Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауған соғысы ардагерлері ардақталды

0 510

1989 жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскері Ауғанстан аумағынан шығарылған күн. Осыған орай, облыс орталығында бірқатар ілкімді шаралар ұйымдастырылып, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетілді. Мереке қарсаңында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев Ауған соғысының ардагерлерімен және соғыста қаза болған жауынгер-интернационалистердің туыстарымен кездесті.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ Суретті түсірген Дионисий Пляшешник

– Ауған соғысының ардагерлері – біздің замандастарымыз, аға буын өкілдері. Үкімет пен партияның міндетін адал атқарған жауынгерлердің ерлігі – ұрпаққа үлгі. Сіздердің ерліктеріңіз мәңгілік ел есінде. Сондықтан сұрапыл майданда қан кешкен әрбір азаматтың ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Ардагерлердің көзсіз ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттайтын шараларды жиі ұйымдастыру керек дегенді айтқан қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы жоғары оқу орындары мен мектеп қабырғасында Ауған соғысы ардагерлеріне арнайы бұрыш дайындап, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыратын игі шараларды ұйымдастырудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбековаға жастар мен ардагерлер арасында кездесулер ұйымдастыруды үрдіске айналдыру керектігін тапсырды.
– Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуымен ардагерлерді құттықтаймын. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Солардың ішінде Ардагерлер кеңесіне мүше азаматтар бірқатар әскери бөлімдер мен мектептерге барып, жастармен жиі кездесу өткізіп жүр. Әрине, қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты жастарға ақылын айтатын көнекөз қарттарымыздың орны бөлек. Себебі аптал азаматтардың батасын алған ел көгереді, – деді облыстық және Тараз қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Дүкенбай Ермеков.
Ал Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қала әкімі мен ардагерлер, сондай-ақ қала тұрғындары Ауған соғысының ардагерлеріне арналған мемориалды ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Айтулы датаға орай, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Ауған: сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған» тақырыбында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды. Онда «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының мүшелері Панджшер үңгірінде орналасқан Ахмад Шах Масуд бастаған ауған моджахедтеріне қарсы тойтарыс берген Борис Керимбаев (Қара майор) туралы бейнефильм көрсетіліп, жауынгер-интернационалистер туралы өлең шумақтары оқылды. Өнерпаз студенттер соғыс жылдарындағы алмағайып заман туралы «Афган» театрландырылған қойылымын сахналап, мерекелік кеш соңы әскери-патриоттық әндермен жалғасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.