Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Т.Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт халық игілігіне берілді.
Жаңа әлеуметтік нысанда дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, егу, таңу бөлмелері бар, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған кабинеттер де қарастырылған.
Айта кетейік, нысанның құрылысы Президенттің халықтың өмір сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүргізілді.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Жаңатұрмыс ауылында спорт кешені ашылды. Нысанның құрылысын «Нұр Тұрсын» ЖШС «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізді. Жоба құны 331 млн теңгені құрайды.
Ауыл ақсақалдары кешеннің лентасын салтанатты түрде қиған соң көпшілік ғимарат ішін аралап, жас спортшылардың өнерін тамашалады.
Жалпы, Т.Рысқұлов ауданында барлығы 199 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Аудан халқының 41 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Сонымен қатар осы күні Құлан ауылында жаңадан салынған 4 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта кетер жайт, 2023 жылы Т. Рысқұлов ауданында 100 отбасы баспаналы болса, 2024 жылы 140 жанұя қоныстойын тойлады.
Мерекеге орай Сарысу ауданының Жаңатас қаласында да 80 және 40 пәтерлі екі тұрғын үй қайта жаңғыртылып, ел игілігіне тапсырылды. Салтанатты шараға Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов қатысып, тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады.
– Біз тұрғындардың қуанышына әрдайым ортақпыз. Бүгінгі жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ дарысын! – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, баспанаға әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ие болды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ