Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Аудан жастарының айнымас серігі

0 747

Жастар – кез келген елдің қозғаушы күші, ұлттық болмыстың айнасы, болашақтың тірегі. Ел ертеңі жастардың қолында екені – тарихи да, заманауи да шындық. Сондықтан кез келген мемлекет үшін жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың мүмкіндіктерін ашу және толыққанды дамуына жағдай жасау – басты стратегиялық міндеттердің бірі. Қазақстанда жастар саясаты осы мақсатты көздейтін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.

Жастар саясаты – мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын, жастардың әлеуметтік, білім беру, мәдени, рухани, экономикалық және құқықтық дамуына бағытталған кешенді шаралар жүйесі. Бұл саясат жастардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Елімізде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң 2015 жылы қабылданған болатын. Бұл құжатта жастардың құқығы, бостандығы, әлеуметтік қолдауы және дамуына бағытталған нақты ережелер мен механизмдер қарастырылған. Аталған заң елімізде жастардың тұлғалық қалыптасуын, еңбек нарығына бейімделуін, елге пайдалы азамат болып өсуін көздейді.

Қазіргі таңда еліміз жаңа, әділетті Қазақстан құру жолында. Бұл үдерісте жастарға артылар сенім мен жауапкершілік зор. Бүгінгі жастар – жаңашыл, креативті ойлайтын, заманауи технологияны еркін меңгерген буын. Олар тек білім алушы ғана емес, ел дамуына үлес қосатын азаматтық қоғам мүшелері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында жастар саясатын ілгерілету туралы үнемі айтып келеді.

– Мен Қазақстан жастарына толық сенемін. Олар ел дамуына лайықты үлес қосады. Біз жастарға инвестиция салып, өз болашағымызды бекемдейміз, – деп айрықша атап өткен еді Президент.

Шу ауданында жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, толайым тірліктер атқарылуда. Бұл ретте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастар саясатын жүзеге асыруда қосып отырған үлесі қомақты екенін атап өткен абзал. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне бағынысты мекеме өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында аянбай қызмет етіп келеді.

Статистикалық мәлімет бойынша, аудан тұрғындарының жалпы саны 106 227 болса, оның 31 167-сін 14 пен 35 жас аралығындағы жастар құрайды.

Бүгінде білім ошақтары мен оқушылар жастар саясатын дамытудағы сенімді серіктерге айналып отырғаны белгілі. Себебі, әрбір іс-шараға оқушылар белсене қатысады.

Қазіргі таңда жастар тек білім алып, еңбек етіп қана қоймай, қоғам өміріне белсене араласуы арқылы ел дамуына да зор үлес қоса алады. Бүгінде Қазақстан жастары түрлі салаларда – білім, спорт, мәдениет, экология, волонтерлік, кәсіпкерлік бағыттарында белсенділік танытып келеді. Бұл – олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, тұлғалық дамуына серпін беретін маңызды фактор.

Қоғамдық белсенділік – тек іс-шараларға қатысу ғана емес, өз ортасына, еліне, айналасына бей-жай қарамау. Мұндай белсенділік жастарды өз ойын еркін айтуға, көшбасшылық қасиетін дамытуға, жаңа достар, байланыстар табуға, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге және өз ісімен қоғамға пайда келтіруге үйретеді. Сондай-ақ белсенді жастар әлеуметтік мәселелерді ертерек байқайды және шешуге ұмтылады, өз ортасына үлгі болады, өзгелерді де жетелейді, мемлекет пен халық арасындағы көпірге айналады және заманауи ойлайтын, сын тұрғысынан қарайтын буынды қалыптастырады. Сондықтан мектеп жасындағы балаларды ерте жастан белсенділікке баулудың пайдасы мол.

Осы мақсатта Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен білім бағыты аясында 42 іс-шара өткізіліп, оларға 710 жас қамтылды. Ауданда барлығы 46 мектеп бар. 2024-2025 оқу жылында мектептерде барлығы 20 590 оқушы білім алса, оның ішінде 14-17 жас аралығында жастар саны – 6 479. Ал 1 124 түлек биыл мектепті тәмамдады.

Орта білім ошақтарынан бөлек, Шу қаласында 4 колледж бар. Оның 1-і – мемлекеттік, 3-і жеке меншік негізінде білім беруде. Аталған оқу орындарында 2024-2025 оқу жылында 1 009 студент білім алса, оның 568-і – грантпен, 441-і ақылы негізде оқиды. Былтырғы оқу жылында түлектердің 226-сы жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік қызмет саласындағы 198 адамның 75-ін жастарды құрап отыр.

Заң мен тәртіп – мемлекет тарапынан қолға алынған қатаң қағида. Оның ішінде жастар арасындағы қылмыс мен құқық бұзушылықты болдырмау күн тәртібіндегі ең басты мәселеге айналып отыр. Бұл жағдай қоғамды алаңдатпай қоймайды. Өйткені, адам өмірінің осы бір шешуші кезеңінде жіберілген қателік тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың болашағына әсер етуі мүмкін. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, ата-ананың, білім беру мекемелерінің басты міндеті. Сондықтан жастармен ұдайы байланыс орнатып, оларға дұрыс бағыт беріп, бос уақытын тиімді пайдалану оң нәтиже береді.

Орталықтың бастамасымен жастар арасында құқық бұзушылық пен заң бұзушылықты болдырмау, алдын алу мақсатында бірқатар тиісті іс-шаралар қолға алынған. Атап айтсақ, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 131 іс-шара өткізіліп, оған 2 549 жас қамтылды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің мәліметі бойынша 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 27 қылмыс тіркелген.

Қазіргі таңда маңызды мәселенің бірі – жастардың отбасын құруы. Бұл орайда ауданда жыл басынан бері 16-35 жас аралығындағы 134 жас некеге тұрса, 12 жұптың некесі бұзылған.

Жастарды жұмыспен қамту да маңызды істердің қатарында. Бір жағынан жұмыссыз жүрген жастар саны артса, тек экономикалық емес, сонымен бірге әлеуметтік және рухани мәселелерге де алып келеді. Сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту – жай ғана әлеуметтік мәселе емес, ел болашағына жасалатын стратегиялық инвестиция. Жұмыс істейтін, мақсат қойған, табыс табатын жас – қоғамның тірегі, мемлекеттің сенімді азаматы. Сондықтан бұл істе баршамыз – мемлекет, ата-ана, білім беру мекемелері, жұмыс берушілер бірлесе әрекет етуіміз қажет. Жастар өз еңбегімен дамыған, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға толықтай қабілетті. Ең бастысы, оларға мүмкіндік беріп, жол ашып, сенім артуымыз керек.

Айталық, ауданда жарты жылдың қорытындысы бойынша 497 жас (1,6%) жұмыссыз ретінде тіркелген. Одан бөлек, 880 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 498 жасқа жолдама берілген. Сонымен қатар «Жастар тәжірбиесіне» – 92, әлеуметтік жұмыс орындарына – 36, ақылы қоғамдық жұмысқа 136 жас орналасқан. Бұған қоса 21 жас алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 69 адам тәлім алған. «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы бойынша 1 жастың бағы жанып, 11 жас қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Сондай-ақ қысқа мерзімді оқыту курсына 16 жас жіберілді.

Бүгінгі таңда еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі – ауылды дамыту, жастарды елді мекендерге тарту және мамандар тапшылығын шешу. Осы мақсатта жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы – жастарға берілген үлкен мүмкіндік әрі ауылдың әлеуетін көтерудің нақты қадамы. Жоғары білім алып шыққан жастарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту арқылы мемлекет елдің болашағына салмақты инвестиция салып отыр.

2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерге білімді, білікті мамандарды тарту және ауылдағы әлеуметтік салаларды дамытуды жеделдету. Әлбетте, білімді, алғыр, патриот жастар ауылға келіп, елді мекендерді көтеруге күш салса Қазақстанның келешегі нұрлы болары сөзсіз.

Аталмыш бағдарлама аясында былтыр ауданда 44 маман жеңілдікке қол жеткізді. Оның ішінде 40 маманға көтерме жәрдемақы берілсе, 42 жас бюджеттік несие алды.

Уақытша бос жүрген жастардың мәселесі бүгінгі қоғамда аса өзекті. Айталық, ауданда 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік мәртебесі белгісіз 428 жас анықталып отыр. «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілмеген жұмыссыздарды мансап орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркеп, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына салығын төлету, зейнетақы қорына тиісті аударымдарды аударту жұмыстары ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі мамандарының адрестік жұмыстары жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде 123 жастың мәртебесі анықталып, облыстық Жастар ресурстық орталығына жолданды. Уақытша бос жүрген жастарға жалпы 49 адрестік жұмыс жүзеге асырылды.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде экономикалық даму мен инновацияның басты тірегі – кәсіпкерлік. Ал кәсіпкерлікті дамытудың ең қуатты күші – жас буын. Қазіргі жастар – жаңашыл, креативті ойлайтын, тәуекелге баруға дайын, технологияны жетік меңгерген буын. Осы қасиеттер жас кәсіпкерлердің заманауи экономикада ерекше орын алуына мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан жастарды кәсіпкерлікке тарту – тек олардың өз болашағына емес, елдің де даму қарқынына ықпал ететін маңызды бастама. Елімізде жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Олардың мақсаты – жастарға бизнес ашу мен жүргізу жолында қаржылай да, білім тұрғысынан да қолдау көрсету. Әрине, жастар кәсіпкерлігі елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайту жолындағы маңызды бағыт екені белгілі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар жастарға нақты мүмкіндік беріп отыр. Ендігі кезекте осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, батыл әрекет ету және нәтижеге жұмыс істеу әрбір жастың өз қолында.

Соңғы жылдары жас шулықтардың да кәсіпке деген қызығушылығы артып келеді Бұл іске мемлекет те мүдделі екенін жоғарыда тілге тиек еттік. Осы бағыттағы конкурстық негізінде 25 жас жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жаңақоғам ауылдық округінде – 35, Жаңажол ауылдық округінде – 26, Көкқайнар ауылдық округінде 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 7, Қорағаты ауылдық округінде 2023 жылы – 28, 2024 жылы – 1, Бірлікүстем ауылдық округінде 2022 жылы – 35, 2023 жылы – 3, Бірлік ауылдық округінде 2024 жылы 4 жас несие алды.

Тағы бір айта кетерлігі, ауданда жарты жылдың қорытындысы бойынша аудандық қорғаныс істері бөлімінде әскери есепте тұрған жастар саны 3 942 адамды құрап отыр. Бүгінде 300 жас Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып. оның 151-і Қарулы Күштердің сапына қосылды. Сондай-ақ 5 жас келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Орталық тарапынан әскери патриоттық бағыт бойынша 55 іс-шара өткізіліп, оларға 1 639 жас қамтылды.

Қазіргі заманда жас ұрпақтың ой-өрісі мен шығармашылық қабілеті ғана емес, денсаулығы да мықты болуға тиіс. Себебі, дені сау ұрпақ – мықты ұлттың кепілі. Осы орайда, салауатты өмір салтын ұстану мен спортпен жүйелі түрде айналысу жастардың ең дұрыс таңдауына айналып отыр. Әрбір жас үшін бұл ұзақ, белсенді және бақытты өмір сүрудің кепілі. Жастар – болашақтың иесі. Ал дені сау, қуатты, саналы жастар – елдің тірегі, ұлттың мақтанышы. Сондықтан әрбір жас «Ең үлкен жеңіс – өз-өзіңді жеңу» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырса, еліміздің болашағы нұрлы болмақ.

Алысқа бармай-ақ, ауданымызда спорт саласында да серпін байқалады. Бұл көрсеткішке шулық жастардың қосып отырған үлесі зор. Бүгінде ауданда барлығы 287 спорт нысаны болса, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің саны – 4. Оның ішінде 2 стадион, 71 спорт зал, 71 футбол алаңы, 139 спорт алаңшасы бар. Аудан көлемінде спорт нысандарына тегін кіру үшін арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Атап айтсақ, аудандық орталықтың ұйымдастыруымен спорттық бағытта 6 ай ішінде 88 іс-шара өткізіліп, 3 886 жас қатыстырылды.

Бүгінде әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әсіресе, рухани және діни алауыздық түрлі елдердегі әлеуметтік тұрақтылықты шайқалтып отыр. Бұл құбылыс Қазақстанға да жат емес. Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде кейбір жастар деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп, теріс жолға бағытталып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұл – бүгінгі қоғам мен мемлекеттің, отбасының ортақ жауапкершілігі.

Дін ұлтты біріктіретін рухани күш екеніне күмән жоқ. Алайда ол теріс мақсатта қолданылса, ең қауіпті қаруға айналуы мүмкін. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тұтқасы. Сондықтан олардың санасы да, сенімі де, таңдауы да дұрыс болуға тиіс. Мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – жастарды діни сауатты, парасатты, отансүйгіш, ұлттық құндылықтарға адал азамат етіп тәрбиелеу. Сонда ғана біз деструктивті ағымдарға есік емес, бөгет қоя аламыз.

Өңір жастары арасында деструктивті діни идеялардың таралуына жол бермеу, радикалданудың алдын алу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Дін және жастарға қызмет көрсету бөлімі» тарапынан жылдық жоспар бекітілген болатын. Аталған жоспарға сәйкес кездесу, дөңгелек үстелдер тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Нақты айтқанда, биыл 48 іс-шара өткізіліп, 1 269 жасқа ақпараттар берілді.

Бүгінгі таңда Қазақстан жастары тек білім мен ғылымда ғана емес, рухани-адамгершілік бағыттарда да белсенділігімен танылуда. Соның ішінде еріктілік пен қайырымдылық жастар арасындағы ең игі және маңызды үрдіске айналып келеді. Ерікті болу бос уақытты босқа өткізбеу ғана емес, жүрекпен қызмет етіп, қоғамға пайда әкелу, мұқтажға қол ұшын созу екені айқын. Еліміздің жалынды жастары осы қасиеттерді бойына сіңіріп, ең мейірімді әрі ең белсенді күшке айналуда.

Шу ауданында да ерікті жастардың қатары артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда 483 ерікті жас бар. Олар әрбір игі істің қасынан табылып, жыл басынан бері волонтерлардың қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 366 іс-шара өткізілді. Бұл шараларға жалпы саны 6 944 адам қамтылған. Одан бөлек, рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 835 іс-шара өтіп, оған 20 809 адам атсалысқанын да айта кеткен абзал.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» әлеуметтік желілерде өте белсенді. Мәселені, орталықтың «Instagram» және «Facebook» (1236), әлеуметтік желілерінде жеке парақшалары ашылған.

Бүгінгі күнге аталған әлеуметтік желілерге ұзын-ырғасы 2 527 жазба жарияланған. Сонымен қатар аудандық «Шу өңірі – Шуская долина» газетіне 11 мақала, облыстық «Знамя труда» газетіне 1 мақала, аудандық әкімдік сайтына 1 мақала жарық көрді.

Орталықтың өзге аудандар секілді өз алдына жеке ғимараты болмаса да, 40-қа жуық маманды топтастырып, жастар саясатын ілгерілетуге тамшыдай болса да үлес қосып келеді. Орталықтағы қызметкерлердің 29-ы жоғарғы білімді болса, 5-ы арнаулы орта оқу орнын бітірген. Тағы 4-і жоғарғы білімін жалғастыруда.

Қазіргі таңда мекеме Төле би ауылы, Қарасу 2 «Б» мекенжайында орналасқан Шу аудандық білім бөліміне қарасты «Оқушылар сарайы» ғимаратында өз жұмыстарын атқаруда. Ерекше атап өтерлігі, жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап, қызметкерлердің жұмысын ынталандыру мақсатында жалақыларына 50 пайыз үстемеақы қосылды.

Жас буынның айнымас серігіне айналған Жастар ресурстық орталығы өскелең ұрпақтың өмірлік мақсаттарын ашуға, өздерін толыққанды дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді түрде қосылуына ықпал етуде. Оның арқасында жас азаматтар кәсіби тұрғыдан дамып, әлеуметтік жауапкершілікке ие болуда. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.

Ғани ҚОЙБАҒАРОВ,

Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің

«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.