Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қатыгез еркек қайдан шығады?

0 57

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау бағытында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Жарына жұдырық алып жүгіріп немесе баласына зәбір көрсететіндерге қарсы арнайы заң жобасы да қабылданды. Алайда бұл отбасындағы жанжалдар мен шайқалған шаңырақтардың санын азайта алмауда. Сонда бұған кім, әлде не кінәлі?

Жалпы отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға араша түсу мақсатында 2014 жылы Жамбыл облысында Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығы ашылған болатын. Осы орталыққа өткен жылға дейін 1 229 адам көмек сұрап келген екен. Оның 374-і әйел болса, 855-і бала. Ал сенім телефоны арқылы 134 азамат кеңес алған. Ағымдағы жылы 126 адам орталықтан көмек сұраған.
– Үстіміздегі жылы орталыққа жүгінген қызмет алушылардың жолдасы мен отбасы мүшелеріне қатысты ішкі істер органдарына 25 арыз жазылды. Нәтижесінде, 19 арыз қанағаттандырылып, жауаптылар жазасын алды. Оның алды 15 тәулікке абақтыға қамалса, 15 АЕК көлемінде айыппұл төлегендер де бар.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша 1 қызмет алушының жолдасына және 124-бап «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бойынша 1 қызмет алушының отағасына қатысты қылмыстық іс ашылып, сот-медициналық сараптамалары тағайындалды.
Ал Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына «Сот кабинеті» арқылы жалпы 43 талап арыз және 39 арыз жазылып, жолданды.
2019 жылы туған Т. есімді баланың әке тегін анықтау үшін жауапкердің қаражаты есебінен толық төлемақы жүргізіліп, тағайындалған сот-медициналық сараптамасынан өткізілді. Сот отырысында қызмет алушының мүддесін сенімхат негізінде қорғап, сараптама қорытындысына сәйкес жауапкер шынайы әкеліктің ықтималдығы 99,9999% құрап, әке тегі анықталды. Нәтижесінде, 1989 жылы 19 қарашада туған Ж. есімді жауапкер 2019 жылы 4 қазанда туған Т. есімді қызмет алушының әкесі деп танылды.
Жауапкер Ж.-дан талап қоюшы А. есімді қызмет алушының пайдасына 2019 жылы 4 қазанда туған баласы кәмелетке толғанға дейін оны күтіп-бағуға жауапкердің табысынан және өзге де кірісінің 1/4 (төрттен бір бөлігі) мөлшерінде, 2023 жылдың 19 қыркүйегінен бастап ай сайын алимент өндіру туралы шешімнің бөлігі тез арада орындауға жолданды. Осы сынды ана мен баланың құқығын қорғап жатқан жұмыстарымыз аз емес, – дейді орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Айдана Биғабылова.
Орталыққа жүгінгендердің арасында 16 бала қалалық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылса, облыстық перинаталдық орталыққа 2 әйел жеткізілген. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігі 41 рет шақырылып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 11 бала орналастырылған. Осылайша отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер қорғауға алынып, балаларына да тиісті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылдан бастап аудандардан да тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық кеңес беру кабинеттері ашылуда. Атап айтсақ, Шу ауданында – 120 қызмет алушыға, Жуалы ауданында – 294, Меркіде – 95, Сарысуда – 99, Жамбыл ауданында – 74, Т.Рысқұловта – 91, Байзақта – 94, Таласта – 63 және Мойынқұм ауданында 9 қызмет алушыға арналған кеңес беру кеңселері жұмыс істеп тұр.
Тамыз айындағы көрсеткішке тоқталсақ, орталыққа 17 жаңадан келген әйел орналастырылған. Олардың 23 баласы кәмелеттік жасқа толмаған. Барлығымен психологиялық жұмыстар жүргізіліп, 9 жанжал шығарған отағасымен мамандар тілдескен.
Жалпы отбасындағы жанжал бала психологиясына теріс әсер ететіні белгілі. Мұндай жағдайда бала үйден қашып, тіпті арты қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Мәселен, облыстық полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, есепті кезеңде облыс аумағында кәмелетке толмағандар 45 қылмыс жасаған екен. Ал жыныстық сипаттағы 24 дерек тіркелген. Зерделеу нәтижелері көрсеткендей, жәбірленушілердің 70,8 пайызы толық емес отбасынан шыққандар. Олардың дені «жайсыз отбасы», «бұрын сотты болған» немесе «жеңіл жүрісті» санаттары бойынша есепте тұрған жанұялар.
Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қос заңын еске түсірсек, енді әйеліне немесе баласына жұдырық алып жүгірген еркектерге жаза күшейтілді. Яғни енді ондай еркектер айыппұлмен құтыла алмайды. Оларға қылмыстық іс қозғалады. Алайда статистикаға көз салсақ, бұл заңға бүгінгі еркектер үрке қарамайтындай. Бұлай деуімізге күні кеше Тараз қаласында өз әйелін өртеп жіберген отағасына қатысты жағдай сеп болып тұр. Жұбайымен жанжалдасқан ер адам әуелі әйелінің үстіне бензин құйып, от жаққан. Кейін үйімен бірге өртеп жіберген. Адам шошырлық жағдай «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында орын алып отыр. Денесі толықтай күйген 44 жастағы келіншек ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал өз отауын өртеген 54 жастағы күдікті үйіне жақын жерден өлі табылды. Осылайша отбасылық жанжалдан бір шаңырақ ортасына түсті.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өскен. Ал орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Ресми деректерден шығатын қорытынды – елімізде ақылсыз еркектердің әйелінің бет-аузын көгертуі былай тұрсын, қол-аяғын сындыруы қалыпты көрініске айналған. Тіпті әйелге көрсетілген қысымнан бөлек, бала-шағасымен қосып сабаған да жағдайлар жиілеп кеткен. Сонда отбасылық жанжалдардың артуына не себеп? Қатыгез еркек қайдан шығады?
– Адам баласы басына түспесе, көп жағдайды түсінбейді. Ерлі-зайыптылар отбасын құрғанда бақытты күй кешіп, ұрпақ өсірсем деген керемет сезімде болады. Алайда олар бір-бірінің ішінде не жатқанын білмейді.
Көп жағдайда ата-ана өзінің әке-шешесінен алған модельдік мінезбен қалыптасады. Яғни үйде не көреді, соны істейді. Ал ол мінезді қыз бен жігіт болып жүргенде байқау мүмкін емес. Өйткені ер болсын, әйел болсын жас кезінде бойында ондай мінездің барын өзі де білмей жатады. Ол уақыт өте шығатын дүние. Егер еркек шыққан отбасында отағасы бірінші орында болса, үйленген еркек міндетті түрде әкесінің істегенін істейді. Алайда әйел шыққан жанұяда ана бірінші орында болуы мүмкін. Содан қыз өзінің отбасында көрген жағдайды жаңадан құрған жанұясында қалыптастыруға тырысады. Міне, осыдан барып екіжақты кикілжің туып, «теңдік» төңірегіндегі мәселе туады. Теңдік дегеніміз бұл – еркекпен бірдей болу деген сөз емес. Теңдік – бұл екеу арасындағы қарым-қатынас. Әйел бір шаңыраққа келін болып түскеннен кейін өз шекарасын межелеп алуы керек. Яғни екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білуі қажет. Өзін қалай ұстаса, отбасында тыныштық болатынын түйсініп, сол бағытта әрекет еткені жөн. Сондықтан отбасында жанжалдың болу-болмауы ең бірінші әйелге байланысты, – дейді психолог Мөлдір Сабербекова.
Құзырлы органдар қазір әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың орын алуына көп жағдайда үйдегі ер азаматтың ішімдікке салынуы, жұмыссыздығы, маскүнемдік әрі құмар ойынға тәуелділігі әсер ететіндігін алға тартады. Бұған қатысты да психолог маманның пікірін білген едік.
– Психологияда «психикалық рөлдік ауысым» деген ұғым бар. Яғни ер адам үйдегі өз орны мен беделін жоғалтып алады. Ол қалай десеңіз, еркек табыс таппай, отбасына бәрін әйел тасиды. Психикалық рөлдік ауысым да тәрбиеге байланысты. Егер еркектің бала кездегі отбасында анасы негізгі асыраушы болған болса, ол өз шаңырағын құрғанда да табысты әйел табуы керек деп түсінеді. Тіпті оны қалыпты құбылыс көреді. Содан еркек жұмыс істемей, жатыпішерге айналады. Ал оның соңы отбасылық жанжалға апарады. Бірақ еркек оны үйдегі кикілжіңнің негізгі себебі деп көрмейді. Себебі оның санасында бала кезден «әйел табыс табуы керек» деген түсінік қалыптасқан.
Бұл жағдайда еркектерді де кінәлауға болмайды. Өйткені Ұлы Отан соғысынан көп ер азаматтарымыз ошағына оралмады. Содан баланы ана жалғыз тәрбиелеп қалды. Осылайша бала тек ананың ғана жылулығын сезінді. Міне, өзі отбасы құрғаннан кейін де еркек осы масылдық күйден арыла алмай қалады. Ал өз әйелінен анасындай мейірімділікті, бар жиғанын аузына тосқан сезімді сезіне алмағаннан кейін еркек барып арақ ішеді. «Сен табыс таппайсың, жатыпішерсің, арақтан басқаны ойламайсың» деп әйелінің сөгуінің соңы айқай-шуға, ұрыс-төбелеске ұласып жатады, – дейді психолог.
Әйел мен ер арасындағы жанжалдың туу себебін түсінгендейміз. Ал еркектің балаға қол алып жүгіруіне не себеп?
– Баланы ұрып-соғу, оған тиісу де тектен келетін дүние. Ер адамның бойына қатыгездік бала кезде ұялайды. Яғни егер еркек бала кезде әкесінен соққы алып немесе басқадай қысым көрген болса, «мен де өлген жоқпын ғой» деп соны өзінің бала-шағасына жасайды.
Екіншіден, ерлі-зайыптылардың арасында «сөзсіз соғыс» жиі орын алып тұрады. Яғни күйеуіне ренжіп қалған әйелі оған апталап, тіпті айлап сөйлемей қоюы мүмкін. Әйел осылайша өзінің өкпелі екенін көрсеткісі келеді. Алайда бұл балаға теріс әсер ететінін түсінбейді. Олай дейтінім, әйелі сөйлемей қойғаннан кейін еркек бәлені баласынан іздей бастайды. Оның сабағына, жүріс-тұрысына тиісіп, қол жұмсап та жібереді. Еркек осылайша әйеліне «егер сен маған сөйлемесең, осылай болады» дегенді білдіргісі келіп, тыныш отырған баланы қыспаққа алады. Бала арқылы әйеліме жеткізіп жатырмын деп ойлайды. Ондай бала уақыты шегерілген бомбаға айналады. Отбасында осындай жағдайды көріп өскен бала ертең өзі шаңырақ көтергенде тура соны өз баласына жасайды. Осыдан кейін отбасылық жанжал қайдан туады деп сұрап көріңіз. Бәрі көрген тәрбиеде жатыр.
Қатыгез еркектерді қоғамнан ысырып тастауға болмайды. Керісінше, оларға көмек керек. Бізде қазір ана мен баланың құқығын қорғайтын орталықтар көп. Ал үйде жанжал шықса, біз полиция шақырып, еркекті қаматып жібереміз. Ол жақтан еркек тіпті ызалы болып шығады. Осындай жағдайда біз еркекті абақтыға қаматпай, керісінше, психологиялық көмек көрсететін орынға жіберуіміз қажет. Сонда ер азамат өз қателігін түйсініп шығады.
Бір жағынан қарасаң, бүгінгі еркектер өз ойын ашып айта алмайды. Оған себеп – тағы тәрбие. Ер баланы біз жастайынан «еркек жыламауы керек», «көз жасыңды көрсетпе» деген сияқты тыйыммен өсіреміз. Алайда ол да адам баласы. Бір мезгіл ішіндегі дүниесін сыртқа шығарғысы келеді. Міне, осындай ер азаматтармен жұмыс істейтін орталықтар қажет. Сонда ғана таразы басы теңеліп, екі тарап та қажетті көмек ала алады, – дейді Мөлдір Сабербекова.
Иә, психолог маманның сөзі орынсыз дей алмассың. Себебі «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана қазақ. Осы тұста еркектен қанша қысым көрсе де шағымданбайтын әйелдер мәселесі де қылаң береді. Яғни қанша тяқ жеп жатса да, тиісті орындарға арыз түсірмейді. Бұны үлкендер «ұят болады», «кіммен қарайсаң, сонымен ағарасың» деген секілді ұлттық тәрбиемен байланыстырып жатады. Әрине, әдеп-ғұрып, тәрбиені ұстанған дұрыс шығар. Алайда сол шыдамның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатса, кімге кінә артамыз?
Қалай дегенде де таяқтың екі ұшы бар. Біреулер еркектен көрген қоқан-лоқыға төзбей, бірден құзырлы органдарға хабарлау керек десе, психолог мамандар отағасын абақтыға жапқаннан гөрі олармен де психологиялық жұмыс жүргізу қажеттігін айтады. Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман қауым?

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.