Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 241

Амбулаториялық пункт – ел игілігіне

Жамбыл ауданы Қаракемер ауылындағы амбулаториялық пунктінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Елді мекенде 25 сотық аумаққа 25 келушіге арналған медициналық нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстарын «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жүргізуде. Жалпы сметалық құны 198 миллион теңгені құрайды.

Қақпатастағы қуаныш

Биыл Қақпатас ауылында бірқатар игі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, жаздың алғашқы айларында балаларға арналған ойын алаңшасы пайдалануға беріліп, көз тартарлықтай етіп жасалған ойын алаңшасында балалар әткеншекке отырып, сырғанап, уақытты көңілді өткізуде. Бюджет есебінен қаржыландырылған ойын алаңшасын жауапты мердігер бір аптаның ішінде толығымен аяқтаған. Бюджет есебінен бой көтерген тағы бір нысан – мектеп маңындағы шағын футбол алаңшасы. Жастардың игілігіне берілген спорт нысанының жалпы көлемі – 42:20 метр.

Стоматологиялық кабинет ашылды

Сарысу аудандық орталық ауруханасының клиникалық диагностикалық орталығында «DENT HOUSE» стоматологиялық кабинеті ашылды. Мұнда медициналық қызмет көрсетудің еуропалық озық үлгілері топтастырылып, жоғары білікті үздік мамандар еңбек етеді. Келушілердің көңілінен шыққаны – осында заманауи медицинаның озық құрал-жабдықтарымен тіс емдеудің, салудың, протездеудің барлық түрлері қолға алынған.
Ең бастысы – 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, 1,2,3 топтағы мүгедектер, көпбалалы аналар «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері, атаулы әлеуметтік көмек алатындар тістерін тегін емдете алады. Халықтың әлеуметтік тобына қарай арнайы қарастырылған жеңілдіктер де бар.
Сонымен бірге аталмыш емхананың барлық қызмет көрсетуі және құжаттық айналымы заманауи «Электрондық емхана» жүйесі бойынша жүргізілмек. Қазір мұнда 3 жұмыс орны ашылған.

Лизинг арқылы 54 техника алынды

Жуалы ауданында ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге көңіл бөлініп, шаруалар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Ал бұл үшін бірінші кезекте техника мәселесі дұрыс шешілуі керек. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы техникалары 1596 дананы құрайды. Жыл басында лизинг арқылы 160 техника алу жоспарланған. Қазіргі таңда лизинг арқылы 54 техникаға қол жеткізілген. Осылайша жоспар 31 пайызға орындалып отыр.

Қамбалар астыққа толуда

Меркі ауданы бойынша биыл жалпы 56 677 мың гектар алқапқа бидай-арпа себіліп, оның ішінде 26 960 гектар бидай, 29 717 гектар арпаны орақтан өткізу жоспарланған еді.
Бүгінгі күні егін жинау науқаны өз деңгейінде жүргізіліп, жоспарланған егіс алқабының барлығы түгелдей орылды. Қамбаға түскен жалпы өнім көлемі 109 386 тоннаны құрады. Әу баста гектарына 13 центнерден өнім алу жоспарланған болса, нақты өнім көлемі бір гектарға 19 центнерден айналды.
Егін жинау науқанына барлығы 169 комбайн жұмылдырылу жоспарланып, техникалардың барлығы алқаптарда жұмыс істеп, күніне 520 гектар алқап орақтан өткізілген.

Жем-шөп дайындау қарқынды жүргізілуде

Биылғы жаз жылдағыға қарағанда өте ыстық болып тұр. Ауа райын болжаушылардың айтуына қарағанда жаз қандай ыстық болса, қыс сондай суық болады екен. Демек, алдағы қыс қылышын сүйретіп, қатал болып кіруі бек мүмкін. Сондықтан қыс мерзіміне қазірден бастап ерекше дайындық қажет.
Мұны жете түсінген байзақтық шаруалар ерте көктемнен бастап дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен. Дәлірек айтқанда, аудандық ауыл шаруа- шылығы бөлімінің мәліметі бойынша өңірдегі 24 972 гектар жоңышқа алқабы екі мәрте орылып алынған. Сондай-ақ 5051 гектар жердегі табиғи шөп те түгелдей жиналған. Сөйтіп, аудан бойынша жоспардағы 176 300 тоннаның орнына 203 716 тонна пішен дайындалып, артығымен орындалған.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.