Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ауданда агросектор қарқынды дамуда: жаңа фермалар, инвестициялар және өндіріс көлемінің өсімі

0 44
Ауданда мал шаруашылығын дамытуға айрықша мән беріліп келеді. Соңғы жылдары мал саны көбейіп, жаңа сүт фермалары мен бордақылау алаңдарын салу жұмыстары қолға алынуда. 400 бастан кем емес жаңа тауарлы-сүт фермаларын ашу жоспарына сәйкес үш нысан салу көзделген.

Атап айтқанда, «Момбек» шаруа қожалығы құны 2,9 млрд теңге болатын 612 басқа арналған ферма салуды жоспарласа, «AzNur Agro» АШӨК-і 1,8 млрд теңгеге 400 басқа арналған кешен тұрғызуда. Ал «Даниял» шаруа қожалығы осындай көлемдегі жобаны қаржы тапшылығына байланысты биыл іске қосуды көздеп отыр. Қазір «AzNur Agro» жобасының құрылысы жүріп жатыр, ал «Момбек» қожалығының жұмысы уақытша тоқтаған.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 56,2 млрд теңгені құраған. Оның 19,3 млрд теңгесі мал шаруашылығына, 36,9 млрд теңгесі егіншілік саласына тиесілі. Өткен жылы салаға 969,2 млн теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісіне 514,092 млн теңге бағытталған.

Егіс алқаптары 50 211 гектарды қамтып, масақты дәнді дақылдардың 15 061 гектарынан 11 151 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 7,4 центнер болды. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 595,2 мың тоннаға жетті. Оның ішінде 6 644 тонна картоп, 244 156 тонна көкөніс, 2 828 тонна майлы дақыл, 19 635 тонна бақша өнімдері және 10 912 тонна жүгері алынған.

Дала жұмыстарына 683 техника жұмылдырылды: 36 комбайн, 241 трактор және 406 тіркеме. Мемлекет тарапынан шаруаларға 776,5 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Мал азығы жоспарына сай 294 998 тонна жем-шөп дайындалды, оның ішінде 208 978 тонна пішен, 19 мың тонна пішендеме, 48 020 тонна сабан және 19 мың тонна сүрлем бар.

341 гектар қант қызылшасынан 20 054 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 588 центнерді құрады. Қант қызылшасын 21 шаруа қожалығы өсіріп, өнімді Меркі қант зауытына өткізген.

Ауданда 15 жылыжай жұмыс істеп тұр. Былтыр олардан 13,6 тонна қияр жиналды. Сонымен бірге 0,06 гектар аумақта өсірілген 50 мың гүл тұрғындарға сатылды. Жалпы сыйымдылығы 11 980 тонна болатын тоғыз көкөніс қоймасы бар, оның төртеуінде 810 тонна өнім сақтаулы (650 тонна пияз, 160 тонна сәбіз).

«Ауыл аманаты» жобасы да нәтижелі іске асуда. 13 ауылдық округтен 758,2 млн теңгеге 110 жоба ұсынылды. Оның 35-і ауыл шаруашылығы, 75-і кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласына қатысты. 2024–2025 жылдары 80 жобаға 573,6 млн теңге бөлінді, оның ішінде 56 жобаға 400,07 млн теңге несие берілді.

Көкөніс сақтау инфрақұрылымы да кеңеюде. Жыл соңына дейін құны 2,7 млрд теңге болатын екі қойма салу жоспарланған. Айша бибі ауылында «Ализа» ЖШС 7 мың тонналық қойманың құрылысын аяқтады. Екінші нысан салынып жатыр, оған «Тараз» ӘКК тарапынан 500 млн теңге несие берілген.

Қайта өңдеу саласында да жобалар іске асуда. «АТБ» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар «Рыжибаев» ЖК 1 млрд теңгелік ет бағытындағы құс фабрикасын салуда.

Техника жаңарту да назардан тыс емес. 2025 жылы 41 техника алу жоспарланып, іс жүзінде 43 техника сатып алынды (1 комбайн, 42 трактор). Шаруаларды қолдау мақсатында тоғыз тауарлық несие беріліп, жеті шаруашылыққа 260 қой табысталды.

Экспорт бағытында да ілгерілеу бар. Гродеково ауылдық округіндегі «Джумабаев Д.Д.» жеке кәсіпкерлігі Ресейге шұжық өнімдерін экспорттауды бастап, аудан кәсіпкерлерінің сыртқы нарыққа шығуына жол ашып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.