Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата-ана сауаттылығын арттыру қажет

0 439

Баланың ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, қоғамды тануы – отбасыдан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөзді жадында ұстаған қазақ халқы бала тәрбиесіне, отбасының бірлігіне, татулығына ерекше мән берген. Сан ғасырлар бойы адамгершілікке негізделіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құны жоғары құндылықтар бүгінгі бала тәрбиесіндегі, әсіресе отбасындағы бағдаршам іспетті.

Бүгінде отбасыдағы ана мен әкенің рөліне ерекше мән беретін, педагогикалық және құқықтық сауатты болуға шақыратын ерекше жоба қолға алынды. Бұл – ішкі саясат басқармасының тапсырысымен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жанынан құралған «Отбасын қолдау мектебі». Жоба негізінде қала және облыс көлемінде түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша қоғамдық қабылдаулар мен семинар-тренингтер өткізіліп, ата-аналарға кеңес берілуде. Аталған жоба қоғамның сұранысына сай жанданып келеді. Отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, ажырасудың алдын-алуға бағытталған жұмыстар тәжірибелі психологтар мен заңгерлердің, басқа да сала мамандарының қатысуымен жүзеге асырылуда. Бақытты және мерейлі отбасылардың қатарын арттыруға жұмыс жасайтын, отбасылық ізгі қарым–қатынастарды насихаттайтын жоба бүгінгі таңда ерекше қолдауға ие болып отыр.

«Отан – отбасынан басталады»– деген осы бір ауыз сөзде қаншама мән-мағына жатыр. Әр отбасы мемлекеттің қорғауында. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Конституциясында (27-бап) «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы, әрі міндеті», – делінген. Ал Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру»,– деп көрсетілген. Осыған қарап, бүгінгі бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасыдан өсіп шыққан тәрбиелі жастардан ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар шығатынына іштей сенеміз.

Халық дәстүрінен, құндылығынан бөлек, отбасылық дәстүр, құндылық деген ұғым бар. Бұл әр отбасының өзіндік ерекшеліктерін көрсететін іс-әрекеттер жиынтығы. Педагогикалық тұрғыдан бағамдасақ, бұл – баланың рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне, асыл қасиеттерге қанып өсуіне мүмкіндік береді. Бала айтқанды емес, көргені мен көңілге түйгенін қайталайды десек, онда ата-аналар іс-әрекеттері арқылы үлгі болу керек деген тұжырымға тап келеміз.

Ата тәлімі мен әже өнегесі, әке қаталдығы мен ана мейірімі баланың рухани кемел болуына септігін тигізеді. Көпшілігіміз байқайтын дүние – ата-әжесінің тәрбиесін көрген баланың қоғамда орны бөлек. Әжесінің әңгімесіне қанып өскен баланың сана-сезімі мен ойлау қабілеті терең, түсінігі мол болады деп бағамдауға болады. Бүгінде ата-әжесінің тәрбиесіне қанып өскен балалар аз. Осы ретте ұтымды мысал келтірсем артық етпес. Кешегі Зере әжесінің тәлімін алып, Құнанбай әкесінің қаталдығын, әділдігін көріп өскен Хакім Абайдың заманы отбасы институтының маңызды екенін көрсетіп берді. Ата-ене мен келіннің татулығы, отбасының бірлігі, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер көрініс тапқан еңбекте қазақ отбасының тұрмысы көрініс тапқан. «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана,ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деген Мұхтар Мағауиннің сөзі де қазақ отбасындағы ана рөлін айқындап бергендей. «Әке–асқар тау, ана–баурайындағы бұлақ, бала–жағасындағы құрақ»,–деген тұшымды ойдың философиялық мәні тереңде. Бұл оймен сабақтасатын тағы бір құнды сөздердің қатары бар. «Балам әкеңнің киімін жоғары қой», «Әкеңнен ұят болмасын»,»Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр»,»Әкеңнен рұқсат сұра»,»Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр, үйді жиыстыр», «Әкеңнің мазасын алма» деген тиым сөздердің қатары отбасындағы әке рөлінің қандай екенін де танытып тұрады. Француздың философ–жазушысы Жан-Жак Руссо: «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа – адам, қоғамға – қызметкер, мемлекетке – азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты»,–деп жазып қалдырған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бала тәрбиесіне ерекше мән берген қоғамның ұтары көп болады десек, ұмытылып бара жатқан «қызға қырық үйден тиым» мен ұлға қажет қасиеттерді насихаттайтын, ана мен әкенің педагогикалық сауатты болуға шақыратын, ата мен әженің үлгі-өнегесін көпшілікке жеткізетін телебағдарламалар мен жобалардың қатарын көбейту қажет.

Орынқыз Жолдасова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының
директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.