекеннің дамуына айрықша назар аударылуда. Бұдан бірер жыл бұрын ауылдықтар «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының арқасында өздері көптен күткен таза ауыз суға қол жеткізіп, бір жырғап қалған. Бүгінде Ойық- та – 304, Сейілбекте – 44, Тұрымқұлда – 36 аула көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Осылайша олардың үйлеріне газбен қоса, ауыз суды да кіргізіп алып, қолдарын жылы суға малып отырған жайы бар. Мойынқұмның сексеуілі және қымбат бағада саудаланатын көмірден құтыл-ғандарына ауылдағы ағайын дән риза. Жалпы газ құбырын үйме-үй кіргізіп беру жұмысымен аудандық газ тарату мекемесінің жұмысшылары айналысқан екен. Бұл іске керекті материалдарды да өздері тауыпты. Тұрғындар 25 метр газ құбырын жүргізу мен өзге де жұмыстарға 132 мың теңгені қалтасынан төлеген.

– Іргеміздегі «Амангелді» газ кенішінің игілігін біз де көре бастадық. Таза ауыз су да, көгілдір отын да тікелей үйімізге келіп тұр. Ел басшыларына бұл үшін алғысымыз шексіз, –дейді ойықтықтар ризашылықтарын білдіріп.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру, экономикалық өсу орталықтарында халықтың және капиталдың шоғырлануын ынталандыру арқылы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау мақсатын көздейтіні белгілі. Оның ішінде желілерді жаңғырту, жылумен, электр қуатымен, газбен, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау да бар. Оның игілігін округ тұрғындары да көруде. Айталық, 2018 жылы ауылдағы ағайынның қалтасына қарай тұрғындарға қарыз сомасын ай сайын аздаған көлемде төлем жасау жолымен біртіндеп өтеуіне мүмкіндік берілген. Бұл мұндағы жұртшылыққа әжептәуір көмек болды. Ал жекелеген тұрғындар газ пештерін, жылу құбырларын ғана өз қаражаттарына сатып алды. Қалған жұмыстар мердігерлік ұйымдар есебінен жүзеге асырылған болатын. Осылайша ойықтықтарға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау мен көмектің шарапаты тиді. Газ бүгінде Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарына да толықтай жеткізілген. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында сол жылы ауылды абаттандыру, көріктендіру-көгеріштендіру жұмыстары да кең ауқымда жүзеге асырылды. Орталықтағы С.Шәкіров атындағы көшенің бойына 2 мың түп қарағаш көшеті отырғызылыпты. Сондай-ақ Бөлтірік шешен кесенесінің төңірегі абаттандырылып, сырты қоршалып, кесене алдына жаңа тақтатастар төселген. Бұдан бөлек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қарастырылған «Туған жер» жобасы аясында Д.Қонаев атындағы мектептің әр жылдардағы түлектері орталықтағы «Жеңіс» саябағының кіреберіс бас қақпасын орнатып беріпті. Саябақ іші де ретке келтіріліп, бірқатар кіші ескерткіш нысандары жаңғыртылған екен.
Ауылда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған «Ақнұр» балабақшасы жəне де соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған дəрігерлік амбулатория халықтың игілігі үшін мүлтіксіз қызмет атқарып тұр. Аталған амбулатория базасынан жедел жәрдем бригадасы ашылып, жұмыс істей бастағаны тұрғындарды зор қуанышқа кенелтті. Шын мәнінде ауылдықтар бұған дейін аудан орталығы – Қаратау қаласындағы заманауи медициналық әлеуетке ие орталық ауруханаға барып тексерілу үшін едәуір уақыт жұмсайтын әрі жол да қашық еді. Осы істі оңтайландыру мақсатында ашылған жаңа құрылым қызметінің де жұрт игілігін көріп отыр. Аталған бригаданың штаттық кестесінде 15 бірлік қарастырылған. Бұл бригада аудан орталығынан 100 шақырымдай қашықтықтағы аумақта орналасқан Ойық, Бөлтірік шешен және Көшек батыр елді мекендерінің тұрғындарына күн, түн деместен алғашқы медициналық көмек түрлерін ұсынумен келеді. Бригадаға бекітіліп берілген заманауи медициналық құрылғылармен арнайы жарақтандырылған медициналық жедел жәрдем көлігі шақырту түсісімен-ақ жолға шығады. Шұғыл мамандандырылған медициналық көмек қажет болған жағдайда ауылдық амбулаторияға жеткізілген науқас дайын тұрған екінші бір көлікпен дереу аудан орталығына жөнелтіледі.
Сонымен қатар «Жомарт түлек» жобасы да ауылды ажарландыруға айтарлықтай үлес қосуда. Айталық, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай туған жерге ту тігуді мақсат еткен Тұрымқұл ауылының түлектері өз қаражаттарына ауылдан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнап «Мәңгілік алау» ескерткіші, балалар ойын алаңы, «Ойық баба» мешіті және субұрқақ сияқты бірнеше нысан салып, ел игілігіне берген болатын. Атымтай жомарт азамат Мақұлбек Мырзақұлов демеушілік жасаған жалпы құны 80 миллион теңге қаржы жұмсалған мешіт бір жарым жылда бой көтерген екен. Ал ауылдан шыққан соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған «Мәңгілік алау» ескерткішін «Аралбек» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Аралбеков өз қаражаты есебінен салып берген болатын. Нысанның құрылысына 5,5 миллион теңге жұмсалған. Ал, «Нұртас» шаруа қожалығының төрағасы Нұрдәулет Сәрсен 3,5 миллион теңгеге балалар ойын алаңын орнатса, «Бастаубай» шаруа қожалығының төрағасы Ғалым Бастаубаев субұрқақтың құрылысына өз есебінен 2,5 миллион теңге бөліп, ел игілігіне берген. Туған жерге деген перзенттік парызын сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеп жүрген азаматтар ауылды көркейту шаралары мұнымен шектелмейтінін, алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып отыр. Бұл ретте ауылдан осындай нысандардың салынғанына жергілікті тұрғындар дән риза. Ал ағымдағы жылы «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл толған түлектер «Жеңіс» саябағына 100 түп туя талдарын отырғызған болатын.
Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылдағы 16 көшеге, оның ішінде Сейілбек ауылының 2, Тұрымқұл ауылының 2 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетіпті. Аталған бағдарлама аясында Ойық ауылының орталығына спорт кешені де салынбақ. Демеушілердің көмегімен «Амангелді газ» тарапынан жасыл белдеу қоршалып, су құбыры (скважина) қазылып, «Жеңіс» саябағына баскетбол, футбол алаңшалары, стрит воркаут (Street Workout), брусчатка, жарық шамдар, саябаққа келушілерге арналған орындықтар салу жоспарлануда. Бүгінде Сейілбек ауылындағы шағын футбол алаңына жасанды төсеніш төселіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал ауданның Бөлтірік шешен және Көшек батыр ауылдары құмды өңірде, өңір орталығынан шалғай орналасқан Кеңес ауылдық округіне қарайды. Кешегі Одақ кезінде «Кеңес» аталатын совхоздың аты ғана қалып, заты жоғалғанымен ел еңсесін түсірген жоқ. Жері жомарт, елі бай өлкеде бұл күнде 1 741 адам тұрады. Олар 33 524 гектар жердің игілігін көріп отыр. Қос ауылдың тұрғындары негізі мал шаруашылығымен айналысады. 1 761 мүйізді ірі қара, 1 200 жылқы, 22 262 уақ мал және 174 түйе – шаруа баққан елдің берекесі, байлығы. Шаруаларын дөңгеленткен 27 шаруа қожалығы өрісті төрт түлікке толтырып, бүгінде олардың саны күн санап көбейіп келеді.
От ауызды, орақ тілді Бөлтірік шешен мен қол бастаған Көшек батырдың есімін иеленген екі ауылдың берекесі жарасқан. Бір кездегі тоқырау жылдарындағы көші-қон процесі бұл елді мекендерді де айналып өткен жоқ. Сол кездегі кеңшар тараған соң, екі қолға бір күрек табылмай тұрғындардың алды Таразға, басқа да ірі қалаларға қоныс аудара бастады. Дейтұрғанмен елдегі атымтай азаматтардың арқасында ауыл адам танымастай өзгеріп, қайта жаңғырды. Осыдан 20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазіргі ауылдың кескін-келбеті, бет-бейнесі көп өзгерген. «Тараз-Ақкөл-Ұланбел» бағытындағы тақтайдай тегіс жолмен жеңіл көлікпен Бөлтірік шешен ауылына әне-міне дегенше жетіп барасыз. Баяғыда осы жол апаттық жағдайда деп танылғаны да есімізде. Қазір бұл жолға асфальт төселген, тақтайдай теп-тегіс. Сондай-ақ 2018 жылы 3 миллион теңгеге ауыл әкімдігі ғимараты жаңадан салынған екен.
2009 жылы Бөлтірік шешен, 2011 жылы Көшек батыр ауылдарында жаңа типтегі мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Білім алуға барынша жағдай жасалғандықтан, мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден аудан бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Екі ауылда да мектепке дейінгі білім мекемесі мен медициналық пункт бар. Клуб пен кітапхана да ауыл тұрғындарының игілігіне айналуда. 2019 жылы кеңестіктердің қолдауымен ауыл әкімі болып жергілікті азамат 1990 жылы туған Еркебұлан Серікұлы сайланған екен.
– Қазір біздің екі ауыл тұрғындарының бірлігі бекем, ынтымағы зор. Қандай да бір ортақ іске келгенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасып кетеді. Мәселен, Көшек батыр кесенесіне баратын жолға Талас өзенінің үстінен көпір салуға ауыл азаматтары белсене атсалысты. Жалпы Кеңес ауылдық округінде 211 отбасы қоныстанған. Округ тұрғындары үшін 2 мектеп, 1 балабақша, 1 шағын орталық, 2 медициналық пункт, 2 кітапхана, 1 клуб, 1 ветеринарлық пункт, 1 пошта, 2 ауыз су тарату торабы қызмет көрсетеді. Мекемелерде жоғары жиілікті талшықты оптикалық интернетпен және ұялы байланыс операторларының 4G интернетімен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су мен табиғи газ көзіне қосылған. Әкімдер Мемлекет басшысының саясатын жергілікті жерде жүзеге асыратын саяси қызметкер болғандықтан, біздерге жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Сондықтан да абыроймен еңбек етуге тиіспіз, – дейді ауыл әкімі.
Елімізде аймақтарды көгалдандыру, орман алқабын құру мақсатында 1997 жылдан бері қолға алынып келе жатқан «Жасыл белдеу» бағдарламасы бар екені бәрімізге белгілі. Аталған жоба аясында ауылда 5 гектар жер жасыл желек жамылып тұр. Бүгінде қос елді мекендегі шағын футбол алаңдары қайта жаңартудан өтіп, балалар мен ауыл жастарының жиі баратын ортасына айналған. Жалпы ауданда әр елді мекеннен 1 көшеден жөндеу мақсатында аудандық бюджеттен 445 812,0 мың теңге бөлінген болатын. Осыған сәйкес ауылішілік 1 көшеге асфальт төселген. Сонымен қатар С.Шәкіров көшесіне көше жарығы орнатылып, самаладай жақыраған шырақтар тұрғындардың түнде жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызуда. Сондай-ақ мұнда демеушілер есебінен 2 балалар алаңы, 1 баскетбол алаңы, 1 стрит воркаут алаңшасы жасалып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ «Жомарт түлек» жобасы аясында 50 миллион теңге қаражатқа мектеп аулаларын абаттандыру, су жүйесін орнату, стелла, көкпар ойынына арналған шартақ құрылыстары жасалған. Кейбір елді мекендерге жолыңыз түссе, ит, мысық, тіпті ұсақ, ірі малдардың өлексесіне көзіміз түсетіні жасырын емес. Елімізде «Ветеринария» туралы Заңның 10-1 бабының 15-тармағында «Жергілікті атқарушы органдар ветеринариялық пункттерді қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етеді» деп көрсетілген болатын. Бұл бағытта Кеңес ауылы кенже қалып тұрған жоқ. Қазір мұнда мал өлекселерін тастайтын заманауи биотермиялық шұңқыр орнатылған.
Жалпы 2021 жылы Талас ауданында «Жомарт түлек» және «Туған жер» жобалары аясында 579,7 миллион теңгеге 29 жоба жүзеге асқан. Бұл игі жобадан кеңестік азаматтар да сырт қалмапты. Айталық аталған ауылдық округтің тұрғыны Н.Қосыбаев футбол алаңының қоршауын 2 миллион теңгеге тұрғызып берсе, 2,5 миллион теңге С.Бекбаев Бөлтірік шешен ауылына көкпар төбесіне шартақ орнатып беріпті. Ал Жамбыл орта мектебінің түлегі Б.Қасым стрит воркаут алаңшасын ел игілігіне ұсынған. Сонымен қатар жеке кәсіпкер В.Васильев 2 миллион теңге қаражатқа Бөлтірік шешен ауылының кіреберісіне стелла соғып беріпті. Бір сөзбен айтқанда мұның бәрі елдің бірлігін көрсетеді. Бүгінгі таңда ауылдардың қоғамдық инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Qazaqgaz барлау және өндіру» ЖШС қаржыландырған. Облыстың аудандық әкімдіктері «Даму әлемі» қоғамдық қорымен бірлесіп, отандық компаниялардан ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға, ойын және спорт алаңдарын салуға көмек сұраған болатын. Осыған орай жоғарыда біз атап өткен Ойық, Кеңес, Бөлтірік шешен және Сейілбек елді мекендерінде «Жамбыл облысы ауылдарының бір бөлігінің инфрақұрылымын кешенді дамыту» жобасы бойынша барлық жұмыстарды демеушілер осы жылдың мамыр айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Мұндай игі жұмыстар облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан жер көлемі аймақтың 42 пайыз көлемін алып жатқан, аумағына Бельгия, Израиль, Ливан секілді бірнеше мемлекет сыйып кететін Мойынқұм ауданында да өз жалғасын табуда. Біздің тілге тиек еткелі тұрғанымыз аталған аудан орталығынан батысқа қарай 175 шақырым жерде, Шу өзенінің төменгі сол жағалаулық аңғарындағы жусан, бұйырғын, қамыс, құрақ өскен сортаңды сұр топырақты шөлді белдемнің аллювийлі жазығында орналасқан, іргесі сонау 1951 жылы қаланған Ұланбел ауылы болмақ. Бүгінде округте жалпы халық саны 985 адам, ауылдық округтегі жалпы үй саны – 207. Ауылдың негізгі шаруашылық бағыты – ауылшаруашылығы саласы. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 564 750 гектар, оның ішінде 305 893,5 гектары жайылымдық, 17 725 гектары шабындық жерлер. Жесең тамақ, ішсең сүт ата кәсіп – малмен де ауылдықтар белсене айналысуда. Ауылдық округ бойынша есепте 2 571 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 2 305 бас сиыр, 8 774 бас ұсақ мал, 389 бас жылқы, 625 бас үй құстары тіркелген. Тиісті ветеринариялық емдеу шаралары уақтылы жүргізіліп тұрады. Қазіргі кезде ауылда мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар саны артып келеді. Мұнда мал бордақылауға арналған «Мақсат», «Нұрсұлтан», «Молшылық» «Алексей», «Нұр» шаруа қожалықтарында арнайы алаңдар орнатылған. Жайылымдық, шабындық жерлерді тиімді игеруге байланысты жүргізіліп жатқан зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өз мақсатында игерілмей жатқан жерлер жоқ. Бүгінде елді мекенде ауылшаруашылық техникалары да жеткілікті. Айталық, ауылда 12 трактор, 3 комбайн, 10 жүк көлігі, 4 соқа, 5 тырма бар. 2021 жылы «Нұр» және «Молшылық», «Кенжебек» шаруа қожалықтары «Тараз-Вираж» АҚ-нан 35 миллион тенгеге 3 дана «Беларус» тракторы мен қосалқы құралдарын сатып алған.
Ауылдық округте барлығы 15 ауылшаруашылық құрылымы тіркелген. Тұрақты жұмыс істейтін ұжымдар саны да – 15. Қазіргі күні Ұланбел ауылдық округінде 2 асхана мен 12 дүкен халық қажеті үшін жұмыс істеуде. Ауылдағы ағайынның берекесі де бекем. Округ әкімдігі ауыл ардагерлер кеңесімен, жастармен тұрақты байланыс орнатқан. Ауылдағы білім ошағының жағдайы да жақсы. Өткен жылы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Ұланбел ауылдық округіне арнайы ат басын бұрып, М.Әуезов атындағы орта мектептің тынысымен танысқан болатын. 1966 жылы пайдалануға берілген білім ордасының тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет еткендіктен жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бүгінде оқу ордасы күрделі жөндеуден өтіп, оқушыларға жайлы орта жасалған. Аталған орта мектепте жалпы саны 164 оқушы білім алуда. Оларға 38 мұғалім дәріс береді. Мектепте 20 компьютер, 1 ағылшын тілі, 1 мультимедия кабинеті, 4 интерактивті тақта орнатылған. Биология, химия, физика пәндерінің кабинеттері қажетті сапалы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ауылдағы «Балдырған» балабақшасы да жанға жайлы. Онда 45 бүлдіршін тәрбиеленуде. Олар үшін 23 қызметкер жұмыс істеуде. Ауылға әлі газ тартылмағандықтан әлеуметтік нысандарға жылыту маусымы басталған сәтте жоспарға сәйкес 45 тонна тас көмір түсіріліп берілген екен. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның сапасына ауылдықтар да дән риза. Мұнда 1 дәрігер, 3 аумақтық медбике, 1 акушер, 1 тазалықшы, 1 от жағушы, 1 көлік жүргізуші еңбек етуде. Өткен жылы ауылда 15 бала дүниеге келіпті. Жүкті әйелдерге, 1-5 жасқа дейінгі балаларға және жаңа туған балаларға тегін дәрі-дәрмек беріледі. Ана мен бала өлімі тіркелмеген. Ауылдағы саяси-әлеуметтік ахуал да қалыпты. Мұндағы отбасылық, ауылішілік өрескел кикілжіңдер ауыл ақсақалдарымен өнегелі аналар отырысында тұрақты қаралып отырады. Билер кеңесінің жұмысыда белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар ауылдағы кітапхана, ауылдық әкімдік ғимараты, учаскелік полиция пункті жаңаша кейіпке енген.
Ауылдық округтегі ағайындар ауыз судың да азабынан арылған. Елді мекеннен 22 шақырым қашықтықа орналасқан су станциясында қазіргі таңда 4 адам жұмыс істеуде. Ауылға тоқтаусыз, яғни 24 сағат бойы су беріліп отыр. Көктемгі, күзгі көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлықтары да белгіленген жоспар бойынша өткізілуде. Ауыл әкімі Еркебұлан Абасовтың айуынша көктемгі көріктендіру және санитарлық тазалық екі айлығы және жаз кезіңде қоғамдық жұмысшылардың күшімен ауылішілік көшелер, қоғамдық жерлер ауылдағы барлық көшелер күл-қоқыстан тазартылып, құм төселген.
– Өткен жылы сәуір-тамыз айларында әкімдік, мектеп, учаскелік полиция пункті, клуб, кітапхана ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтыр ауылдық округі әкімдігіне бөлінген 44 миллион 235 мың теңге әкімдік аппаратының қызметін ұйымдастыру үшін тиісті заң талаптары аясында толық игерілді. Сондай-ақ 35 миллион теңге бөлініп, 4 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылымыздағы шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер, өзге де ілкімді азаматтар елді мекенде өткізілетін әр түрлі қайырымдылық шараларға үнемі белсене қатысады. Биылғы жылы да осы қайырымды жоба жалғасын тауып, тағы бір отбасын тұрғын үймен қамту жоспарлануда, – дейді ауыл әкімі.
Ағымдағы жылдың наурыз айында «Амангелді газ» ЖШС демеушілігімен ауылдағы балалар ойнайтын, воркаут және баскетбол алаңдарының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, демеушілердің қаржысына осы ауылды суармалы сумен қамтамасыз ететін екі ұңғыма тазартылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауыл жастарының ұйымшылдығының арқасында «Ұланбел жастары» ауылдық қоры жұмыс істеуде. Аталған қор ауылдың мешітін жөндеуге атсалысып жатыр екен. Ауылдағы тазалық жұмыстарына да тұрғындар мен мекеме қызметкерлері өз үлестерін қосуда. Жалпы Ұланбел ауылында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осылайша шалғайдағы елді мекен тұрғындары Отанымыздың кемел келешегі үшін тынымсыз еңбек етуде.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.