Өскелең ұрпақтың әлеуметтiк жағдайын арттырып, елiне лайықты азамат етiп қалыптастыру – басты міндет. Балалардың танымын кеңейтіп, өрісін өсіру мақсатында құрылған аула клубтары – әсіресе, әл-ауқаты төмен отбасылардың балалары үшiн үлкен көмек.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ел ертеңінің еңсесін биіктетіп, балдырғандарының болашағын дұрыс бағыттап, қолөнерге баулып, ісмерлікті үйретіп, жеткіншекті шыңдап, тәлім-тәрбиесіне атсалысу мақсатында 13-ші мөлтек ауданда қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бәйтерек» аула клубы ашылды. Аула клубының ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов лента қию рәсімін жасады.
– Жастар ресурстық орталығына қарасты 6 аула клубы қызмет атқарады. Бүгінде 400-ге жуық жас жеткіншек аула клубтарына келіп, уақыттарын тиімді пайдаланып жүр. Клубта сан түрлі үйірмеде ұл-қыздардың өнерін шыңдау және балалардың күндерін бос өткізбеу үшін түрлі үлгідегі қызметтер көрсетіледі. Мәселен, қыздар құрақ құрап, кесте тіксе, ұлдар жағы да өздеріне қажетті қасиеттерді үйренеді деп сенемін, – деді Алмас Қадырбекұлы.
Аула клубтарының тағы бiр ерекшелiгi – балалар тұрғылықты жерiнен алысқа бармайды. Өз шаңырағына жақын тұста, бірге өскен дос-жаран, көрші ұл-қыздарымен бірігіп, қоғамның бiр бөлшегiндей болып жұмылып, әрнені істегені ұстазына, үйренгені балалардың өзiне жақсы екені анық.
Арман Асхатұлы әпкесі Алуа екеуі аула клубының ашылғанына қатты қуанып жүр. Оның себебі де жоқ емес. Енді ол өзіне ұнамды хобби тауып қана қоймай, сонымен қатар сурет өнерін үйренгісі келетінін жасырмады. Ал Алуа құрақ құрауды үйренуді көздепті.
– Үйге жақын жер болғандықтан, күнделікті келіп іс үйренетінімізге қуаныштымыз. Қазір мен достарыммен шахмат пен дойбы ойнадым. Алдағы уақытта сурет салуды үйреніп алсам деймін. Аула клубы біз үшін ең қажетті орталық деп ойлаймын. Себебі таңнан кешке дейін ойнап қана қоймай, бір пайдалы іс атқарғанға не жетсін?! – деді Арман.