Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аудан әкімдері жалақысын неге жасырады?

0 615

Соңғы жылдары Үкімет мүшелерінің, депутат пен әкімдердің жалақысы қоғамда қызу талқыға түсіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында аталған лауазымдағы қызметкерлердің жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялануы мүмкін екенін атап өтті. Ал былтыр елдегі бірнеше облыстың әкімі айлық жалақысы туралы мәліметті баспасөз мәслихатында жариялап, ашықтық принципін ұстанды. Әрине, жалақысы туралы ақпар беруден жалтарған әкімдер де болды. Осыны ескере келе, біз де аудан әкімдерінен еңбекақысы туралы сұрап-білуге тырысып көрдік.

Елімізде билік пен бұқара арасындағы алшақтыққа жол бермеу мақсатында бұған дейін қыруар жұмыстар атқарылып келді. Соның ішінде көптің көкейінде қалғаны – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Ашық әкімдік» кеңселерінің ашылуы. Десек те, осы өзгеріс- терден кейін халық пен билік арасындағы байланыс барынша бекемделді деп айта алмаймыз. Мәселен, жалақысы жайында айтуды дұрыс көрмейтін шенеуніктер де бар. Дамыған елдерде, мысалы, Америка Құрама Штаттарында қала басшыларының табысын әкімдіктің сайттарынан-ақ білуге болады. Онда басшының күнделікті шығыны мен алған сыйлықтарының құны да көрсетілген. Ал біздегі шенділердің жалақыға келгенде жақ ашпайтындығына қарағанда, олардың айлық табысы аз немесе біз ойлағаннан көптеу секілді. Бір білетініміз, былтыр шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізіліп, олардың жалақысы лауазымына, яғни жұмыс ауқымына сәйкес төлене бастады. Демек, облыс әкімдерінің айлығы өсті. Мысалы, бұрын 986 мың теңге жалақы алатын Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың еңбекақысы жаңа жүйе енгізілгелі 1,8 миллион теңгеге дейін көбейген. Ал Қарағанды, Атырау облысы әкімдерінің жалақысы шамамен 1,9 миллион теңгенің төңірегінде екен.
Біз де журналистік сауалымызбен бірінші Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбековке хабарластық. Аудан басшысы сөзге келместен қолға тиетін жалақысы 790 мың теңге екенін жеткізді.
– 1981 жылдан бастап есептесек, еңбек өтілім 40 жылдан асыпты. Ал мемлекеттік қызметті 1989 жылы атқару комитетінде жалпы бөлімнің меңгерушісі болып бастадым. Содан бері біраз қызметте болып, жалақымыз- ды да соған сай алып жүрдік. Тіпті жұмыс ауқымына қарай аз айлықты қанағат тұтқан кездер де болды. Бүгінде аудан әкімдерінің еңбекақысы көбейді, өте жоғары деп айтсақ болады. Мемлекет басшысы әкімдердің жалақысына бес жылға дейін мораторий жариялануы мүмкін екенін айтты. Бұл – құптарлық бастама.
Енді біздегі кітапхана ісі, жүргізуші және жұмысшы мамандардың айлығын өсіру керек. Ел азаматтарының ең төменгі жалақысы кем дегенде 200 мың теңге болса деп ойлаймын. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы сатылап өсіп келеді. Менің жарым да мұғалім. Бұрын айына 120 -130 мың теңге еңбекақы алатын. Қазір еңбек өтілі жоғары әрі білікті ұстаздар 300-400 мың теңгеге дейін табыс тауып жүр. Талас жоқ, ұрпақ тәрбиесіне, балалардың білімді азамат болып жетілуіне мұғалімдер бар күшін салуда. Себебі өздеріңіз білетіндей, үйде баланың сабағына қарайласудың өзі оңай емес. Ал отыз баланы оқыту – үлкен еңбек.
Халықтың еңбекақысы жоғары болса, сыбайлас жемқорлық мәселесі де жойылар еді деп ойлаймын. Президент Парламент Мәжілісінде шамадан тыс байығандар жайында да айтты. Соның есебінен біздегі орташа жалақы статистика бойынша жоғары болып шыға келеді, – дейді Әлихан Балқыбеков.
Жалақы туралы сұраққа Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев те бүкпесіз жауап берді. Аудан әкімі қазіргі уақытта 640 мың теңге жалақы алады екен.
Біз қойған сауалға Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев та үн қатып: «Президент Парламент Мәжілісінде, кейінгі «Хабар» арнасына берген сұхбатында әлеуметтік және экономикалық ахуал жайында біраз мәселенің басын ашып айтты. Сондықтан біз елдің сенімін арқалап, Қасым-Жомарт Кемелұлының баянды бағдарламалары мен бастамаларын қалтқысыз атқаруды жалғас- тырамыз. Осы орайда әкімдер жалақы үшін емес, ел үшін еңбек етіп жүргенін айтқым келеді», – дейді.
Үш ауданның әкімінен естіген жауапқа ішіміз жылып, облыстағы тағы бірнеше ауданның басшыларына қоңырау шалдық. Әкімдер біз қойған сауалға ә дегеннен бүкпесіз жауап берер деген үміт басым болды. Алайда Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев: «Президент тарапынан айтылған тапсырманы орындау – міндетіміз», – деп қысқа қайырды. Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров болса: «Жалақымыз басқа аудан әкімдерімен шамалас, жеткілікті», – деді. Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың жауабы да осы сарындас. Ол: «Мемлекет басшысы Мәжілісте біраз ауқымды мәселелерді көтерді. Әлеуметтік- экономикалық салаларда үлкен реформалар болатынын айтты. Біз, әрине, Президент тапсырмасын орындай отырып, ел сенімін ақтауға күш саламыз», – деп ағынан жарылды. Бұдан соң, ой сан-саққа жүгіріп, басқа әкімдер де еңбекақысын жасыратын шығар деген күмән сананы биледі. Ақырында «шешінген судан тайынбас» деп Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа қоңырау шалдық. Өзімізді таныстырып, хабарласқандағы жайымызды айттық. Аудан әкімі жалақысын айтып, ұятқа қаламын деді ме, әлде басқа да себебі болды ма белгісіз, әйтеуір «мәліметті электронды пошта арқылы жолдаймыз» деді. Әкімнің айтқанына біз де келісіп, газеттің электронды мекенжайын жекесіне жазып жіберген едік, әйтсе де жауап әлі келмеді.
Біз қойған сұраққа ашық жауап бере отырып, Президент пәрменіне үн қосумен қатар, әлеуметтің ахуалы жайында пікірін білдірген әкімдерге алғыс білдіреміз, әрине. Ал жауап беруден жалтарған әкімдер ауданның қауырт тірлігінен босай алмай жатқан болар деп топшыладық.
Иә, қомақты жалақы алса да, табысын халықтан жасырмайтын Еуропа елдеріндегі басшылардан үйренеріміз әлі көп екен. Десек те, келер күннен үміт мол, басшылар еңбекақысын Еуропадағыдай ресми сайтқа жарияламаса да, бұқараға бүкпесіз ашып айтатын күн алыс емес деп сенеміз. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты ұстанымы мен талапты тапсырмасы – ашықтық және бұқарамен кері байланыс.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.