Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауқымды науқанға тараздықтар да атсалысуда

0 873

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өтуде. Акцияға 700 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысты. Жамбыл облысында өткен экологиялық акцияның басты мақсаты – өрт қауіпсіздігінің алдын алуды қамтамасыз ету. Дала өрттерінің пайда болуының негізгі себебі – қураған шөптердің тұтануы. Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті тарапынан өрт қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда.

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында дала өрттері тіркелмеген және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша облыс жастары бастама көтеріп, арнайы тазалық жұмыстарын жүргізді. Тараз қаласының «Көктем» алқабында «Эко LIFE» тақырыбымен өткен эстафетаға 300-ден астам белсенді жас қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Эстафета аясында қатысушылар қураған шөптерді орып, алқапты қоқыстардан тазартты. 2022-2023 жылғы халықаралық үздік волонтер А.Нәмелбек эстафетаны Жамбыл ауданының жастарына жолдады.
Аталған акция барысында барлық ауданның жастары белгіленген орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, эстафетаны келесі ауданға береді. Осылайша эстафета түріндегі экологиялық акция апта сайын әр ауданда өтеді.
Жыл сайын шығарылатын пластмассадан жасалған өнімдердің көп мөлшері бір рет қолдануға арналған. Пластиктің екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтыны белгілі. Пластмассалар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырап, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөле бастайды. Жерасты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл адамзат үшін өте қауіпті құбылыс. Бұдан бөлек, пластик қалдықтардың қаланың кәріз жүйесін толтырып, су басу қаупін тудырады. Осыған жол бермеу мақсатында қала тұрғындары, коммуналдық мекемелер мен жастар бірігіп, «Тараз – таза қала» акциясын өткізді. Қатысушылар «Салтанат» ықшамауданында орналасқан «Жасыл желек» алқабында тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық акцияға 100-ге жуық адам қатысып, пластик қалдықтар мен қоқыстарды жинап, 300 қап күл-қоқысты арнайы орынға апарып төкті.
– Президенттің бұл бастамасы халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Акция біздің қоғамда жастарды, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, қорғауға, тазалықты сақтауға шақыратын үлкен бір идеологиялық жұмыс десе де болады. Бүгін біз экологиялық акцияға Тараз қаласының жастары ретінде қаламыздың таза болуына атсалысып, іс-шараға шығып жатырмыз, – дейді облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар ресурстық орталығының директоры А.Қадралиев.
Жамбыл облысында акция аясында жалпы 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 127 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылып, 14 мың тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 60 мыңға жуық көшет отырғызылған. Бұл жұмыстарға 918 бірлік техника жұмылдырылды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.