Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атқарылған жұмыс аз емес

0 315

Күн өткен сайын көне шаһардың сәулеттік келбеті артып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да қарқынды дамуда. Жылда қала әкімінің есебінде көтерілетін коммуналдық мәселелердің бірқатары өткен жылы шешімін тапты.

Арайлым ШАБДЕНОВА, Суреттерді түсірген С.АБЖАПАРОВ

Биыл халықпен бетпе-бет кездесіп тілдеспесе де, қала әкімі Айтқазы Қарабалаев онлайн режимде жыл бойына атқарылған жұмыстың нәтижесімен қатар, әр округте жасалған жұмыстарды көпшілікке таныстырды. Сауалдар тек «Facebook», «Instagram» арқылы ғана емес, «WhatsApp» желісі арқылы да түсті. Газетте сегіз аумақта атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен түскен арыз-шағымдарды назарларыңызға ұсынамыз.

№4 аумақтың тыныс-тіршілігіне тоқталған шаһар басшысы жеткен жетістіктерге де тоқталды.

– Өткен жылы осы аумақтық округте өткен есепті кездесу барысында 3 азамат сөз сөйлеп, 4 ұсыныс-пікір түскен болатын, бүгінгі таңда үш мәселе орындалса, 1 сұрақ орындалу үстінде. Берілген сұрақтарға тоқталып өтетін болсақ, Тараз қаласы, Барысхан, №44/7 үйдің тұрғыны Нүрила Әмзеқызының ұсынысы бойынша «Барысхан» алқабындағы мектеп оқушыларын тасымалдау үшін 2 автобус сатып алынды. Ал «Қарасай» алқабы, Набережная көшесі, №45 үйдің тұрғыны Бахром Ғалиевтің ұсынысын ескеріп, 4-ші аумақтық округ бойынша 2019 жылы 31 көше, 12 бұрылыс, 1 тұйық, 1 өткелге аншлагтар қойылса, 2020 жылы 17 көше, 21 бұрылысқа аншлагтар орнатылды. Сондай-ақ Байқоразов көшесі, №98 үйдің тұрғыны Ж.Мырзабекованың сұранысына сәйкес 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап Байқоразов көшесі арқылы №42 автобус бағыты Ақбұлым ауылына қатынауда, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Жалпы «Барысхан» тұрғын алқабын сумен қамтамасыз етудің 2-кезеңінің құрылысы аяқталса, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы пайдалануға тапсырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Байқоразов көшесінің 1,1 шақырым тротуарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше бойына 5 автобус аялдамасы орнатылды. Ал 108,2 млн теңгеге «Кірпіш зауыты» алқабының су құбырлары ағымды жөндеуден өтті. «Қант зауыты» алқабындағы «Даңқ» аллеясына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 3 нысан бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің аула алаңшалары абаттандырылды. Округтегі №6 орта мектепке «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында турникеттер орнатылып, мектеп ғимаратынан қосымша жылы ішкі әжетхана ашылды. Сондай-ақ аумақтық округте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында №14 орта мектеп аумағынан 288,8 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені тұрғызылса, 17,4 млн теңгеге «Барысхан», «Тектұрмас» алқаптарына 2 кіші футбол спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген.

Сондай-ақ №5 аумақтық округте де атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 644,3 млн теңгеге 15 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткізілген. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 1,8 шақырым Т.Рысқұлов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Шостакович көшесі мен Б.Момышұлы көшесі 4-ші бұрылысының су құбырлары ағымды жөндеуден өткен. Сондай-ақ С.Сейфуллин мен Д.Қонаев көшелерінің қиылысында сквер құрылып, 139 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 69 аула алаңшасы абаттандырылды. Округтегі №№36, 42, 46 орта мектептерге қосымша бейнебақылау қондырғылары орнатылса, №25 орта мектептің ішкі әжетханалары жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар аумақтық округте 1 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені (№25 мектептің аумағы), 3 спорт алаңшасы («Қаратау» м/а №1-5 үйлер, «Аса» м/а №15 үй, №42 мектеп), 4 «street workout» спорт алаңшасы («Ақбұлақ» м/а №15, «Қаратау» м/а №1-2, 20, «Аса» м/а №3 үйлер) салынып, пайдалануға берілген.

– Өткен жылы №6 аумақтық округте өткен есепті кездесу барысында 2 азамат сөз сөйлеп, 4 ұсыныс-пікір түскен болатын. Бүгінгі таңда 3 мәселе орындалса, 1 сұрақ бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 33,4 млн теңгеге Әйтиев көшесі №29 үйдің шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 5,6 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 13,2 млн теңгеге Глинка көшесінің су құбыры, Попов көшесінің кәріз жүйесі ағымды жөндеуден өтті. 7 көшедегі (Абай, Жамбыл даңғылдары, Қонаев, Комратов, Қойгелді, Желтоқсан, Әйтиев) лоток желілері ауыстырылса, 29 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 13 аула алаңшасы абаттандырылды. Білім саласы бойынша да атқарылған жұмыстар көп. Округтегі 182 отбасы (728 адам) 4,7 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алса, 85 отбасына (416 адам) 39,5 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 1-6 жас аралығындағы 272 бала ай сайын 2449 дана азық-түлік жиынтығымен, тоқсанына бір рет 820 дана тұрмыстық химиялық тауарлармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ аумақтық округте Әйтеке би көшесі №30, Төле би даңғылы №50, 60 үйлердің аумағында 3 «street workout» спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді, – деді №6 аумақ тұрғындарының алдында есеп берген шаһар басшысы.

Төле би, Абай, Байзақ батыр, Қойгелді батыр мен Ташкент көшелерінің қиылысынан Абай даңғылына дейінгі аумақты қамтитын №7 аумақта да жыл бойына атқарылған жұмыс аз емес.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 302,6 млн теңгеге 12,1 шақырым автомобиль жолдарына (Байзақ батыр, Бабушкин, 1,3-бұр. Өзбек, Әлімқұлов, Фазлаев, Франко, 1, 2, 3, 5-бұр. Тәкенов, Аққозиев, Демесінов, Калинин, Қазыбек би, Әйтеке би, Майқы би, 4-бұр. Ташкент көшелерінде) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 128,9 млн теңгеге 9 көшенің су құбырлары ағымды жөндеуден өтті. Бесдермен каналы арнасының лоток желілері ауыстырылса, 8 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 4 аула алаңшасы абаттандырылды. Білім саласы бойынша округтегі №24 гимназияға қосымша бейнебақылау қондырғысы орнатылды. Қашықтан оқытуға байланысты округтегі 5 мектеп оқушылары үшін 558 дана компьютер техникасы (планшет, моноблок, ноутбук) берілсе, жалпыға міндетті білім беру қорынан 721 оқушы көмек алды, – деді шаһар басшысы.

Онлайн режимде округ тұрғындарынан түскен сауалдар бойынша да шаһар басшысы сала мамандарына тапсырма беріп, ұсыныстардың уақтылы шешілуін өзі қадағалайтынын айтты. Қала тұрғыны Ербол Аралбаев желі арқылы Громов, Есеней, Сағындық көшелерінің жолын жөндеп беруді өтінсе, Света есімді тұрғын Сеңкібай мен Қапал каналдарын тазартуды өтінді.

№8 аумақ құрамына мөлтек аудандардың бірқатары кіреді. Былтыр бұл аумақта атқарылған жұмыстарға халық оң бағасын беруде.

– Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 2 млрд 187,1 млн теңгеге 51 көпқабатты тұрғын үйдің (3 м/а – 8, 4 м/а – 12, 6 м/а – 4, 7 м/а – 13, 9 м/а – 14 үй) шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 28,4 млн теңгеге Қ.Тұрысов көшесінің (Шостакович көшесінен І.Жансүгіров көшесіне дейін) су құбырына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 78 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 33 аула алаңшасы абаттандырылды. Ал №41, 45 гимназияларға спорт алаңдары (12,2 млн теңге) орнатылса, №40, 45 гимназия мен №12 бөбекжай-бақшасының аулаларына абаттандыру жұмыстары (29,0 млн теңге) жүргізілді. Қашықтан оқытуға байланысты округтегі 7 мектеп оқушылары үшін 560 дана компьютер техникасы (планшет, моноблок, ноутбук) берілсе, жалпыға міндетті білім беру қорынан 2246 оқушы көмек алды (киім-кешек, кеңсе заттары, мектеп формасы). Округтегі 438 отбасы (1752 адам) 10,3 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алса, 503 отбасына (2471 адам) 164,3 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 1-6 жас аралығындағы 470 бала ай сайын 4237 дана азық-түлік жиынтығымен, тоқсанына бір рет 1713 дана тұрмыстық химиялық тауарлармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ аумақтық округте 4 кіші футбол (№41,45 гимназиялар, «Талас» (6) м/а №9, «Мыңбұлақ» (9) м/а №17 үйлер) және 4 «street workout» спорт алаңшалары («Жайлау» (3) м/а №13, «Салтанат» (4) м/а №19 үйлер) салынып, пайдалануға берілді, – деді әкім.

Есеп беру барысында барлық сала бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі экран арқылы да көпшілікке таныс-тырылды. Шаһардағы №№9-10-11 округ тұрғындарының алдында есеп берген қала әкімі алдымен салалардың жеткен жетістіктері мен шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына тоқталды. Сонымен қатар қай округте, қай тұрғынның өтініш-арызы орындалғанын, қай сұрақ өз кезегін күтіп тұрғандығын да атап өтті. Есепті кезеңде Айтқазы Қарабалаев әр округтегі іске асырылған жұмыстарды ортаға салды.

– Қарбаласқа толы қала тіршілігінің өткен жылғы көрсеткіштері мен алдағы жұмыс жоспарлары сіздерге таныстырылды. Мемлекет басшысының, облыс әкімінің алға қойған мақсат-міндеттерін орындауда осы жылы да орасан зор жұмыстар күтіп тұр. Оның барлығын өздеріңізбен бірлесе отырып, ынтымақ-бірліктің арқасында жүзеге асыратын боламыз, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Шаһар басшысы сондай-ақ әр жиынның соңында тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға, бас дәрігердің қаулысына сәйкес ескертпелерді орындауға шақырды.

– Әрине, пандемия елімізді айналып өтпеді. Бүгінде еліміздің қалалары түрлі аймақтарға бөлініп, аурудың таралу жолын болдырмау мақсатында жан-жақты жұмыс істеуде. Індетке байланысты бүгінде қалада науқастардың саны күн санап артуда. Өткен жылы 2260 жағдай тіркелсе, жыл басынан бері инфекцияны 500-ден астам адам жұқтырған. Әлі де той-томалақ, ас беру, қонақ шақыру тыйылмай тұр. Мобильдік топтар күнделікті рейд жұмыстарын жүргізіп, заңды бұзғандарға айыппұл салып жатса да, біздер тойлау-дан тыйылмай отырмыз. Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, «қызыл аймаққа» ілікпес үшін бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Пандемияны өршітіп алмай, жақындарымызға жанашыр болайық, – деді Айтқазы Қарабалаев.

Әр есептің соңында әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдарға жауап берген қала әкімі өзге де сауалдардың жауапсыз қалмайтындығын еске салды. Ағымдағы жылдың 12 ақпанында қорытынды есеп беретін шаһар басшысы әлеуметтік желі бойынша да сұрақтарды саралап, тұрғындардың тілегін ескерусіз қалдырмайды.

Шаһардың келбеті келісті

Тараз қаласының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді. Оның сыртқы келбеті көркейіп, жаңа кәсіпорындар ашылса, ескі өндіріс орындары қайта жандануда. Тараз Ұлы Жібек жолы бойындағы көне әрі көркем қала ғана емес, бүгінде жаңа нысандармен өзге шаһарлардан көш ілгері жылжып, туризмнің жаңа бағыттарына жол ашылды. Оған қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың есебінде айтылған әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айқын дәлел.

Өткен жылы басталған пандемия жұмысқа кері әсерін тигізді десек те, қаламызда Президент тапсырмаларына сәйкес және облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Төле би даңғылының бойындағы (Сыпатай батыр көшесінен бастап Аққозиев көшесіне дейінгі) «Арбат-1» сквері мен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі ел игілігіне берілсе, Адамбаев көшесінің бойындағы «Арбат-3» нысанының құрылысы аяқталып, қаланың көркіне көрік қосып тұр. Сонымен қатар жаңадан соғылатын 14-ші мөлтек ауданның маңынан «Біз біргеміз» скверінде монумент ашылса, Қонаев көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы сквері мен «Қант зауыты» аумағындағы «Даңқ» аллеялары абаттандырылды. Бұл да тұрғындардың игілігіне жасалған жұмыстардың жемісі. Сондай-ақ «Тектұрмас» мәдени-этнотарихи кешенінің маңындағы Талас өзенінің жағалауын және саябақ аумағын абаттандыру жұмыстары және Қазыбек би көшесінің бойында «Анаға тағзым» кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Ал өткен жылы «Тектұрмас» мәдени-этнотарихи кешені инженерлік желілермен қамтамасыз етілсе, ағымдағы жылы осы кешендегі «Көне-Қамал» имаратының және Әулие-Ата ескерткішінің аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталатын болады. Алда атқарар ілкімді істер тек жемісін берсін.

Амина ҚАЙНАЗАРОВА,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Мәдениет өзімізден басталады

Биыл шаһар басшысының халық алдындағы есебі пандемияға байланысты онлайн режимде өтті. Десе де, әлеуметтік желі арқылы мен өз округімнің есебін көріп, атқарылған жұмыстарға оң бағамды бердім.

Осы уақытқа дейін қала бойынша көтерілген басты тақырыптар тұрғын үйге, коммуналдық мәселелерге қатысты еді. Бұл проблемалар жыл сайын өз шешімін тауып жатқандығы қуантады. Айтқазы Қарабалаевтың есебінен естігеніміз бойынша тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге 3 млрд 378,0 млн теңге қаржы қарастырылып, 80 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ал қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында мердігер мекемелердің демеушілігімен орталық көшелерде орналасқан 41 үйдің қасбеттері және 15 үйдің қабырғаларына Нұр-Сұлтан қаласының зәулім ғимараттары мен ұлы тұлғалардың суреттері бейнеленген муралдар салынды.

Иә, біздер «әкімдік барлығын жасап береді» деген қатып қалған қағидадан арылуымыз керек. Біздің округ мөлтек аудан болғандықтан, жылда көтерілетіні сол қоқыс мәселесі, балалар ойын алаңшасы жоқ, жертөле суға толды болмаса тағысын тағы. Бірақ бұл мәселелер өз легімен шешімін табуда. Біздер тазалықты табалдырықтан бастап, ұл-қыздарымызға мәдениетті үйде үйретуіміз керек. Бұл орайда қала әкімінің көтерген бірқатар мәселелері де көңілімнен шықты. Қалада атқарылған жұмыстарды жоқ деу – үлкен қателік. Заман талабына сай түрлі саябақтар мен скверлер, ескерткіштер салынып, халық игілігіне берілуде. Көшелер жарықтандырылып жатыр. Бізге қойылатын ең басты талап – қолдағы бардың қадірін біліп, аялап ұстау. Сындырып, қирату емес, құрап, жамау. Шаһарда атқарылған жұмыстар одан әрі жандана берсін!

Зере ҚҰРБАНҚЫЗЫ,
қала тұрғыны

Әкім сөзінде тұрды

Қала әкімінің атқарып жатқан жұмыстарын барлық әлеуметтік желілер бойынша көріп, біліп жүрміз. Бірақ мені қуантқаны – Айтқазы Қарабалаевтың сөзінде тұрғаны.

Мен №8 аумақтың тұрғыны ретінде шаһар басшысына сауал жолдаған тұрғынның тілегі бірден орындалғанына риза болдым. Шостакович көшесінің бойындағы көпірдің жыры жылда көтеріліп жүрген мәселе еді. Қыста оның үсті көктайғақ мұз болып, жүру мүмкін болмайтын. Ал көпір астындағы арық қоқысқа толы және қамыс өсіп кеткен еді. Бұл көпірден күнделікті өтемін. Тіпті екі рет құлап, дене жарақатын алғанмын. Есепте бұл мәселе әкімге жетіп, жиын аяқталғаннан кейін Айтқазы Дәулетқұлұлы бастаған бір топ атқамінер азаматтар көпірдің жайын келіп көзбен көрді. Тіпті әкім бірқатар тапсырмалар беріп, учаскелік инспекторға көпірді ретке келтіруге 2 сағат уақыт берді. Тапсырма уақтылы орындалды. Қуантарлығы да сол. Көпір сырланып, жан-жағы қоқыстан тазарып, үстіне резина төселді. Барша жұмыс жасаған жандарға тұрғындар атынан алғыс білдіремін.

Аида ДӘУЛЕТ,
«Самал» мөлтек ауданының тұрғыны

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.