Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асыраушы салада ілгерілеу бар

0 1  810

Ағымдағы жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласын  субсидиялауға 18,8 млрд теңге қаржы бөлініп, соның қазіргі таңда 16,4 млрд теңгесі игерілген.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Нұржан  Нұржігітов айтты.

Нұржан Молдиярұлының айтуы бойынша  осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша асыраушы саладағы жалпы өнім көлемі 309 миллиард теңгені құраған. Салаға 226,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал, мал басы саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5  пайызға артып, 4 миллион басқа жетіпті. Сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы аясында 29700 бас қой, 366 сиыр сатып алынған. Сондай-ақ есепті кезеңде ет экспорты 3,5 есеге артып, өңірдің тауар өндірушілерімен барлығы 4,3 мың тонна ет экспортқа шығарылған екен.

– Қазір елімізде ауыл шаруашылық кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы әзірленуде. Оған сәйкес, Қазақстанда 7 ірі экожүйе құру және инвестжобаларды жүзеге асыру көзделсе, оның 5-еуі Жамбыл облысында жүзеге асады. Олардың қатарында «Qyzylsha» ЖШС қант зауытын салу, «Göknur Gıda A.Ş.» қарқынды бақтарды өсіру және жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу, «КарагандаАгроИнвест-Т» жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу және сақтау, «Алель Агро» құс фабрикасын салу және 9 300 басқа арналған 10 сүт тауарлы фермасын салу жұмыстары бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын барысында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына берілген несиелерді кері қайтарғандардың есебінен жоба ары қарай жалғасып жатқаны да айтылды. Бүгінде Байзақ ауданының Үлгілі ауылдық округі, Жамбыл ауданынан Өрнек ауылдық округі, Жуалы ауданынан Ақсай ауылдық округі пилоттық жобаға еніп, 2,2 миллиард теңгеге несиелеу жұмыстары басталған. Нәтижесінде аталған ауылдық округтерде 300-ден аса жоба іске аспақ. Жалпы 8,5 мың тұрғыны бар 3 ауылдық округтегі 1 446 аула қамтылмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.