Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауқымды акцияға айрықша атсалысты

0 1  035

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өтті. Акция аясында облыстың барлық ауданында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді.

Аталмыш шаралардың мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.
Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақтың көне салты – «асар» дәстүрі қайта жаңғырды. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, 400 аула, 47 жеке тұрғын үй мен бір мектептің жертөлесін су алып, бұл жергілікті тұрғындарды әбігерге салған болатын.

Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар, ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерді асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.
Бұл жөнінде Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков: «Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақ пен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауызбіршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін», – дейді.
Сонымен бірге бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлар тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясында 200-ден астам жас жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.
Басым көпшілігі жастарды құраған акция қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіруде үлкен рөл атқаруда.
Сонымен қатар Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық деңгейдегі жолдардың бойында, саябақтарда, орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.
Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін арттыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлардың қатысуымен Тараз қаласындағы Талас өзені мен Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары бойындағы қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.
Сонымен бірге Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлар арасында конкурстар, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға тұрғындар қатысып, аулалар өзара сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды шабу жұмыстарын жүргізді.
Қордай ауылының кіреберісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен, базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ қатысушылар базар маңайындағы жасыл аймақтарды суарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысында акция аясында 320 мың шаршы метр әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің іргелес аумақтары, 206 мың шаршы метр отын-энергетика кешендерінің, 108 мың шаршы метр емдеу орталықтарының, 508 мың шаршы метр оқу орындарының, 280 мың шаршы метр орта және шағын кәсіпорындардың аумақтары тазартылды. 818 шақырым канал мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылып, 2,4 мың тал бұталанып, 455 мың шаршы метр жасыл желек суарылды. Сондай-ақ 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумақтары қоқыстардан тазаланды. Бұл жұмыстарға жалпы 910 бірлік техника жұмылдырылған.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.