Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атакәсіппен абыройын арттырғандар

0 463

Бүгінде ақсайлықтар “Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру” пилоттық жобасы аясында төмендетілген пайызбен несие алып, мал басын арттырып, өз кәсібін ашуда.

Пилоттық жобаның бірінші, яғни, ауылдық округтегі мал шаруашылығын тиімді пайдалану бағыты бойынша 81 тұрғын несие алған.
Диқандық Жандос Оспанов та қанатқақты жоба аясында 3,5 млн теңге алып, он бас үш-төрт жасар сауынды сиыр сатып алған.
-Өзіміз ауылда тұрған соң, мал шаруашылығымен айналысамыз, – дейді Жандос аға. – Сол себепті, тәуекелге бел буып, отбасылық кәсіп ретінде несие алуға шешім қабылдаған болатынбыз. Құжаттарымызды жинап, тиісті орындарға өткізіп, желтоқсан айында қаржыны алдық. Берілген қаржыға жергілікті тұрғындардың әр сиырды 250 мың мен 350 мың теңге көлемінде сатып алдым. Малды ауылдың жергілікті азаматтарынан алғанды жөн санадым. Төлдеу науқаны да енді басталады. Алдағы уақытта сауынды сиырдың сүт өнімдерін сатуды жоспарлаудамыз. Сүті көбейсе, қаймақ әзірлеп, туысымызға өткізетін боламыз. Ол сүт өнімдерін өзге қалаларда саудалап, табыс табады. Бір жағынан оған көмегіміз тисе, екіншіден өзімізге де пайда.
Жалпы ауылдағы ағайын малдың жайын жақсы біледі. Сондықтан осы бағытта несие алып, жұмысқа кірістік. Көмекшім – ағам. Мал төлдесе, жеке адамдарға беріп, Тобышақты аймағына жіберіп, бақтырамын деп ойлап отырмын. Себебі, ауылдағы жайылымға жібергеннен пайда жоқ болып отыр.
Қора-жайды жақсылап дайындадық. Бір айта кетерлігі, біз ақшаны желтоқсан айларында алдық. Малдың қымбаттау кезеңі. Сонымен қатар, жем-шөптің де бағасы шарықтап тұр. Мәселен, бір түк шөпті 1600 теңгеден алсақ, жемнің келісін 160 теңгеден сатып алудамыз, – дейді ол.
Дегенмен, шаруа мемлекет тарапынан берілген көмектің ауыл тұрғындары үшін пайдалы тұсы бар дейді. Төмендетілген пайызбен несие алған олар несие алушыға бір жыл демалыс берілетіндігі тиімді екенін айтады. Яғни, шаруаға аяқтан тұрғанша уақыт беріліп, өзінің табысын арттыруға мүмкіндік туатындығын жеткізді.
-Әр істің көзін таба білу керек. “Мал баққанға бітеді”. Малдың жай-күйін жасап, уақтылы жем-шөбін берсе, табыс табуға болады. Тек ерінбей, еңбек ете білу қажет. Мемлекет тарапынан берілген осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалған жөн. Қаржыны мақсатты жұмсай білу керек. Біз алты айдан соң, берілген несиенің үстіндегі пайызын төлеп, бір жылдан соң ғана алты ай сайын төлем жасайтын боламыз. Бұл кімге болса да тиімді. Мал төлдеп, мал басы артады. Сүтін пайдаға жаратып, өткізіп, табыс табасыз. Төлдері өсіп, бордақылап, одан да табыс табуға болады. Бір жыл ішінде төленетін қаржыны жинап, уақтылы төлеуге де болады.
Ауылдағы қарапайым тұрғындарға өз жерін тиімді пайдаланып, кәсіп ашып, ісін бастауға мүмкіндік берген мұндай жобаға алғысым шексіз. Бүгін қанатқақты жобаның аясында қорадағы малымыздың басы артты. Шүкір, алдағы уақытта жобаның тиімділігін көру үшін ерінбей еңбек ете береміз. Бұл бастамасы ғана деп білемін,- дейді диқандық Жандос Оспанов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.