Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ату жазасынан аман қалған Түгелбай

0 195

Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан жастардың тілегі бостандық, ұлттық мүде жолындағы күрес болатын. Бірақ олар талаптарының ескерусіз қалып, өздерінің аяусыз соққыға жығылатынын, тіпті ату жазасына кесіліп, тас түрмеге тоғытылатынын білген жоқ. Ұлты үшін алаңға атойлап шыққан азаматтардың бірі – Түгелбай Тәшенов.

Алғаш Түгелбай ағаның атын 1992 жылы Қоңырат қаласындағы (Қарақалпақстан) №83 теміржол мектебінде мұғалім боп жүргенімде әріптесім Қоңыратбай Испановтан естідім. Ол кісі маған біздің Қоңырат қаласының Адай ауылынан Түгелбай деген ағаның Алматыдағы 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталып кеткенін, оның жақында ғана түрмеден шығып келгені туралы айтты. Сол әңгімені үйде дастархан басында сөз етіп едім, әкем: «Ол – сенің үйлену тойыңа келген, өзіңнің атаңмен аттас Тұрман атаңның баласы ғой», – деді.
Желтоқсан оқиғасының болғанын мен 1986 жылы Омбы қаласындағы алты айлық әскери дайындықтан өтіп, сержант боп жүргенімде теледидардан көрдім. Ол – желтоқсанның он жетісі күнгі боранды, ызғарлы, қақаған суық түні болатын. Біздің рота сол күні гарнизонның кезекті қарауылдық нарядына түскен едік. Сол түні қарауылдардың постағы орындарын ауыстырып, солдаттарды бекітілген постарына орналастырып, қарауылханаға келсем, мені қарауыл бастығы мен оның көмекшісі автоматымды тапсыртып, казармаға алып келді. Казарманың алдында оталып тұрған тенттелген әскери машинаның үстінде бүрісіп отырған солдаттарға көзім түсті. Қазақтар екен. «Не болып қалды», – деп едім: «Казармаға көтеріле бер. Не болғанын сол жерден естисің», – деген біреуінің дауысын ғана құлағым шалып, жоғары қабатқа қарай бет алдым. Казармаға кіріп келсем, солдаттардың бәрі ояу, орындықтарында қаз-қатар отырып, жоғарыдағы теледидардан көздерін алмай қарап отыр екен. Көк жәшікке қарасам, ақ жаулықты апаның екі қолын жоғары көтеріп, бір нәрселерді айқайлап айтып жатқанын, тағы бір жерінде қазақтарға ұқсайтын топырлаған қыз-жігіттерді, қолдарында қалқаны мен қарулары бар солдаттарды, су шашып жүрген машиналарды көрсетіп қояды.
Командирдің саяси істер жөніндегі орынбасарынан Алматыдағы жастардың кеңес өкіметінің шешіміне қарсы көтеріліс жасап жатқаны туралы білдім. Маған сержанттар дайындайтын мектепте қалмайтынымды айтып, сол жерде әскери билетім мен дайындап қойған киімдерімді қолыма ұстатып, төменде күтіп тұрған машинаға отыруымды бұйырды. Сөйтіп, қалған бір жарым жыл қызметімді Приморск өлкесінің Дальнереченск қаласында өткіздім.
Желтоқсан оқиғасының батыры Түгелбай Тәшеновті бір көріп, сұхбаттасу арман болып жүретін. Оның сәті осыдан он жыл бұрын түсті. 2014 жылы 22 шілде күні Алматы облысының Шамалған бекетінде тұратын үйіне арнайы іздеп барып, таныстым.
Көп ашылып, желтоқсан туралы айта бермейді екен. Желтоқсаншы ағамыз өз сөзінде: «Сол күндері көшеде ажал құшқан Савицкий дегенді марқұм Қайрат, Жамбыл, Қайырғали, мен өлтірген жоқпыз. Қайрат та, біздер де Савицкиий өлген жерде төбелескеніміз жоқ. Мойнымызда адам қаны жоқ», – деп кесіп айтты.
Әңгімеден аңғарғаным, Халық хаһарманы Қайрат Рысқұлбеков пен Түгелбай Тәшеновке ату жазасын кесіп қойған екен.
– Ату жазасынан аман қалуыма Ұлттық қауіпсіздік комитетінің түрмесінде тергеліп жатқанымда маған сол жерде қамауда жатқан үлкен адамдар заңды пайдалану туралы кейбір іс-әрекеттерді үйретіп, оқытып қойғаны көп пайда берді. Савицкийді өлтірген адамды көрсететін жалған куәні дайындап қойған екен. Камераға төрт адамды отырғызып қойды. Есік жағынан кіргендегі бірінші орындыққа мені отырғызыды. Сосын қалған үшеуін отырғызып, тергеуші сыртқа шығып кетті. Сол кезде мен төр жақта отырған төртінші адаммен орнымды ауыстырып отырып алдым. Сырттан кіріп келген куәгер есіктен кірген бойда бірінші отырған адамды көрсетіп, «Савицкийді өлтірген осы кісі» деп тұр. Меннен тергеуші: «Неге орныңды өзгертесің?» – дегенде: заң жүзінде құқығым бар екен айтып, ситуатциядан бір шықтым.
Екінші рет ату жазасынан аман қалуыма өзіммен бірге жұмыс істеген жігіттер себепші болды. Аманқос, Жолтай деген екі жігітке алдарына суреттерді жайып қойып, «Іштерінен сіздермен бірге төбелеске қатысқан жігіттерді көрсетіңдер», – дегенде екеуі де мені көрсетіпті. Мені негізі Савицкий өлген көшеде төбелескен деп айыптаған болатын. Сол екі жігіттің арқасында және Алланың қалауымен мен тағы да ату жазасынан аман қалып, он бес жылға сотталдым. Оның бес жылын отырып, елге келдім.
Менен де «Көп суреттердің ішінен кімдерді танисың?» деп сұраған. Ешкімді танымаймын деп жауап бердім. Бірақ ішінен өзімді көрдім. Басымда басып киіп алған топым болатын. Сол бас киіммен түсіп қалған суреттерімді көрдім. Кейін төбелес қызғанда сол бас киімім бір талға ілініп, қалып кеткен. Мені ұстаған суретте басымда бас киімім жоқ болатын. Сот барысында пәтерімнен «Қазақ ауылы» деген жобамды тауып алып, «Сен ұлтшылсың, осы көтерілісті ұйымдастырғандардың бірі болуың керек» деп те тергелгенім бар, – деді ағамыз.
Темір тордың ар жағында жатқан ағамызға сол жылдары сонау Франциядан Анжелика Дутта деген қыздан хат келіпті. Хатында ол қыз: «Сіздер – демократияның Қазақстандағы алғашқы қарлығаштарысыздар. Мен сіздермен біргемін, Қазақ жастарын қолдаймыз», – деп жазған екен. Сол хатты оқыған түрме бастығы «Сенің шетелмен байланысың бар» деп азаптаған екен. Түрмеден шықан соң үйленген Түгелбай ағамыз екінші қызының есімін Анжелика қойыпты.

Әлімбай АМАНБАЙҰЛЫ,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.