Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Аталған тарихи күнге арнап Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Ауған, сөнген шоқ, өшкен арман, тек сенен есте қалған…» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізді.
Кездесуге «Жамбыл облысының интернационалист-жауынгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінінен Керім Ізбасаров, Марат Төртбаев, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері – Ержан Буралхиев, Нурлан Нарикеев және Ауған соғысының ардагерлері – Жеңіс Сертеков, Ғани Ибраев, Мәулен Елшібаев, Қайрадин Абдуллаев, сонымен қатар Жамбыл облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының қызметкерлері, HO336 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан ардагерлер Ауған соғысы тарихтың ең қаралы парақтарының бірі екенін, Отан алдындағы борышын адал атқарған жастардың үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынғанын, жат елде жан тапсырып, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз өзінің соғыс кезінде бастан кешкен естеліктерімен бөлісті.
Кеш барысында жүректі тебірентер патриоттық «Тревога», «Елім менің» әндерін кеш қонақтары жанды дауыспен орындады.
