Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 мыңға жуық жамбылдық өз кәсібін бастады

0 1  050

Мемлекет басшысының қолдауымен әзірленіп, 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық негізде басталған «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Жоба басталғалы 18,3 млрд. теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық  адам өз кәсіптерін ашты. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.

ҚР Президентінің тапсырмасымен облыста табысты жүзеге асқан жоба қазіргі таңда ел көлемінде таралып, қолға алынуда.

– Жоба басталғалы облыстағы 24 ауылға 18,3 млрд. теңге бөлінсе, осы жылы қосымша тағы 24 млрд. теңге қаралды. Осылайша 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындары ашылады.

Нәтижесінде, осы жобамен қамтылған ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 135 мыңға артатын болады.

Біз алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 млрд. теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз,-деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімінің айтуынша, осы жоба іске асқан елді мекендердердегі әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешу қолға алынуда. Атап айтсақ, аталған 24 ауылдық округтің инфрақұрылымына 9,5 млрд. теңгеге 183 жоба іске асырылуда. Ал, 2025 жылға қарай жобамен қамтылған елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен, қызметтермен қамтамасыз ету деңгейін 92,2 пайызға жеткізуді көзделуде.

 Жалпы, 2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен қамтылған 24 ауылдық округтегі 58 ауылда осы жылдары 34,2 млрд. теңгеге 240 жоба іске асырылған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыста жайылым жер мәселесі  2021 жылдан бері қолға алынып, 5 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.

– Облыста жалпы, 683,6 мың гектар жетіспейтін жайылым жерлер анықталған болатын. Мәселен, босалқы жер қорындағы және қайтарылған жайылымды елді мекендерге бекіту арқылы 363 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайттық, елді мекеннен 5 шақырымдық радиуста орналасқан 49,2 мың гектар жайылым жер елді мекендерге бекітілді, орман қорының 1 млн. 80 мың гектар жеріне мал басы көп тұрғындардың 245 мың мал басы шығарылды.

Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға 510 мың гектарға меморандум жасалып, игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Нәтижесінде, жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі 683,6 мың гектардан 164 мың гектарға қысқарды.-деді Н. Нұржігітов.

Биыл жоспарға сәйкес 200 мың гектар игерілмеген, заңсыз берілген жайылым жерлерді қайтару және 69,3 мың гектарды елді мекендерге жайылым жер ретінде қосу міндеті тұр.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.