Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғасырлар шырақшысы

0 215

«Газетпен бүкіл әлемнің терезесін жауып қоюға болады» дейді поляктің данагөйі Станислав Ежи Лец. Ал біздіңше газетпен көңілдің көзін ғаламға айқара ашуға да әбден болады. Ширек ғасырдан бері әулиеаталық оқырманның бас үнпарағына айналған «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің басты миссиясы да осы еді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

2002

Тәуелсіздік алған кезеңнің алғашқы онжылдығы – бірқатар өзекті мәселе өзінің лайықты шешімін таппай, арнасын іздеп жатқан шағы. Бұл елең-алаң тұстағы халық көкейіндегі күрмеулі жайттар «Жамбыл-Тараздың» беттерінен орын алды. Сондай-ақ дәл осы жылы шаһардың бас газеті ақпарат нарығына орыс және қазақ тілінде жеке басылып, екі бөлек енді.

2002 жылдың 22 наурызындағы мерекелік санда журналист Сапарғали Сәрсебекұлының «Діттегені – ұмыттыру еді, дегеніне жете алмады…» деген мақаласы жарық көрген. Мақала не туралы дейсіз ғой? Жетпіс жыл бойы кеңестік кезеңнің қысымынан тұншығып, лайықты түрде мерекеленбеген әз мейрамымыз Наурыз тойы хақында. Тақырыптың өзі мақаланың жарты мазмұнын тәпсірлеп тұрғандай. Таптық идеологияны бәрінен жоғары қойған большевиктер Наурыз мейрамын қабылдамады. Тоталитарлық билік үстемдік құрған Қазақстанда мерекені 1926 жылдан ашық тойлауға тыйым салынды. Сылтауы – діни мейрам. Әз Наурыздың діни мазмұн мен сипаттан адалығы ешкімді жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік мәртебесіне қарай алаламайтынынан көрініп тұр. Мейрам күні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, құрық ұстаған жылқышыдан тақтағы патшаға дейін өзінің де, елінің де тілеуін тілейді. Омар Һаям: «Кімде-кім Наурыз мерекесінде қуанып жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейқам ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген», – деп жазуы әсте бекер емес. Тамыры тереңге тартқан құндылық халық жадынан өшпеді. Ақыры үлкен үмітпен жарияланған қайта құру кеңестік жүйенің құруына әкеле бастаған 1988 жылы коммунистік басшылық қалың көпшілік көңілінен шығу ниетімен жыл басы Наурызды тойлауға рұқсат берді. Мұның өзі тәуелсіздікпен бірге келген қуанышымыз еді. Мақала оқырманды осы дүниенің мәнін тереңінен ұғып, қадірін білуге шақырады. «Кім қалай десе де, бүгінгінің балалары бақытты. Өйткені «үй артында кісі бар» деп қысылып-қымтырылмай-ақ, халқымызға тән ұлттық салт-дәстүрімізге қалауынша атсалыса алады, ұйытқы да бола біледі», – деген еді бірде Наурыз мерекесі алдында қала студенттерімен кездесуге келген қос қарияның бірі қасындағы өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар тоқсаннан асқан қарт ақсақалға көз тастап. Ал біздің ұрпақ болса, сонау ес тоқтатып, бой түзей бастаған жасөспірім шағымыздан-ақ, «мынау ескіліктің сарқыншағы, оған қатысқаның – Кеңес үкіметіне қарсылығыңды білдіргендігің. Сондықтан көнені көксеушілердің құйыршығы атанғың келмесе, «екі елі аузыңа үш елі қақпақ қойып, аяғыңды аңдап бас» дейтін тыйым салуды көздейтін ескертудің, зекіріп-зіркілдеудің аясында өтті. Ең болмаса, мына ұл-қыздарымыз секілді жылына бір келер Наурызды да еркін қызықтай алмадық қой», – делінген күрсіністен басталған мақала көктемнің алғашқы мерекесінің тарих тереңіндегі мән-маңызымен өріліп, соңы егемендік алғаннан кейінгі еркін көсіліп, өз қолымыз өз аузымызға жеткен мерейлі шаққа шүкіршілік айтумен қорытындыланады. Тәуелсіздік табалдырығынан жаңа аттаған ойы озық оқырманға мұндай рух берер, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін дүниелердің ауадай қажет болғанын аңғару қиын емес. Себебі ол кезеңде елде ешқандай интернет те, жылдам хабар алғызар телефон сияқты технологиялар да болған жоқ. Халықтың ақпаратпен сусындайтын жалғыз құралы – дәстүрлі БАҚ еді.

Көне шаһардың бас үнпарағы сол тұстағы қала жаңалықтарын оқырманға апта сайын ұсынып отыратын. Әуелгі дәстүрінен айнымаған басылымның осы жылғы №15 санында «Сақалды» құрылыстарға жан бітті. Ал мұның шаһар шырайын арттыратыны даусыз» тақырыбымен журналист Жамбылбек Шоқыбастың ақпараттық сарындағы мақаласы жарық көріпті. Жарияланымда Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойын тойлауға 1 500 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінгені хабарланған. Сондай-ақ соңына жетіп, аяқталмаған құрылыс нысандарына жан бітіп, қала көркіне көрік қосылатыны да сүйіншіленген. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталса, 200 жанұяның қоныс тойы қатар болатыны және айтылған. Өзінің тарихи маңызымен еліміздің ең көне шаһары атанған Тараздың сәт санап өркендеуі турасындағы жарияланымдар қаланың бас үнпарағында басылатын мақалалардың негізгі өзегі еді. Газет тек қала жаңалықтарын ғана емес, ақпараттың қолжетімсіздігіне қарамастан, әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяси, ғылыми яки спорт жаңалықтарын «Шартараптан» деген айдармен ұсынып отырған.
2002 жылдың 25 қыркүйегінде көзі қарақты оқырманға «Жамбыл-Тараз» газетінің арнайы шығарылымы ұсынылыпты. Бояуы қанық, түрлі-түсті болып басылған нөмір тарихи шаһардың 2000 жылдық мерейтойына арналған. Бірінші бетте тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тараз хақындағы толғанысы жарияланған. «Сөз Оңтүстік пен Шығыс, Солтүстік пен Батыс арасындағы жолайрықта қазақ даласы мен қазақ қалаларының ұлы мәдениеттерге дәнекерлік еткені туралы болса керек. Әлімсақтан бері – Бабырдан Бейбарысқа дейін, Елетміштен Шоқанға дейін солай еді ғой», – делінген Елбасы сөзінде. Ал мерекелік нөмірдің мазмұны сол тұстағы қала әкімі Болат Сауранбаевтан алынған сұхбатпен, Тараздағы кәсіпорындар мен шежірелі шаһардың жылнамасымен, көне қаладағы тарихи тұлғалар туралы тың материалдармен, Әбдікәрім Әбдімомыновтың айқарма бетке басылған «Барлық жол Таразға бастайды» атты көлемді тарихи очеркімен, Таразды түлеткен азаматтар туралы толыққанды ақпараттармен, Әулиеатаның спорттағы жетістіктерімен, жастардың аяқ алысы хақындағы шағын жарияланымдармен толықтырылған. Он алты бет болып оқырманға жол тартқан №39 сан көне қаламыздың сол кезеңдегі бар тынысын кеңінен насихаттап, бас үнпарақ ретіндегі маңызын айқындап тұрғандай.

2003

Бұл жылы басылым өз оқырмандарымен тығыз жұмыс істеуді қолға алыпты. Мұны біз әр санның оныншы бетінен ойып орын алған «Тәмсілнама» әмбебап оқырман бетінен аңғарамыз. Әсіресе, №7 сандағы «Тәмсілнамадағы» мақалалар астыртын сарказмға, қызықты мәліметтерге, шоқжұлдыздар туралы танымды ақпаратқа толы. «Әйтеуір жеріміз көп» деген тақырыппен басылған мақалада қазақтың жерін игеру мәселесіне мән берілген. Сонымен қоса өзге елдердің егіншілік кәсібі турасында ой қаузалған. «Қазақстанды астықты ел деп күшенгенде жыртық шекпенімізге сыймай кететініміз бар. Бізде астықтың мол өндірілетіні рас. Бірақ ол ненің есебінен дейсіз ғой? Гектар өнімділігі арқылы емес, егістік көлемінің көптігі арқасында мол өнім жинап жүр екенбіз», – делінген мақалада. Расымен, көктемде қара топыраққа себілген дақылдың өнім беру әлеуеті оның сапасына тікелей байланысты. Бірақ ол кезеңде елімізде сапаға мән беріп жатқан агроном мамандардың қарасы аз болған деседі. Қамбаның астыққа аузы- мұрнынан шығып толуы дәннің маңыздылығынан емес, жеріміздің кеңдігінен екенін білгенде, қайран қаласың. Бір жағы тәубе десіп, таңдай қағуға да болады. Бірақ мақаладағы келесі дәйектер қуануға сеп бола алмайды екен. Мәселен, біздің елде ол кезеңде әр гектардан орта есеппен 10 центнерден аз астық жиналатын болған. Бұған қарағанда, тасақты жердегі моңғолдар мен құм қапқан Австралияда гектар өнімділігі жоғарырақ – 12 центнер шамасында. Ал орыстар мен үнділер, түріктер мен финдер 20 центнерден өнім алады. Бұл да түк емес, шведтер мен чехтар, француздар мен немістер, венгрлер мен даниялықтар, тіпті алақандай жердегі бельгиялықтар әр гектардан 50-60 центнер астық алған екен. Жер қадірін білген деп, сірә, осыларды атауға болатын шығар. Осы деректерге қарап отырып, астық өнімділігінің бүгінгі көрсеткіштері жайлы білуге ынтам оянды. 2003 жыл мен 2021-дің арасында еліміздегі агрономия саласында едәуір өзгерістер орын алды деп топшылауға болатын шығар.

Қазір «Жамбыл-Таразда» жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдауға бағытталған «Ақ қауырсын» арнайы беті бар. Ал 2003 жылы бұл бет «Жансарай» деп аталыпты. Бақытжан Әліқұлов, Назгүл Бектасова, Үмия Бостани, Гауһар Адамбаева, Айтқұл Мамытқұлұлы сынды қаламгерлердің туындылары оқырмандардың жансарайын әдемі жыр, мәнді мағлұматқа бай әңгімелермен сусындатқан екен. Осы арнайы беттен бүгінде газетіміздің бас редакторының орынбасары қызметін атқарып жүрген журналист Бекнұр Сатыбылдиевтің оқушы шағындағы бірнеше әңгімесін көзіміз шалып қалды.

2003 жылы 23 мамырында түнгі 1 сағат 12 минутта Тұрар Рысқұлов ауданының аумағында болған зілзала әлі күнге дейін халықтың есінде. Айтып келмейтін апат салдарынан нәтижесінде 3 адам қаза болды, елді мекендердегі көптеген үйлер, ғимараттар, байланыс және коммуникация тораптары қирап, шаруашылыққа, әлеуметтік тұрмысқа зор зиян келді. Жер сілкінісінің күші 6,5-7 балды құрады. Эпицентрі Құлан, Қызылшаруа ауылдары және Луговая станциясы төңірегінде болды. Жер сілкінісінің дүмпуі батысында Ташкентке, шығысында Алматыға жетті. Тұрар Рысқұлов ауданындағы зілзала елдігіміз бен бірлігімізге үлкен сын болды. Дегенмен мемлекетіміз бұл сыннан сүрінбей өтті. Орасан зілзала зардаптарын ешбір мемлекеттің көмегіне сүйенбей-ақ еңсере білді. Мұның өзі Қазақстанның экономикасы өркендеп, қаржылық жағдайы жақсарып келе жатқанын көрсетті. Зардап шеккендерге көмек көрсетуге республика халқы бір кісідей қол созды. Соның нәтижесінде қысқа ғана мерзімде адам сенбестей таң қаларлық қыруар жұмыс атқарылды. Сондай жұмыстардың барысы «Жамбыл-Тараздың» №28 санында «Зілзала зардаптарын жою – бүкілхалықтық іс» айдарымен, «Шілдеде шыжғырылып, аптапта алысқан» деген тақырыппен жарияланды. Мақалада атыраулықтардың жеті жұттың біріне саналған жер сілкінісінің зардабын жоюға атсалысып жатқан жайы баяндалған. «Құлан өңіріне тосыннан тап келгендегі алғашқы абыржушылықты қысылтаяңда кісілік танытып, көмек қолын созғандар басса, олардың бел ортасында атыраулықтар да бар. Енді міне, сонау көгілдір Каспийдің жағалауынан жәрдемге жеткен Атырау облысының құрыш қолды құрылысшылары дүбір шықса, тұяқтарын тарпитын тұлпардай қимыл танытып, тиянақты істерімен танылуда», – деп басталған мақала. Исатай мен Махамбеттің саналы ұрпақтары жасаған сауапты іс барысында ауданда 1200 орындық орта мектеп, 22 тұрғын үй бастан-аяқ қайта тұрғызылыпты. Жергілікті халық атыраулық ағайынға сорпа-суын даярлап, құрылыс басында қол қусырып отырмаған екен. Нәтижесінде маусымда басталған құрылыс жұмыстары қыркүйекте аяқталып, құландықтар жаңа пәтердің кілтіне ие болған екен. Газет беттерінен сарғайып бүгінге жеткен ақпараттан ел басына күн туғанда қарап жатпайтын қазақтың бірлігін, ағайынгершілігін анық аңғаруға әбден болады. Қазақтың татулықты ту еткені, жетімді жылатпайтыны осындайда көрінсе керек. Ал газетімізді осы бір игілікті істің хабаршысы деуге болатындай.

Қазақтың абыз жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы», – деген еді. Расымен де, газет бетіндегі жазулар мың ғасыр өтсе де өшпейді. Тарихты танып білуге ұмтылған біздейлер қатталып жатқан ескі сандарды ақтарып, өткенге бір уақ көз жүгіртіп жатса, несі айып?! «Jambyl-Taraz» газетінің 25 жылдығына орай жарияланып жатқан шолуларымыз көзі қарақты оқырманға ғасыр басындағы ілкімді істеріміз бен тағылымға толы мұраттарымызды айқын ұғындырады деп сенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.