Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асыраушы сала алшаң басуда

0 3  959

Облысымызда биыл жалпы өңірлік өнім бірінші жарты жылда 1,0 триллион теңгеден асқан. Бұл туралы баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мәлімдеді.

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 110,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ал ауыл шаруашылығында 562,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, 343,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ дақылдар 756,2 мың гектарға орналастырылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артық. Бұған қоса мал саны артып, ет өндірісі ұлғайды. Соның нәтижесінде есепті кезеңде 1,7 мың тонна ет экспортталды. 371,1 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ 1576,0 мың тонна көкөніс дақылдары, 290,2 мың тонна картоп өнімі жиналып, 1,1 тоннадан астам пияз алынды.
Инвестицияның да игілігін жұртшылық сезінуде. Осы салада 14,8 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 179 адам жұмыспен қамтылды, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде алдағы жылы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда екен. Осы мақсатта суармалы алқаптарды қалпына келтірудің жол картасы әзірленген.
– Облысымызда кәсіпкерліктің де өрісі кеңейіп келеді. Айталық, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 311,3 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Содан соң «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 69,0 миллиард теңгеге 188 жоба қаржыландырылды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 3 мың тоннаға жуық 9 тауар түрі бойынша тікелей жеткізу ұйымдастырылды. 244 ірі сауда желілерімен 11 мың тонна көлемінде 10 тауар түрі бойынша күзгі форвардтық келісім жасал-ды, – деген облыс әкімінің орынбасары туризм, ветеринария салалары бойынша да атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.
Брифинг соңында Қанатбек Қайшыбекұлы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.