Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атқарылған тірлік ауқымды, жоспар жұмыр

0 160

Бүгінгі күні Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша шаһардың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуында оң өзгерістер қалыптасқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баян етті.

Шаһар басшысының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 326,4 млрд. теңгені құрап, 106,8 пайызға жетсе, ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 5,4 млрд. теңгені құрап, 100,1 пайызға орындалған.
Инвестиция елдің игілігі деп бекер айтпайды. Бұл тұрғыда шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мәселен, биыл 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Дәмді себет» ЖШС-нің «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы іске асырылды. Жоба құны 700 млн. теңге, жылдық қуаттылығы 2 160 тонна өнімді құрайды. Ашылған жаңа жұмыс орындары 105 бірлік. Сондай ақ, қала аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 32,2 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар іске асырылғанда 884 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
– Бұдан бөлек, шаһар аумағында «Тараз» ӘКК» АҚ-да 100 пайыз сенімгерлік басқаруымен «Тараз» индустриялық аймағы ЖШС жұмыс істеуде. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің кіші индустриалды аймақтардың құрылысын қолдау бағдарламасымен «Кемел» тұрғын алқабы маңынан көлемі 28,0 га болатын «Кіші индустриалды аймақ» құру жоспарлануда. Бұған қоса Жамбыл ауданының Тараз қаласына қосылатын аумағынан аталған 28,0 га жермен жалғасып жатқан жерден 32,0 га жер резервке белгіленді. Бүгінгі таңда қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің тізімін анықтау үшін Тараз қаласы әкімдігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және «Тараз» индустриалды аймақ» ЖШС-мен бірлесіп бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Шаһар аумағында орналасқан шағын және орта кәсіпкерліктегі тұлғаларға жеке-жеке түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар нәтижесінде құны 3,3 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба анықталып отыр, – деді қала әкімі.

Биыл 44 көше жөнделуде

Жол жөндеу жұмыстары әрдайым айрықша маңызға ие. Тақтайдай тегіс жол жайлылық сыйлап ғана қоймай, тұрғындар қауіпсіздігінің де кепілі. Бүгінгі күні шаһарда жол жөндеу жұмыстары қарқын алып жатқаны баршаға белгілі. Айталық, ағымдағы жылы ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын 44 жобаны орташа жөндеуге қалалық бюджеттен 3 361 748,9 мың теңге бөлінген. Бұл туралы шаһар басшысы кеңінен тоқталды.

–Бүгінгі күнде конкурс нәтижесі бойынша 44 нысанда мердігер анықталып, оның 15-не асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар Саңырақ батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтуде. Ал көптен бері мәселесі шешілмей келе жатқан «Бурыл» алқабын орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер мекеме – «Арайстроймаркет» ЖШС. Қалған жұмыстар 2024 жылға қарастырылған. Сондай-ақ, «Барысхан» тұрғын алқабындағы қоғамдық көлік жүретін негізгі 2 көше жөндеуден өтеді. Қалған көшелер келесі жылы толық асфальтталады. Бұған қоса шаһардағы ықшамаудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеуге «Ерлан и К» ЖШС-мен жұмыстар басталды. Одан бөлек саяжай алқаптарына баратын жолды ағымды жөндеуге «НұрАбдрахман жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілу- де, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Қоғамдық көліктердің саны артты

Облыс орталығында қоғамдық көлік мәселесі қашанда зор сұранысқа ие. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін сауалдардың көпшілігі осыған байланысты. Соған орай тұрғындардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында №19 маршрут бағыты «Шалғай Қарасу» алқабына, №55 және №28 бағыттары «Ұлы Дала» (15) ықшам ауданына, №12 және №34 бағыттар «Родничок», «Қайнар» алқаптарына дейін созылды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі наразылықтар туындаған «Шөлдала», «Құмшағал» алқаптарына қызмет көрсететін №54 бағыттының кесте саны 5-ке дейін көбейтіліп, жүру аралығы 20 минутқа қысқартылса, қосымша 3 кестемен «Құмшағал», «Көлтоған» алқаптары – Темір жол вокзалы бағытында қызмет көрсетуді бастады.
Тағы бір атап өтерлігі, жыл басынан бері шаһарға 38 жаңа автобус жеткізілген. Атап айтқанда, «Автобус паркі-2020» ЖШС-мен «ZHONG TONG» маркалы 20, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-мен «ZHONG TONG» маркалы 3 бірлік «ПАЗ» маркалы 5, «Smart City Servise» ЖШС-мен «Golden Dragon» маркалы 10 бірлік автобус әкелінген. Сонымен қатар, «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 бірлік «Yutong» маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 15 бірлік автобус жеткізу жоспарда бар екен. Сонымен қатар «Smart City Servise» ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Сондай-ақ 36 жаңа аялдама, 9 жарық диодты таблолар орнатылған.

Жарқыраған көшелер – қауіпсіздік кепілі

Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша 493 көше мен бұрылыс түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Нақты айтсақ, бұл жұмыстарға 2021 жылы қалалық бюджеттен 180 млн, 2022 жылы 180 млн, 2023 жылы- 500 млн. теңге қарастырылған. Осылайша, биыл 68 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттар электр тасымалдайтын мекемеге өткізілуде. Сондай-ақ, қосымша тағы 15 көшеге жарық шамдарын орнату жұмыстары аяқталған. Осының нәтижесінде Тараз қаласы бойынша биыл 83 көше самаладай жарқырайды.

Баспана – бақыт шамы

Шаһардағы №15 «Ұлы дала» ықшамауданында 37 көппәтерлі тұрғын үйдің және Аскаров көшесінің соңындағы алқапта 16 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын салуға облыстық бюджеттің ішкі көздерінің қаражатынан берілетін кредиттер есебінен 11 698,8 млн. теңге бөлініп, 4 880,0 млн. теңгесі игерілген.
Бүгінгі күнде жалпы жобалау жұмыстары барысында, қала аумағын заман талабына сай дамыту, көркейту және жер кезегі мен пәтер кезегіндегі азаматтарды қамту мақсатында, қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен және 2 саяжай қосу жоспарлануда. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағын Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен 12905,3 га ұлғайту жоспарлануда, нәтижесінде қала аумағы 31693,7 га құрайтын болады.
Қазіргі таңда Тараз қаласының бас жоспарын әзірлеу жұмыстары аяқталып, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитетінен» кешенді қала құрылысы сараптама комиссиясының қорытындысы алынды. Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы НҚА (нормативтік құқықтық актілер) ашық порталында талқылау үшін жарияланды.
Ағымдағы жылы Тараз қаласының бас жоспары бойынша екі әкімшілік аумаққа бөлу жұмыстары аяқталады. Халық арасында «Залиний» аталып кеткен тұрғын алқаптың халқы қолайлы өмір сүруі үшін және қаламен қарым-қатынасты нығайту үшін 2-ші әкімшілік ауданның әкімшілігі, драма театр, спорттық сауықтыру кешені, сауда ойын сауық кешені, саябақ және оқушылар сарайы жоспарлануда.
2024 жылы 2-ші әкімшілік ауданның құрылысы басталады. Бас жоспарға сәйкес, Абай даңғылы арқылы Залиний алқабын Тараз қаласының орталығымен байланыстыру үшін және Абай даңғылын «Әулие-Ата» шағын ауданы арқылы Кенесары хан даңғылына кесіп өту көпір құрылысы кептелісті болдырмау үшін көпір құрылысының жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
2024-2025 жылы шаһар аумағынан өтетін «Ұлы Дала» шағын ауданындағы «Түйте» және «Үшбұлақ» каналдары абаттандырылады. Сонымен қатар, қала аумағынан өтетін каналдарды абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында «Дизайн код» жобасы да әзірленуде. Аталған жоба негізінде көше жолдарының реттелуі, жаяу жүргіншілерге барынша жағдай жасау, веложолдар қарастыру, ғимараттардың қас беттерін реттеу қарастырылады. Қазіргі таңда қала аумағында абаттандырылатын көшелер 30 шақырымды құрайды.
№15 «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябақты абаттандыру және «Мамыр» саябағын абаттандыру бойынша эскиздік жобалары әзірленіп, абаттандырылмақ. Сондай-ақ, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені жасыл желек белдеуіне эскиздік жобасы әзірленіп, тал егу жұмыстары басталыпты.

Азық-түлік бағасы бақылауда

Қазіргі таңда шаһар аумағындағы 635-тен аса азық-түлік тауарларын сататын сауда дүкендері жұмыс істейді. Оның ішінде: ірі сауда орында-ры – 50 сауда желілері, шағын маркет – 42 сауда желілері, үй маңындағы дүкендер – 543 сауда желісі. Апта сайынғы жүргізілетін мониторинг нәтижесінде қаладағы үй жанындағы шағын 50-60 азық–түлік дүкендері қамтылуда. Сонымен қатар, шаһардағы 4 ірі сауда орталықтарында әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіліп, талдау жасалуда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме бағасын 15 пайыздан асырмау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаладағы 4 ірі сауда орталықтарында әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізілуде.
Сондай-ақ жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме ақысын 15 пайыздан асырмау жөнінде 410 дүкенмен, 46 сауда желілісімен меморандум жасалынды. Қалған сауда дүкендерімен меморандумға тұру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айының 11–ші жұлдызынан бастап әр аптаның сенбі күндері Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен шаһардағы «GRAND BAZAАR» сауда кешені алдында 26 жәрмеңке өткізіліп, 687,1 млн. теңгеге 1 076 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен өткеріліпті.

Қаланы сумен жабдықтауда серпін бар

Облыс орталығын сумен жабдықтау бойынша да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Тараз қаласының жеке және заңды тұлғаларын ауыз сумен және кәріз қызметтерімен қамтамасыз етеді.
Бүгінде қаланың 92,4 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Жер астынан су көтеру үшін 90 дана жерасты су ұңғымалары жұмыс істеуде.
«Жамбыл су» МКК тарапынан инвестициялық бағдарлама аясында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Кеңінен тоқталар болсақ, 17 нысан бойынша 4183 м құрайтын су желілері ауыстырылады. Құны – 225,9 млн. теңге. Қазіргі уақытта ұзындығы 2 476 м болатын 11 нысандағы жұмыстар аяқталды, сомасы – 142,8 млн. теңге.
8 нысан бойынша ұзындығы 2 497 м құрайтын кәріз желілері жаңартылады. Құны – 87,7 млн. теңге. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 1562 м құрайтын 5 нысандағы жұмыстар аяқталды, сомасы – 53,7 млн. теңге. Жауғаш батыр, Тәуке хан көшелеріне жұмыс жоспарлануда.
Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, жаңа техникалар мен қондырғылар сатып алу көзделіп отыр.
«Тараз қаласында канализациялық тазарту құрылысы» жобасын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар айында Техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) орындауға Техникалық тапсырма әзірленді. Оған сәйкес Еуропалық Қайта Құру және даму банкінен (ЕҚДБ) грант бөлінді, ТЭН әзірлеушісін анықтауға конкурс өткізілді және «СЕСТ Consulting» компаниясы, Словения атынан жеңімпаз анықталды.
2023 жылғы мамырдан бастап ТЭН әзірлеу жүргізілуде, қазіргі уақытта заманауи модификациялық шешімдермен сарқынды суларды үш сатылы тазартудың классикалық технологиясы айқындалды. Бұл технология ағынды суларды тазартудың қажетті деңгейіне және ҚР экологиялық заңнамасының талаптарымен реттелетін тазартылған су көрсеткіштеріне қол жеткізуге сәйкес келеді. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Қытай және Еуропа қалаларында өзінің сенімділігін көрсетті.
ТЭН-нің мемлекеттік сараптамасынан өту 2024 жылдың бірінші тоқсанында өтеді деп күтілуде, содан кейін мемлекеттік сараптама және Мемлекеттік кепілдік беру үшін талап етілетін бірқатар салалық және экономикалық сараптамаларды келісу негізінде қаржыландырудың жеңілдікті ставкалары бойынша ЕҚДБ-мен қарыз шарты жасалатын болады.
ЕҚДБ электрондық халықаралық конкурстық алаңында 2024 жыл ішінде ЕҚДБ қарыз қаражаты есебінен EPC моделі (кешенді жобалау, жабдықтарды дайындау/жеткізу және «кілтпен» салу) арқылы жобаны іске асыру үшін кешенді мердігерді айқындау бойынша сауда-саттық өткізілетін болады.
Бекітілген Жол картасына сәйкес, кәріздік тазарту кешенінің құрылысы 2025 жылы басталып, 2028 жылы іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізуді ескере отырып аяқталады.

Жасыл желек жанға сая

Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделіп отыр. Ағымдағы жылы осы мақсатқа қала бюджетінен 940,0 млн теңге қаражат қарастырылды. Мердігер мекеме – «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС.
Қазіргі таңда №1,4,5,6,7,8,9 ықшамаудандар-да 9 100 метрді құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Жалпы жобалық – сметалық құжаттамаға сәйкес 33 шақырымдай арық жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Жұмыстарды аяқтау қазан айының соңына жоспарланған.
Қаланың көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың өңірлік жоспарына сәйкес, биыл 15 мың тал егу жоспарланған. Ағымдағы жылдың көктем айында 7 мыңнан аса тал егілді. Енді қалған ағаш көшеттерін күз айында толықтай егіледі деп жоспарлануда. Осы орайда 15-ші мөлтекауданнан арнайы саябақ орны ұйымдастырылуда. Үлкен аумақты алатын бұл демалыс орнына 10 мыңнан аса түп ағаш отырғызылады деп көзделуде.
Шаһардағы қоқыс контейнерлері де талапқа сай ауыстырылып жатыр. Бүгінге күнге 520 қоқыс контейнелері сатып алынып, тиісті орындарға қойылды. Енді жыл аяғына дейін облыс әкімінің тапсырмасына сай, тағы 600 қоқыс контейнерін алу көзделуде.

Аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие

Көне шаһарды абаттандыру да айрықша назарда. Айталық, Тараз қаласының әкімдігі мамандарымен зерделеу жүргізу барысында қала аумағында абаттандыруды және балалар ойын алаңын салуды қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің аулалары мен жеке тұрғын үй секторларының тізімі жасалды. Жасалған тізімге қала тұрғындарының өтініш-тілектері сырт қалмай, қосылып отырды.
Мәселен, осы жылы қала аумағында 26 ауланы абаттандыру қолға алынды. Ол үшін бюджеттен 675 миллион теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 26 аула бойынша «Проект и К» ЖШС-і жеңімпаз болып анықталды.
Бүгінгі таңда, мердігер серіктестікпен келісім-шартқа отыру жұмыстары жүргізіліп, 23 аула бойынша абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Ауланы абаттандыру жұмыстарына балалар ойын алаңын салу, аула жарығын орнату, жол жабындысын төсеу және бордюрлер орнату кіреді. Жалпы абаттандыру жұмыстарын аяқтау 2023 жылдың қазан айының аяғына жоспарланған.

Тұрғын үйлер жаңаша кейіпке енуде

Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151 барак типтес үйлер және 1 287 – екі және одан жоғары үйлер. Кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында 1 192 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген немесе 92 пайыз (барак типтес үйлерді қоспағанда). Тұрғын үй қорын жаңғырту «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2011 жылдан бастап жұмыстар жүргізілуде.
Қала аумағында 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан, оның ішінде 477 үй күрделі жөндеуден өткізілді қалғаны 626 үй жөндеуден өткізу жоспарлануда. Осылайша, жалпы 2022 жылы 67 үй жөнделді.
Ағымдағы жылы 63 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ол үшін 5, 372 411 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды. Сонымен қатар, биыл 80,91 млн. теңгеге «Бәйтерек» (13) м/а №36,37 коммуналдық меншікте тұрған көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып ұтып алған мердігермен «АКМ Group» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды.
Бүгінгі күнге дейін пәтер алу кезек тізімінде 1 қыркүйек айына 21 754 азамат тіркеліп тұр.
Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімін ашық түрде жариялау электрондық жүйе арқылы қарау және қадағалау бойынша арнайы «ZhilFondTaraz» мобилдік қосымшаның жұмыс жасауда. Одан бөлек кезек тізімі Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылған. Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында оңтайлы ипотекалық бағдарламалар да жүзеге асырылуда.

Жұмыссыз азаматтарға мүмкіндік көп

Жұмыссыздықпен күрес те шаһардағы ең ауқымды жұмыстардың бірі. Бүгінде облыс орталығында өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес 2023 жылы 13 651 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 1475-і ұлттық жобалар аясында, 1 912-і субсидияланатын жұмыс орындарына, 183-і мемлекеттік қайтарымсыз грант беру, 103-сі – жастарға шағын несие беру, 265-і қысқа мерзімді курстар,100-і жұмыссыздарды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқыту, 651-і онлайн-оқыту, 885-і кәсіпкерлікке оқыту (Бастау бизнес), 8 077-ы – бос жұмыс орындарына орналасатындар.
Өңірлік карта аясында жұмыспен қамтылғандырдың саны 14 808 адамды құрап отыр. Оның ішінде белсенді шаралар арқылы жұмыспен қамтылғандардың саны 1 554 адам.
Тараз қаласында 2023 жылға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша 12 176 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. 2023 жылдың 1-ші қыркүйек айына жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 10 012 адам қамтылды. Соның ішінде ваканттық бос жұмыс орындары – 5 182 адам. 2023 жылға жұмыс берушілердің сұрауы бойынша жұмыссыздарды оқу ұйымдарында оқытуға 265 адам жолдау жоспарлануда. Сонымен қатар, жұмыссыздарды жұмыс беруші де жұмыс орнында оқытуына 100 адамды осы жылдың қыркүйек айында оқуға жолдау жоспарлануда.
Жастар практикасына 540 адамды қамтуға бөлініп, ағымдағы жылдың тамыз айында 301 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен (103500 теңге) жастар тәжірибесіне жолданды, 84-і аяқтап, оның ішінде 67-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ағымдағы жылы алғашқы жұмыс орындарына 106 жұмыссызды жолдау жоспарланған. 2023 жылы алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыруға ниет білдірген 59 жұмыс берушілерге 67 жұмыссыз азаматтар жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 25 жұмыссызды жолдау көзделіп, 26 жұмыс берушіге 42 жұмыссыз азамат жолданыпты. Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 1085 жұмыссыз азаматтарды жолдау жоспарланып, ағымдағы жылдың тамыз айында 992 азамат жіберілген. Оның 243-і аяқтап, 151-і тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Брифинг соңында қала әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.