Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауыл кәсіпкерлеріне айрықша қолдау көрсетіледі

0 139

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі пилоттық жобаның Тұрар Рысқұлов ауданындағы орындалу барысы қаралды.

Пилоттық округтердің қатарына аталған аудандағы Құмарық ауылдық округі де енген болатын.

Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов баяндама жасап, жоба аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, Құмарық ауылдық округінің 230 тұрғынына жалпы көлемі 797,2 млн. теңгені құрайтын 2,5 пайыздық несие берілген.

Жобаның бірінші бағыты бойынша 598 аула қамтылып, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану көрсеткіші 95 пайызға артқан. Ал, екінші бағыты бойынша, тұрғындар барлығы 7 244 бас мал сатып алған.

Сондай-ақ, елді мекен сыртындағы 1053 га жер тиімді игеріліп, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 89,9 млн. теңгеге 17 дана түрлі техника сатып алынған.

Аталған округтегі жұмыссыздар саны 29 адамға кеміп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 32 отбасыға азайған. Қатысушылардың орташа айлық табысы 34 мың теңгеден 84,5 мың теңгеге, немесе 2,5 есеге артқан.

Алайда, облыс әкімі бұл көрсеткіштердің барлығы алғашқы жылы қалыптасқан нәтиежелер екенін айтып, одан кейінгі атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша талдау жүргізілмегенін сынға алды.

– Бұл көрсеткіштер бірінші жылы атқарылған жұмыстардың ғана қорытындысы. Сол мәліметтерді қайталап отырсыздар. Одан кейінгі жылдары ешқандай жұмыс атқарылған жоқ па? Атқарылған жұмыс болса, оның талдауын неге ұсынбайсыздар?-деді Н.Нұржігітов.

Аймақ басшысы ауданда жоба шеңберінде тиімді шартпен берілген несиенің қайтарылым қаражаты бойынша зерделеу жүргізілмегеніне де назар аударды. Ауыл әкімі мен құрылған кооператив арасында өзара тығыз байланыстың, бірлескен жұмыстың жоқтығы да айтылды.

– Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге айрықша басымдық беріп отыр. Аталған жоба осы тұрғыдағы маңызды тетік деуге болады. Біз ауылдықтардың табысын жақсартуға негізделген жобаның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Салалық басқарма мен аудан әкімдіктері жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра білу керек, – дей келе Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жоба аясында жұмысты күшейтуді, оның нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізіп отыруды тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.