Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атқарылған жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр

0 431

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына көтерілгеніне 30 жыл толған еліміздің қазіргі сын-қатерлерді еңсере отырып, келешекке сеніммен қадам жасауы үшін бүгінгі басты мақсат-міндеттерді нақтылап берді. Соның ішінде өңірлік саясатты уақыт талабына сай жетілдіруге қатысты міндеттерге басымдық берілуі көпшілік көңілінен шықты деуге болады.

Өңірлік саясатты жетілдіру ісі – елімізді дамытудың, халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырудың, азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдаланудың тиімді жолы. Аталған бағытта қолға алынған ауқымды шаралардың оң нәтижесі қоғамда анық байқалып отыр. Оған жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық қордаланған мәселелердің шешіле бастағаны, тұрғындардың өз өңірлеріндегі, ауылдарындағы түйткілдерге байланысты шешімдер қабылдауға қатысуының деңгейі өсе түскені, төртінші бюджетті қалыптастыру бағытында нақты әрі жүйелі шаралардың қолға алынуы және басқа игі қадамдар айғақ. Әсіресе, шалғай елді мекендерді дамыту мақсатында ілкімді істер қолға алынды. Бұл игіліктен Мойынқұм ауданы да кенде емес.
Айталық, ауданда жолдардың сапасына баса мән берілуде. Бүгінде өңірде автомобиль жолдарының ұзындығы 984,6 шақырымды құрайды. Былтыр жол құрылысына 371,9 милиион теңге қаржы бөлініп, 12,6 шақырым елді мекен көшелері орта жөндеуден өтті. Оның ішінде «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 4,9 шақырымды құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Оның біреуі ағымдағы жылға өтпелі. Сондай-ақ 35 миллион теңгеге аудандық мәндегі жолдарды жазғы-қысқы мезгілдерде күтіп ұстау жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 100 пайызды құраса, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 73,4 пайызға жетті.
Биыл алға қойған жоспарымыз жұмыр. Мәселен, жол саласына бөлінген 727,3 миллион теңгеге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Көкжелек ауылында орта жөндеу жүргізіліп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 3 жоба жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ аудандық бюджет тарапынан тағы 3 жоба іске асырылады. Бұған қазына қаржысынан 139,9 миллион теңге жұмсалмақ. Егер бұл жұмыстар толығымен әрі сапалы жүзеге асар болса биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 100, елді мекен көшелері бойынша 80,9 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
Халықтың тіршілік нәрінен таршылық көрмеуі – мемлекетіміздің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Бүгінде Мойынқұм ауданынддағы 24 елді мекенде 31920 адам тұрады. Оның ішінде 19 елді мекендегі 28797 тұрғын ауыз суға қол жеткізіп отыр. Қалған 5 ауыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай 2025 жылға дейін 100 пайыз таза ауыз судан шөл қандырмақ. Тарқатып айтсақ, 2022-2023 жылдары Ақсүйек, Көкжелек, 2024-2025 жылдары Ақбақай, Қашқантеңіз ауылдары инфрақұрылымның игілігін көреді. Осы мақсатта Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысына 2022 жылы бюджеттен 186,8 миллион теңге қарастырылып, жоспарланған құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы «Мелиоратор» ЖШС-мен 1 156,1 миллион теңгеге қосымша келісім шарт жасалды. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Сондай-ақ Көкжелек ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысына былтыр бюджеттің нақтылауынан 222,222 миллион теңге қарастырылып, жоспарланған құрылыс жұмыстары толығымен жүргізілді. Ал биыл «СпецКоммуСтрой» ЖШСмен 172,8 миллион теңгеге қосымша келісім шарт әзірленіп, бұл жұмыстар ағымдағы жылы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек Бірлік ауылына тұщытқышты (мембраналық) қондырғы орнату үшін 2022 жылдың бюджетін нақтылаудан 338,907 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта ауылішілік құбырларға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге құрылыс бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қоса Хантау ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысына 2023 жылға 533,451 миллион теңге бөлініп, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталында өтінім берушілердін құжаттарын қарау сатысында.
Түйіндей айтқанда, өңірлік саясатты жетілдірудегі ортақ мақсат айқындалып, ортақ міндеттер де нақты белгіленді Әрине, оның жауапкершілігі де баршамызға ортақ болуға тиіс. Өңірлер өркендесе, тұтас ел де көркейе түсері сөзсіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жалғасады.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.