Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қатерлі індеттен сақтанудың жолы – вакцина

0 223

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен көне шаһардағы эпидемиологиялық жағдай және коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша қалалық штаб отырысы өтті.

Шапағат Әбдірұлы

Әлемді дендеген дерттің алдына қалай тосқауыл қоямыз деген әкім штаб отырысында вакцинациялау туралы дәрігерлер мен басқа да лауазымды тұлғалардың есебі және қолға алып істеп жатқан жұмыстары жөнінде, сондай-ақ аурудың алдын алу үшін қабылданатын шараларды ортаға салды. Бұл жолғы отырыстың ел тағдырына қатысты екенін баса айтқан қала әкімі ауруға қарсы іс-қимылдардың көңіл көншітпейтінін жеткізді.
– Біз халықты қорғап қалуымыз керек. Қалада басқа жұмыстың бәрі тоқтап қалса да, осы жұмысты тоқтатпаймыз. Елді аман сақтаудың жолы – вакцина. Ендеше, тездетіп вакцинациядан өткізіп, түсіндіру шараларын жүргізуіміз керек, – деп баса айтты шаһар басшысы.

Жалпы жыл басынан қалада індет жұқтырудың 6585 жағдайы тіркелген. Өткен тәуліктің өзінде 139 адам жұқтырып, 4954 азамат сауығып шықса, 68 өлім оқиғасы тіркелген. Бұл облыс дәрігерлерін аяғынан тік тұрғызған. Бүгінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 355 науқас емделуде. Аурухана 98,6 пайызға толған. Ал 250 орынды облыстық фтизиопульмонология орталығында 264 науқас, 200 орындық қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық бөлімінде 205 науқас емделіп жатса, ауруханалардағы барлық науқастардың 84-і жансақтау бөлімінде жатыр. Ал оның 57-сі – жүкті әйелдер. КВИ-дің күрт өршуіне тыйылмай тұрған тойлар, адамдар көп шоғырланатын іс-шаралар және санитарлық режимнің сақталмауы себеп болуда. Қоғамдық көліктерде тұрғындардың маскалық режимді сақтамау фактілері жиі кездеседі. Үй карантиніне алынғандардың өзін-өзі оқшаулау тәртібін сақтамауы да індет жұқтырғандардың санын арттыруда. Осыған байланысты шұғыл әрекет ету керектігін ескертіп, жиналыс ашқан қала әкімінің алдында бірқатар сала маманы жауап берді.

– Тараз қаласы әкімдігі тарапынан құрылған мониторингтік топ қалада орналасқан кәсіпкерлік субъектілеріне рейдтік жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Тараз қаласы бойынша 74 мейрамхана, 220 кафе, 75 супермаркеттер мен сауда орталықтары, 645 азық-түлік дүкені, 19 сауда базары, 63 құрылыс дүкені, 44 монша жұмыс істейді. Рейдтік шаралар барысында қаңтар айында – 34 хаттама, ақпан айында – 47, наурыз айында – 54, сәуір айында – 72, мамыр айында – 42, маусым айында 43 хаттама толтырылған. Ал шілде айында 36 хаттама толтырылды. Алайда карантиндік режимді бұзу фактілері көбіне мейрамханалар, компьютер клубтары, бильярд, түнгі клубтар, сондай-ақ сауда орталықтарында орын алуда, – деді қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.
Бүгінгі таңда тұрғындардың 41,3 пайызы екпе қабылдаған. Штаб отырысын қорытындылаған қала әкімі Ержан Жылқыбаев індет жұқтырғандар санының күрт көтеріліп кетуіне байланысты шұғыл шаралар қабылдауды, тыйылмай тұрған тойларды, іс-шараларды тоқтату және халыққа екпенің тиімділігін түсіндіру бойынша насихат жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындардың маскалық режимді сақтамау дерегінің көбейіп кеткендігін сынға алып, бұл бағытта тексеріс жұмыстарын қайта жандандыруды тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.