Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аты аңызға айналған батыр

0 272

Ел ерсіз болмайды. Ер елін қорғайды. Қажет болса жанын береді. Өткен тарихқа көз салсақ, Талас өңірінен қол бастаған көсемдер мен от ауызды, орақ тілді шешендер көп шыққан. Осы күні ауыл атын иеленіп отырған Бөлтірік шешен Әлменұлы да Ұлы даланың мақтан тұтар марқасқасы, қазақтың қабырғалы биі, батыры.

Таласта туып, Таласта өскенімен, Сәду ағаның ұзақ жылғы ғұмыры Шу ауданында жалғасын тапты. Қашанда жақсыға мақтанып, бауыр тұтатын халықпыз ғой. Ол кісіні алыста жүрсе де айбат тұттық. «Сәду бүйтіп айтыпты, Сәду бүйтіп кетіпті» деген әңгімелерге де қанық болып жүрдік. Сол кездің өзінде-ақ өзінің жайсаңдығымен, лезде сөз тапқыштығымен есімі аңызға айналған ағамыз небәрі 55 жыл ғана ғұмыр кешіпті. Кейін оның ұлы Мархаматпен Жамбыл облыстық партия комитетінде, кейіннен әкімдікте қызмет істеп жүрген кезінде танысып, сыйлас дос болып кеттік.

1992 жылы Сәду Шәкіровтің 70 жылдығы бұрынғы Кеңес, осы күнгі Бөлтірік шешен ауылында аталып өтетін болып, аудандық газетке материал дайындау үшін Мархаматтан біраз деректер алып, газетке жарияладық. Жиын ауылдың Елібай жотасының тұсындағы қырдың беткейінде өткізіліп, оннан аса киіз үй тігілді. Ол кезде аудан әкімі Дадабаев Ералы ағамыз, «Кеңес» совхозының директоры Бекежанов Балтабай ағамыз жиынның өз дәрежесінде өтуіне барын салды. Ту сонау Алматыдан, Сәду ағамыздың қызмет еткен жері Шу ауданынан, облыс орталығынан, не керек, алыс-жақыннан келген қонақта есеп болған жоқ. Қазақтың ұлттық ойындары өткізілді. Ақындар айтысының тақырыбы батырға арналды. Сол жиында талантты ақын досым Қашағанұлы Нарша Сәдудің бюстінің ашылуына орай өзінің арнау өлеңін оқыды:

Батыр деген жарқ-жұрқ еткен бір алмас,
Батыры жоқ елдің басы құралмас.
Батырларын қастерлеген халықты,
Басқалар да бағаламай тұра алмас.

Басқа елі үшін еңіреген ағалар,
Кеше болды. Бүгін енді жоқ олар.
Ерліктерін ескермесек, бізді де,
Ертеңгі ұрпақ еске алуын доғарар.

Жылдар өтер, қара шаштар ағарар,
Бүгінгі бардың барлығы ертең жоғалар.
Ескерткіштер орнатпасақ ерлерге,
Соңыра біздің соңымызда не қалар?!

Бұл тірлікте біреуді біреу сағалар,
Бұл тірлікте біреуді біреу жағалар.
Өтер бәрі, қалар мына тас тұлға,
Болашақ бізді осы арқылы бағалар.

Алдына кеп тәу етсең де қай күні,
Еске салар Ерлік пенен Қайғыны.
Мына тұрған қола мүсін батырлар,
Біле-білсек, атамекен айбыны.

Болмаса да кемел ойлы кемеңгер,
Батыр елді ол алдында жау төмендер.
Өзгелерге өнеге етіп сақтаңдар,
Өзіміздің Сәду ғой бұл демеңдер.

Күн туғанда ел ісіне жарап бір,
Өтті Батыр. Бізде өтейік санап пір.
Қараңдаршы, сынағандай біздерді,
Қола Сәду кірпік қақпай қарап тұр.

Заман қиын жыламайық, жылайық,
Адам қиын, несін сипап-сылайық.
Қорқақ болмай, шорқақ болмай, қор болмай,
Ел болайық Ер атына лайық.

Иә, шынында да, Нарша жырлағандай, дәл мына қазіргідей алмағайып заманда Сәду сияқты табанды, бірбеткей, адамшылығы мол азамат болу бәрімізге сын. Өзі алып болмаса да, батыр ағамыз ержүректілігін көрсетті. Ені 50-60 метрден аспайтын Талас және Аса өзендеріне қарағанда Днепр теңіздей көрінеді. Ені ең кемі 1-2 шақырымнан кем емес асау өзеннің ағысы анау-мынау салыңды ғана емес, кемеңді аударып тастайтындай жойқын. Сол дүлей теңізді ауылда өскен қазақтың қаршадай ғана қара домалақ баласының балықша жүзіп 3 мәрте арғы жағалауға өтіп, бергі жағалауға жетіп, қайтадан бекініске шабуылдап, 5 бірдей фашисті жер жастандырып, қызыл туды биікке ілуі – бұл енді қайталанбас ерліктің нақ өзі емес пе!

Ол ерлік жайлы толығырақ айтайық. «Әсіресе Сәду Шәкіров Украинада болған шайқаста, Днепрден өту кезінде асқан ерлік пен батырлық көрсетті» (Тараз. Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003. 547-бет). Бұдан басқа «Кеңес Одағының қазақстандық Батырлары» деген анықтамалық кітапта С.Шәкіровтің ел қорғау ісіндегі, майдан даласындағы қалың көпке үлгі-ғибраттық маңызы мол ерен ерліктерінің бірі жайлы толық жазылған. «1943 жылғы 15 қазан. Түн. Десантшылар қайықтар мен салдарға барып отырды. Соңғы бұйрық берілгеннен соң, өзеннен өту басталды. Солардың бірінде қатардағы жауынгер Сәду Шәкіров болды. Жағалауға жетуге шамасы 40 метрдей-ақ қалған кезде біздің ерлерді гитлершілер көріп қойып, қарудың барлық түрінен оқ жаудырды. Аранын ашқан ажал жауынгерлерді саптан жұлып әкетіп жатты. Снарядтардың бірі Сәду отырған салға сарт ете қалды. Көкке шапшыған су жауынгерлердің үстін жауып кетті. Салдың быт-шыты шықты. Мұздай су ішінде жауынгерлер жүзіп, ілгері қарай ұмтыла берді. Сәду Шәкіров сүңгіп кетті де, қалқып жүрген бір бөренеге жабысып, оң жағалауға қарай жылжыды. Тағы да бірнеше рет ұмтылып еді, аяғы қайраңға тиді. Днепрдің оң жағалауына алдымен жеткендердің бірі – Сәду еді. Сол жақ жағалауда өзіне командир берген қызыл жалау мен гранатасын қолына алып, ол дұшпанның траншеясына тұра ұмтылды. Ержүрек солдат бірнеше рет граната лақтырып, гитлершілерді траншеясынан қашуға мәжбүр етті… Командирдің тапсырмасымен Сәду Шәкіров Днепрден үш рет өтіп, пулеметшілер мен байланысшыларды оң жағалауға апарып түсірді. Ерен ерлік те көрсетті… 1943 жылғы 16 қазан күні таңертең біздің жауынгерлеріміз Лоеваның оңтүстік-батыс жағындағы 138,6 биіктікті басып алуға шабуыл жасады. Шәкіров гитлершілердің бесеуін жайратып салып, биіктікке алдымен жетті де, оның төбесіне алқызыл туды қадады».

Сол шайқасқа қатысқан Сәдумен тағдырлас бір салда отырған 13 жауынгердің төртеуі ғана тірі қалды. Сөйтіп, 20 жасында армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысында қиян-кескі ұрыстың бел ортасында болған, әсіресе Беларусь майданында, Днепр жағалауындағы шешуші шайқастарда гитлершілердің озбыр да опасыз әрекеттеріне батыл да ерлікке толы қимылдарымен қарсы тұра білген, елдік мұрат пен ұлттық қасиетті, өршіл рухты асқақтатқан С.Шәкіровке 20 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 30 қазанындағы Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.

«Кеңес Одағының Батыры» атағын алған Сәду Шәкіровке қазақтың біртуар ұлы, академик Қаныш Сәтбаев құттықтау хатын жолдады. Онда былай деп жазылған:
«Құрметті Сәду жолдас!

Қазақ халқы Сіздің Днепр өзенінен ерлікпен өтіп, сол өзеннің сол жағасында күшті плацдарм құрудағы патриоттық іс-әрекеттеріңізді естіп, көл-көсір қуанышқа кенелді. Біз Сізді және қазақ халқының басқа да айбарлы, даңқты ұлдарын батырлығы үшін алған лайықты атақ-дәрежелерін мақтан етеміз. Қазақстанның ғалымдары мен зиялы өкілдері майданға керекті республикамыздағы табиғи ресурстарды игеруге барлық күш-жігерлерін арнап келеді. Қазақстан – қазіргі кезеңде Одақтың майданға жіберілетін металл, жанар-жағармай, қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік, т.т. маңызды базаларының бірі. Қазақстанның тылдағы жұмысшыларының үлкен де ерлікке толы еңбектерінде әкелеріміз бен аналарымыздың, қазақ ғалымдарының үлкен үлестері бар. Ғалымдар мен зиялы жұртшылық өкілдері Сіздің майдандағы ерліктеріңізден қуат-күш алып, Қазақстанның барлық материалдық және идеологиялық ресурстарын зерттеуде өздерінің қажыр-қайратын жұмсап, біздің республикамызды қару-жарақ пен оқ-дәрінің сарқылмайтын арсеналын және майданға қажетті азық-түліктің мол қорын жасауда.

Құрметті Сәду, Сізден өтінерім: біздің ыстық құттықтауымызды қабылдап, өзіңіздің барлық достарыңызға ағайындық-туысқандық сәлем жолдаңыз. Сізге денсаулық, келешекте де жауынгерлік ерліктер тілейміз. Фашистік жауыздарды біздің қасиетті жерімізден тазалап, мәңгіге қуыңыз! Неміс оккупанттарына өлім!
КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумының төрағасы, КСРО ҒА-ның мүше-корреспонденті Қ.И.Сәтбаев. 1943, 28 желтоқсан».

Марапаттауға келгенде ұлтына қарайтын орыс та оның бұл ерлігін мойындады. Батыр атағын берді. Сәду ағамыз одан кейін де Белоруссия, Польша, Германия жерінде талай мәрте ерлік жасады.

Соғыс аяқталған соң, басшылық оны Ленинград қаласындағы (қазіргі Петербург қаласы) әскери училищеге курсант етіп жіберді. Ол оқуды бітірген соң, Сәду ағамыз, кім біледі, ірі әскери қолбасшыға дейін өсер ме еді, бірақ елде қалған әкесі Шәкір мен анасы Әнипаның «елге қайт, балам» деген тілегінен аса алмады. Әрі 1944 жылы туған жерге демалысқа келгенде сөз байласқан болашақ жары Үмітжанның да тілегін орындады. Аңыз етіп айтушыларға қарағанда, Сәду аға мен Үмітжан жеңгенің арасындағы махаббат қиссаларда жырланатын Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатынан еш кем емес. Үмітжан да текті жердің қызы. Көрікті, ақылды, асыл ана бола білді. Сәду ағаның абыройын асырды. Екеуі он ұл-қыз өсірді. Үмітжаны «Батыр ана» атанды.

Айтпақшы, баласы Сәду Днепрде жан беріп, жан алысып жатқан уақытта анасы Әнипаның көктемге салым Талас өзенінде суға кетіп қала жаздаған 3 әйелді жанкештілікпен құтқаруы нағыз ерлікке пара-пар әрекет еді.
Сәду ағаның өмірбаянына үңілсек, еңбек жолын Ақкөл ауылында қатардағы жұмысшы болудан бастап, Ақөзек селолық советі атқару комитетінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Алматы Жоғарғы Партия мектебінің тыңдаушысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы сияқты қызмет өткелектерден өтті. Содан Шу ауданында ұзақ жыл бойы партия, совет қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы оның ерен еңбектері бағаланып, «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. Еңбектен қол үзбей жүріп қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын тауысты. Өзі алымды, өзі білімді Сәдудің аудандық деңгейде қызмет атқаратын жөні де бар сияқты. Бірақ ол «Батырмын» деп кеудесін қақпай, «қызмет бер» деп есік жағалап өмір сүруді ар көрген текті азамат.

Талас ауданының Құрметті азаматы, өзіміз жақсы көретін Сейдуанов Тыныс аға Сәду ағасы жайлы естелікпен бөліскен еді. Сонау Жезқазған облысында бір ауданда мал дәрігері болып қызмет атқарып жүрген жылдары Жамбыл облысының Шу ауданына қызметке ауысады. «Ауданға келісімен Шәкір көкем, Сәду ағам жайлы халықтың мақтауын естіп, арнайы барып сәлем бердім», – дейді ол. Шәкір ақсақал көпті көрген абыз еді. Ал ағамыз болса, бір ауданның еркесі сияқты. Салған жерінен мені өзімсініп, бауырына тартты. Маған ұстаз болды. Тағдыр маған ол кісі өмірден кеткен соң, ағамыз еңбек еткен шаруашылықта партия комитетінің хатшысы қызметін атқаруымды бұйыртты. Ол елде «Сәду айтқан» деген сөздер ел аузында көп айтылады. Осы мақаланы жазу барысында Сәдудің қайын жұрты болып келетін Кіші жүз, Жетіру Таманың кедей атасының балалары ағайынды Мамановтардан әдемі естеліктер естіп масаттанып қалдық. Олардың айтуынша, Сәдудің әйелі Үмітжан апалары 10 ұл-қыз тапқан Батыр ана. Жезделері Сәду жүрген жерін думанға бөлеп жүретін ғажайып адам болған. «Суырыпсалма ақындығы бар, домбырамен қазақтың халық әндерін тамылжыта орындайтын әншілігін айтсаңызшы» дейді олар. Сарысу ауданына келгенде халық «Батыр» деп құшақ жая қарсы алып, төбелеріне хан көтереді екен. «Бірде, – дейді олар: – Сәду жездеміз Сарысуға келіп бір қайын ағасының үйінен телефонмен Қырықбай Асановқа телефон шалыпты. Дауысын өзгертіп: «Әй, Қырықбай, не деген адамсың? Ауылыңа батыр келіп жатыр. Сен болсаң қыбыр етпейсің. Ұят бар ма өзіңде?», – деп аяқ жағында қырықбайшалап сыбап жібереді. Бетіне ешкім келмеген Қырекең қатты ашуланып, телефон соққан үйдің жайын біліп, «Әй, батырым-ай, аузың батыр ғой», – деп дереу машинасына мініп, әлгі үйге барып, Сәдуге сәлем беріпті. Олай қатты ойнайтыны – екеуі жастары шамалас әрі Жоғары Партия мектебінде бірге оқыған жан дос екен. Айта берсе, мұндай әңгімелер халықтың арасында әлі күнге шейін аңыз етіп айтылады. Сонау 1995 жылы жарық көрген шулық журналист Ахметжан Қосақовтың «Ар әмірі» деген кітабында Сәдудің айтқан семсер сөздері молынан келтірілген.
Міне, сол қазақтың біртуар ұлы кешегі қанқұйлы Ұлы Отан соғысында «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған 100 қазақтың біреуі һәм бірегейі Сәду Шәкіровтің 100 жылдығын тойлауға Талас елі жан-жақты дайындалуда. Батырдың атында ауданда бір ауыл, бір мектеп және бірнеше көше бар. Оның есімі Шу ауданында да ұлықталған. Қазақ-қырғыз шекарасында батырдың есімімен аталатын застава да бар екенін айтайық. Өкінішке орай, батырдың есімі бүгінгі жастар арасында көп насихаттала бермейді. Әйтпесе оның өмірі елді, жерді сүюдің эталоны екендігі анық.

Бір сөзбен айтқанда, оның аңыз адам екені ақиқат.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Талас ауданының Құрметті азаматы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.