Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата Заңды қабылдауға атсалысқан

0 211

халық қалаулысы Жандар Кәрібайұлы туралы үзік сыр

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші және екінші шақырылымының депутаты болған Жандар Кәрібайұлы өткен жылы 80 жасқа толған мерейлі жасына орай сұхбаттасқанымызда: «Тәуелсіз қазақ елі – Қазақстан Республикасының Конституциясы бүкілхалықтық талқылаудан кейін Парламенттің қос палатасында мақұлданып, Президенттің бекітуіне ұсынылған.

Біз де осынау тарихи құжат – Ата Заңның қабылдануына өзіміздің білім-біліктілігімізге қарай хал-қадірімізше үлес қостық. Мен мұны мақтан етемін. Еліміздің егемендігін айшықтайтын Ата Заңның қабылдануына атсалысу, шын мәнінде, бақыт қой!», – деп еді ағынан жарылып. Ешқашан масаттануды білмейтін арда азаматтың көтеріңкі көңіл-күйде айтқан мұндай сөзін дұрыс түсіну керек. Шын мәнінде, анау-мынау адамға бұйыра бермейтін бақыт қой. Ал енді осындай бақыт иесі Жандар Кәрібайұлы кім өзі? Осы жайын зерделеп, әңгімелеп көрейікші.

Бәрі де балалық шақтан басталады ғой, оның балалық шағы керемет тәтті болмаса да, анау айтқандай ащы да болған жоқ. Тәтті болмағаны, Жандар соғыс жеңіспен аяқталған жылы мектепке барған. Ел әлі есін жинай қоймаған кез. Көп нәрсе жетіспейді. Әсіресе, оқу құралдары. Ал балалардың оқуға ынта-ықыласы ерекше. Ащы болмағаны, Әміреқыз ананың бар тілеуі жалғыз ұлдың үстінде. Отағасы ерте қайтыс болған. Жандардың алдындағы 5 қыз тұрмыста. Үйде аналы-балалы екеуі ғана. Әлі мүшелге де толмаған 12 жастағы балаға 14 шақырым жердегі аудан орталығы Ванновкаға (қазіргі Т.Рысқұлов ауылы) жаяу қатынап оқу оңай емес. Осыны ескерген мектеп директоры, Ленин орденді ұстаз Серж Әмірханов ағай оған мектеп жанындағы интернаттан орын бергізген.

«Анама не жақсылық жасадым?» деп жиі-жиі ойға қаламын. Түн ұйқысын төрт бөліп, шығарға жаны бейіл, ауырып қалсам, бәйек болып бірге ауырған, жалғыз ұлының амандығын Алладан жалбарына тілеген, уайыммен жүдеген оның бір күні түгілі бір сәтін де өтей алмадым-ау деп өкінемін. Алғашқы айлығымды алғанда, қуанышым қойныма сыймай желдей есіп ауылға келіп, анамның алақанына салдым. Сол күні анам екеуміз қуаныштан таңға дейін көз ілмедік. Анам «ұлым жігіт болды» деп қуанған шығар, мен «анама алғашқы нанымды жегіздім-ау» деп қуандым. Тағдырдың жазғаны да, қуанышымыз ұзаққа бармады. Екі аптадан соң, 1960 жылдың 21 мамыр күні «анаң қайғылы қазаға ұшырады» деген хабар келді. Мен әкелген ақшаға алғаны бір қорап шай, бір келі қант, қалғаны қалтасында екен. Өмірім астан-кестең болды, жалғыз қалдым. Әпкелерім, атамның інісі, нағашыларым өздерімен-өздері. Қоржын тамда кешке дейін патефон ойнатып тыңдайтыным – Құрманғазының «Қайран шешем» күйі», – деп еске алатын сол бір қаралы күндер туралы Жандар Кәрібайұлы ағамыз.

Анасы дүниеден озғаннан кейін артында алаңдайтын ештеңе қалмаған Жандар жасөспірім кезіндегі «журналист болсам» деген арманның жалына жармасып, ҚазМУ-ға құжат тапсырған. 1965 жылы осы оқу орнының «Филология» факультетін қызыл дипломға бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысына келді. Еңбек жолын Аса ауылындағы мектеп-интернатта неміс тілінің мұғалімі болып бастады. Мұғалім бола жүріп әртүрлі тақырыпта жазған мақалалары аудандық, облыстық газеттерде ара-тұра жарияланып тұрған. Журналист болудан үміті бар. Сабақты ине сәтімен, жазғандары жоғарыдағылардың назарына іліккен Жандар Кәрібаев Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде корректор, әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор сынды қызмет сатыларының бәрінен өтті.

Кеңестік кезеңдегі партиялық тәртіп, қалыптасқан үрдіс бойынша редакторлықтан Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілген Жандар Кәрібаев бұл оқу орнын да қызыл дипломға бітіріп, аудандық партия комитетіне идеологиялық хатшы болып оралды.

– 1991 жылы партия тарап, Кеңес дәуірі келмеске кетті. Мен ол кезде облыстық партия комитетінің ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісімін. Өмірбек Байгелді – облыс басшысы. Өмекең маған облыстық мәдениет басқармасын басқаруды тапсырған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланғанға дейін мәдениет басқармасына жетекшілік еттім. Бұл сала бұрыннан таныс. Жамбыл аупарткомының хатшысы қызметінде мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда біршама тәжірибе жинағаным бар-ды. Қалада, аудандар мен ауылдарда мәдениет ошақтарының оты маздап, қазақ ән-би ансамбльдері қызғалдақтай құлпырып, әуесқой сазгерлердің, термешілердің, айтыс ақындарының шабыттары шалқыған кез еді бұл, – деп еске алатын жаны жайсаң Жандар аға.

Бүгінде өңірдің абыз ақсақалына айналған қайраткер ағаны қазақ қоғамындағы жағымсыз жайттар толғандырған. Қоғамдағы келеңсіз көріністер жанашыр ағаның жанына бататын. Тіпті «жүрегіне шаншудай қадалады» десек те, артық айтқандық болмас. Осы орайда Жандар Кәрібайұлының: «Ата Заңымызда жазылған демократиялық, әлеуметтік, құқықтық, зайырлы жаңа қоғам орнату жастардың бойына аға ұрпақ ұстанған адалдық, әдептілік, жауапкершілік, қайырымдылық, әділдік, имандылық, адамгершілік, отаншылдық сынды асыл қасиеттерді қаншалықты сіңіре алғанымызға байланысты. Заман өзгерген, пиғыл өзгерген тұста бұл оп-оңай бола салатын мәселе емес. Адамның қадір-қасиетін, азаматтық беделін байлықпен өлшейтін дерт атам заманнан келе жатқан құндылықтар жүйесін жүдететіні шындық. Ол шындықты жасыру – шыңырауға құлағанымыз», – деуі көкейге қонады.

Міне, ойындағы осындай игілікті істерді жүзеге асыруда екі рет қатарынан Парламент Сенатының депутаты болған Жандар Кәрібайұлы көп тірлік тындырды. Сенатта Аймақтық даму және өзін-өзі басқару жөніндегі комитеттің жауапты хатшысы болған халық қалаулысы ел мүддесіне сай келетін заңдардың қабылдануына белсене араласып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілген кейбір заңдарға өзінің ұсыныс-пікірін білдірген кездері көп. Сенатор Жандар Кәрібайұлы 20 заң жобасын дайындауға жетекшілік еткен екен.

Жандар аға – өркені өскен әулеттің, шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы, қазыналы қария, абыз ақсақал. Жандар аға Сенаттағы депутаттық өкілеттігі аяқталған соң, бірқатар жылдар «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында жауапты қызмет атқарған. Соңғы кездері Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы болды. Ол ұзақ жылдар партия қызметінде болды. Екі рет Сенаттың депутаты болып сайланған. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы. Көптеген медальдермен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.