Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 488

101 жастағы соғыс ардагері дауыс берді

Сарысу ауданының №369 сайлау учаскесінде ҰОС ардагері, ғасыр куәгері Кемелбек Шаменов өз таңдауын жасады.
Кемелбек Шаменов 1921 жылдың 15 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
1941 жылы Сырдария облысы, Сырдария ауданынан соғысқа аттанған. 1942 жылы майдан даласында ауыр жарақат алып, елге оралды.
Соғыстан кейін «Алексей нан» зауытында жүк тасушы, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде жұмысшы болып істеп, 1977 жылы зейнетке шыққан. Бүгінде 1 ұл, 3 қызынан 20 немере-шөбере сүйіп отыр.
Қария Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, «Маршал Г.Жуков» және басқа да мерекелік медальдермен марапатталған.
«Барша халыққа бейбітшілік, амандық, гүлдену және ашық аспан тілеймін. Жастар еліміздің тірегі болсын. Кейінгі ұрпақ ешқашан соғыс көрмесін. Олар өз таңдау- ларын жасап, елімізді өркендете берсін!», – деді соғыс ардагері референдумда.

Жаңа балабақша есігін айқара ашты

Қордай ауданы, Степной ауылында «Рауан-Қордай» балабақшасының заман талабына сай салынған жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай қатысып, көпшілікті қуаныштарымен құттықтады.

Көпбалалы отбасы баспаналы болды

Қонаев ауылында қуанышты жағдай орын алды. Осы ауылдың тұрғыны Кенжекүл Тохтахунова ата-анасынан айырылған 4 немересін тәрбиелеп отырған кейуана еді. Олардың баспаналы болу арманы болатын.
Ауыл азаматтары мен аудан тұрғындары, Бөлтірік ауылындағы ағайындар ақша жинап, ауыл ішінен көгілдір отынға қосылған, ыстық суы бар үйдің кілтін табыс етті.
Қоныс тойға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Батиханұлы қатысып, әже мен оның балаларын қуаныштарымен құттықтады. Ауылдық аксақалдар кеңесінің төрағасы Болат Қайранов та сөз алып, символикалық кілтті көпшіліктің көзінше табыстады. Үйлі болған Кенжекүл Тохтахунова қайырымды жандарға алғысын айтып, ризашылық сезімін жеткізді.

Жуалы жастарының жұмысы жүйелі

Кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші – жастар. Осы ретте жастардың басын бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына септігін тигізіп жүрген аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысы ерек.
Бүгінгі күні аудан тұрғындарының саны – 53 080 адам болса, оның ішінде жастар саны – 13 924.
Жуалы ауданының жастары белсенді. Қандай да болсын жақсы істердің жаршысы болып жүреді. Аудан жастарын бір шаңырақтың астына ұйытып отырған орталықтың бастамасымен өткен жылы 1281 іс-шара өткізіліп, онда ауданның 25 620 жас азаматы қамтылған. Сондай-ақ орталыққа 3150-ге жуық жас әртүрлі мәселелер бойынша кеңес сұрап келіп, өздеріне қажетті ақпаратты алған. Оның ішінде жұмыссыздық мәселесімен – 1680 жас, мемлекеттік бағдарламалар туралы – 215 жас және басқа да салалар бойынша 1255 жас кеңес алған.
Аудан көлемінде жастарға арналған бағдарламалар да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Айта кететін болсақ, өткен жылы «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақымен 60 жас маман 17 миллион 502 мың теңге алған. Тұрғын үй сатып алуға 40 маман 175 миллион 20 мың теңге несие алып, үйлі болып отыр.
Жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік беретін «Серпін-2050» бағдарламасы аясында еліміздің солтүстік өңіріне 11 жас оқуға түскен.
2021 жылы «Жасыл ел» бағдарламасына 65 жас маусымдық жұмысқа қабылданса, биылғы жылы 100 жасты еңбек жасағының құрамына алу жоспарлануда.

Түлектердің тартуы

Талас ауданы, Ақкөл ауылында 20 жылдық мектеп түлектерінің демеушілігімен қайта жаңғыртылған балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Түлектердің туған ауылына тарту еткен балалар ойын алаңының жалпы құны 3,8 миллион теңгені құрайды. Аталған қаражатқа ойын алаңының аумағы абаттандырылып, балаларға арналған әткеншектер орнатылған. Одан бөлек, аумағы жарықтандырылып, Эйфель мұнарасы қойылған.
2002 жылы мектеп бітірген түлектердің ауылға деген тартуына ауыл тұрғындары шексіз ризашылығын білдіруде.

Қызылша алқабына 100 адам жұмылдырылды

Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округіндегі «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің 50 гектар жаңбырлатып суғару технологиясымен еккен қант қызылшасын шөптен тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұған 100-ден аса округ тұрғыны жұмылдырылды. Осылайша шаруашылық жергілікті жердің тұрғындарын жұмыспен қамтуда.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.