Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асыраушы сала дамудың даңғыл жолында

0 1  209

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін өркендету – Президент айқындаған маңызды міндеттердің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн», – деген еді.

Бұл ретте Тараз қаласында да аталған саланы дамыту жұмыстары ерекше назарға алынған. Өйткені ауыл шаруашылығын дамыту – көне шаһардағы жеке сектор тұрғындарының тең жартысының жағдайын жасаудың жолы. Бұл салаға қала билігі тарапынан айрықша назар аударылып, Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің тарапынан жоспарлы жұмыстар істеліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысымен Тараз қаласы бойынша «Ауыл шаруашылығы» жалпы өнім көлемі 908,3 миллион теңге болса, нақты көлем индексі 103,1%-ды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 48,0 миллион теңге болса, нақты көлем индексі – 100,0%, ал мал шаруашылығы өнімі 719,7 миллион теңге болып, нақты көлем индексі 104,1%-ды құраған. Сонымен қатар «Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталына салынған инвестиция» нақты көлем индексі 1 млрд 479 мың теңгені құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Сондай-ақ салаға бүгінде инвестициялық жобалар да серпін беруде. Атап айтсақ, «Шах» шұжық цехы, «Пышка» ЖШС кондитерлік цех, «Алель агро» АҚ инкубаторлық цех, «Иштаев» ЖК, «Байлық» ЖК көкөніс қоймасы, «Тараз халвасы» ЖШС, «Қали 2» ШК Хусаинов Б. қатарлы қазіргі таңда қалада инвестицияның игілігін сезініп отырған кәсіпорындар аз емес. Бұған қоса «Asatu», «Пышка», «Байлық» секілді кәсіпкерлік нысандарын ашу 2025 жылдың еншісінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, 2012 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы шаруа қожалықтарының егістік жерлерінің көлемі 1446,1 гектарды құраса, 2012-2023 жылдар аралығында 233 шаруа қожалықтың 1195.3 гектар егістік жерлері жеке тұрғын үй салуға мемлекетке кері қайтарылған. Бүгінгі таңда қала аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер көлемі 1119,0 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жерлер – 369,6, жайылымдық жерлер – 700, көпжылдық екпелер – 24, басқа жерлер 26 гектарды құрайды. Сонымен бірге осы жылы 38 шаруа қожалығы 369,6 гектар жерге егін шаруашылығымен айналысуда. Жалпы тіркелген шаруашылықтардың меншігінде барлығы 11 техника және жер жырту соқасы, жер қопсытқыштар, тырмалар, шөп орғыштар, дән сепкіштер, картоп қазғыш тіркемелері бар. Техникалар толығымен жұмысқа жарамды. Әрі ағымдағы жылға «Қали 2», «Абсамат» шаруа қожалықтары жұмыс өнімін арттыру үшін жаңа техникалар сатып алды. Сонымен қатар «ҚазСуШар» мекемесімен 2024 жылы 7 ірі шаруа қожалықтары арқылы 295,1 гектар жерге келісімшарт жасалды. Әрі шаруа қожалықтары егістік алқабын суару үшін суды Аса-Талас каналы арқылы келетін Жамбыл ауданындағы 5 каналдан және ЛОК арқылы алады. Жамбыл ауданындағы шаруа қожалықтарымен қоса есептегенде суармалы жердің көлемі 1 122 гектарды құрайды. Мұнда «ҚазСуШар» мекемесінің бекіткен тариф көлемі жеке тұлғалар үшін – 0,626, заңды тұлғаларға – 0,786 теңге.
Сонымен бірге облыс орталығында бағаны тұрақтандыру бойынша да ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Магнум», «Small», «Смарт», «Дәмді себет», «Сафият», «Дәмдес», «Фиркан», «Нұрислам», «Алма», «Нурила», «Сұлтан» секілді 14 әлеуметтік дүкендерге тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Ал ағымдағы «Ауыл Береке» базарындағы көкөніс өнімдерінің бағасына жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі бойынша жергілікті картоп – 170, пияз – 95, Сарыағаштың сәбізі – 120, қырыққабат 100 теңгеден сатылғаны анықталған. Сонымен бірге азық-түлік бағасын тұрақтандыруға шаһардағы 14 әлеуметтік дүкен де зор септігін тигізуде.
Сондай-ақ каладағы 18 азық-түлік сақтау қоймаларының сыйымдылығы 54 300 тонна болса, сақталып тұрған өнім көлемі 12 405 тоннаны құрайды. Мұның ішінде «Жанабекова» жеке кәсіпкерлігінің коймасында сақталып тұрған өнім көлемі – 165 тонна. Мұнда 25 тонна күріш, 35 тонна тауық еті, 18 тонна бидай ұны, 25 тонна макарон, 40 тонна тұз және 10 тонна өсімдік майы мен қант бар. Сонымен бірге «КТО ТАРАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасында 7 000 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және «FOOD Leader» жеке кәсіпкерлігінің Беларусь елінен алып келген 2 000 тонна шұжық өнімі сақталса, «Империя» жеке кәсіпкерлігінің қорында 75 тонна ұн, 20 тонна қант, 800 мың дана жұмыртқа сақтаулы. Сонымен қатар қаладағы сауда дүкендері мен шаруа қожалықтары арасында 17 форвардтық келісімшарт жасалған. Соның нәтижесінде, «Егіс алқабынан – сөреге дейін» жобасы аясында көкөніс өнімдері тікелей делдалсыз сауда орындарына жеткізілуде.
Бәрімізге мәлім, саудаға делдал араласты дегенше, баға шарықтайды деп нық сеніммен айта беруге болады. Шаруалардың жыл он екі ай бойы табан ақы, маңдай терімен өндірген өнімдерін арзанға алатын алыпсатарлар былай шыға қымбатқа саудалайды. Ортада жүріп пайда табады. Бұған шектеу қоюдың жалғыз жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жүйелі ұйымдастыру. Бұл тұрғыдан келгенде, облыс орталығында жұмыс жолға қойылған. Осыған орай, қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың 9 наурызынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «GRAND BAZAAR» сауда кешені алдында, «Жастар» аллеясында, Рысбек батыр-Рахимов көшелерінің қиылысындағы алаңда, сонымен қатар «Ұлы дала» мөлтекауданында, жалпы барлығы 8 жәрмеңке өткізілген. Онда 151,3 миллион теңгенің 321 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен сатылған.
Сондай-ақ бүгінгі таңда шаһарда жұмыс істеп тұрған 8 наубайхана күндігіне 124 мың дана нан пісіріп, қажеттілікті толықтай қамтамасыз ету үшін 304 адам тынымсыз еңбек етуде. Сонымен бірге қалада жылдық қуаты 580 тонна болатын макарон өнімдерін шығаратын – 4, кондитерлік өнімдер шығаратын 10 цех жұмыс істейді. Әрі сүт, айран, сүзбе, ірімшік, құрғақ сүт, йогурт, сары май, нарине, брынза өндірілетін 6 зауытта 70 адам жұмыс істеп, жылына 28 859 тонна өнім шығарады.
Сонымен бірге «тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды кепiлге қою, мемлекеттiк тiркеу, жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өткiзу, жүргізу құқығына куәліктер беру» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді.
Бәрімізге мәлім, Тараз қаласы, Жамбыл және Байзақ аудандарының шекарасын өзгерту және белгілеу туралы әкімдіктер мен мәслихаттардың бірлескен қаулысы мен шешімі жарияланған болатын. Осыған байланысты шаһардаың іргесіне орналасқан Байзақ ауданынына қарасты Талас ауылы, Станция Талас, Қызыл жұлдыз ауылдары сонымен бірге Жамбыл ауданынына қарасты Жамбыл ауылдық округінен – Шайқорық, Шайқорық станциясы, Танты, Қоңыртөбе, Қаратөбе ауылдық округінен – Бектөбе, Қызылшарық, Қарой ауылдық округінен – Пригородное, Кемел, Бесағаш ауылдық округінен – Түрксіб, Полатқосшы ауылдық округінен – Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдық округінен – Ақбұлым ауылдары кіреді.
Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды салалардың бірі. Өйткені халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуде дәл осы саланың рөлі орасан зор. Қазақстандықтардың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аталған сектор дамуының мемлекет назарында болуы заңды. Облыс орталығында асыраушы сала жыл санап алға озуда. Бұған біз жоғарыда келтірген оң көрсеткіштер дәлел. Бұл ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы жоспар бұдан да жұмыр, меже айқын.

Жанболат ТАҢАТАРОВ,
Тараз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.