Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асыраушы сала алшаң басуда

0 336

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын дамытуға бағытталған ондаған кіші бағдарламалар мен жалпы агроөнеркәсіп кешені мен ауыл-аймақтарды қолдауды мақсат тұтқан үлкен бағдарламалар қабылданып келеді. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешені мен ата кәсіп жаңа белестерге көтеріліп келеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуды уақыт талабы ретінде басты міндеттер қатарына қосқаны белгілі. Бұл жайында Президент: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», – деген болатын.

Бұл ретте облыс орталығы Тараз қаласында аталған саланы дамыту жұмыстары ерекше назарға алынған. Өйткені ауыл шаруашылығын дамы-ту – көне шаһардағы жеке сектор тұрғындарының тең жартысының жағдайын жасау. Бұл салаға қала билігі тарапынан айрықша назар аударылып, Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің тарапынан жоспарлы жұмыс істеліп келеді. Аталған бағытта нәтижелер де жоқ емес.

Тараздық шаруалар судан тапшылық көрмейді

Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша өсімдік шаруашылығымен айналысатын 43 шаруа қожалығы тіркелген. Шаһар шаруалары биыл 461,88 гектар жерге көкөністер, қант қызылшасын, жүзім, алма, жүгері, арпа мен мал азығы дақылдарын еккен. Табысы қара жерге төккен тері мен одан алған өніміне тікелей байланысты диқандар үшін тіршілік нәрі – судың жеткілікті болуы аса маңызды. Бұл ретте тараздық шаруалар егістік алқабын суару үшін суды Жамбыл ауданында тіркелген «Аса-Талас», «Кіші тоған», «Бошмойын» каналдарынан алады. «Кіші тоған» каналынан 6 шаруа қожалығы 2,173 миллион текше метр, «Аса-Талас» каналынан 20 шаруа қожалығы 25,529 миллион текше метр су алады. «Кіші тоған» каналынан секундына 1,2 текше метр су көлемі, «Аса-Талас» каналынан секундына 6,78 текше метр су көлемі шығады. Нәтижесінде жергілікті диқандар судан тапшылық көріп отырған жоқ.

Азықтың «асау» бағасы

Бүгінгідей аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасып отырған шақта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Әсіресе халыққа аса қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстаудың қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Бұл мақсатта облыс орталығында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бөлім қызметкерлері 10 сауда нүктесі, 2 базар, 16 әлеуметтік дүкен мен 4 павильонға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Нәтижесінде осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Үкіметтің 3-ші тоқсанда бекіткен шекті мәнімен салыстырғанда 11 позиция бойынша баға өсімі бар екені анықталып отыр. Атап айтқанда, ұн, нан, тауық еті, айран, сүзбе, пияз, картоп пен жұмыртқаның қымбаттағанын аңғаруға болады. Ал сары май бағасының – 22, қант бағасының – 96 және ас тұзы бағасының 23 пайызға өсуі халықты алаңдатып отыр.
Бағаны бақылауда ұстауда тұрақтандыру қорының тигізер көмегі аз емес. Бөлім қызметкерлері берген мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорында 1 291,65 тонна азық-түлік тауарлары сақтаулы тұр. Онда 82,7 тонна күріш, 730,05 тонна бидай ұны, 68 тонна қарақұмық, 196,9 тонна күнбағыс майы, 7,24 тонна сары май, 1 001,1 тонна қант және 3,2 тонна ас тұзы бар. Сондай-ақ облыс орталығындағы 16 әлеуметтік дүкен де тұрғындардың алғашқы қажетті азық-түліктен тарықпауы үшін қызмет етуде. Оның 12-сі жаңа форматта, 4-і бұрынғы бейінде жұмыс істеп тұр.
Азық-түлік құнының қазіргі деңгейінен өспеуіне қалада қолға алынған «Егіс алқабынан – сөреге дейін» жобасының тигізіп отырған септігі де бар. Бүгінгі таңда шаһардағы сауда дүкендері мен шаруа қожалықтары арасында 12 форвардтық келісімшарт жасалған. Осының нәтижесінде жергілікті шаруалар өсірген көкөніс өнімдері тікелей делдалсыз сауда орындарына жеткізілуде.

Қанттың құны бұрынғы қалпына орала ма?

Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті тапшылық туындағанына барлығымыз куә болдық. Күнделікті тұрмыста аса қажетті тауар бағасының шарықтап кетуіне жол бергендерді Мемлекет басшысы да сын садағына іліп, оны қалыпқа келтіруге тапсырма берген еді. Бұл бағыттағы жұмыстар Таразда да толыққанды жүруде. Осыған байланысты тұрақтандыру қоры комиссиясының соңғы ұсынысы бойынша қорға шұғыл қажеттілік жағдайына байланысты 864 тонна қантты келісін 460 теңгеден сатып алу шешімі қабылданып, «Меркі қант зауыты» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Империя» жеке кәсіпкерлігіне «айналым схемасы» бойынша 222 тонна қант жеткізу бойынша келісімге отырған. Сонымен қатар қала аумағындағы кондитерлік фабрикалар мен ірі супермаркеттер желісіне тікелей жергілікті зауыттан қантты өндіріс орнының бағасымен жеткізу ұйымдастырылған. Бұл ретте «Сәуле» кондитерлік фабрикасына қажетті қантты «Тараз қант зауытынан» жеткізу үшін 1 мың тоннаға қаражат төленіп, бүгінгі таңда 800 тоннасы жеткізілген.
Ал халыққа қажетті тәтті тауардың бағасын бұғаттап ұстау мақсатында арнайы құрылған жұмыс топтары апта сайын сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде бөлім бақылауындағы 9 сауда орталығында қанттың 1 келісінің ең төменгі бағасы 485 теңгеден екені анықталса, ең қымбаты 515 теңге болып отыр. Шаһарда орналасқан 16 әлеуметтік дүкенде қанттың бағасы 27 маусымнан бастап 1 келісі 480 теңгеден, бір адамға 2 килограмдық шектеумен сатылуда.
Еліміздегі 4 қант зауытының біреуі Таразда орналасқаны белгілі. Алайда тараздық шаруалар кәсіпорынды қажетті шикізатпен толығымен қамтамасыз ете алмай келеді. Оған облыс орталығының аумағындағы егістік жерлер жеке тұрғын үйлер салуға байланысты кері қайтарылуына орай егістік жерлердің көлемі жылдан-жылға кеміп келе жатқаны себеп болып отырған көрінеді. Жалпы бүгінгі таңда қала аумағында тіркелген «Н.Т.Жеңіс» шаруа қожалығы биылға 20 гектар қант қызылшасын өсіруде. Тәтті түбір өнімін қазан айында жинап, шамамен 600 тонна өнім алынған.

Нан неге қымбаттады?

Биылғы 1 шілдеден бастап сауда орындарында әлеуметтік нанның бағасы 10 теңгеге көтеріліп, 100 теңгеден сатылуда. Нанның қымбаттауынан қара халықтың қалтасына түскен салмақ та әжептеуір сезіліп отыр. Күнделікті қажетті өнім бағасының өсуі бірнеше факторға байланысты екенін естіп келеміз. Ендігі кезекте оның одан ары шарықтауына жол бермеу аса маңызды. Бұл ретте де бөлім мамандары тарапынан бірқатар шаралар қолға алынған.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарының нанға деген сұранысы тәулігіне 119 мың дананы құрайды екен. Шаһардағы жұмыс істеп тұрған 7 наубайхана күндігіне 119 мың дана пісіріп, қажеттілікті толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Бөлім мамандары нан бағасының өсуіне республика бойынша дотациялық ұн бағасы 117 теңгеден 130 теңгеге дейін көтерілгені басты себеп болғанын айтады. Наубайханалар дотациялық ұнды «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Aksarai Export-2012» ЖШС диірменінен алуда.
Бүгінгі таңда наубайханалардан нан бағасы данасына 87 теңгеден жіберіліп жатыр. Оған тасымалдаушылардың қызметіне жұмсалатын 8-12 теңге, жеткізілген нанға сауда нүктелерінен 1-3 теңге қосылып, сату бағасы 100 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Соңғы есеп бойынша наубайханаларда 22 тонна жоғары сұрыпты ұн, 924 тонна бірінші сұрыпты ұн және 321 тонна бидай қоры бар. Бұл алдағы уақытта ас атасының бағасын тұрақты ұстап тұруға жеткілікті көрінеді.

Жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке

Саудаға делдал араласты дегенше, баға шарықтайды деп нық сеніммен айта беруге болады. Шаруалардың жыл он екі ай бойы табан ақы, маңдай терімен өндірген өнімдерін арзанға алатын алыпсатарлар былай шыға қымбатқа саудалайды. Ортада жүріп пайда табады. Бұған шектеу қоюдың жалғыз жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жүйелі ұйымдастыру. Бұл тұрғыдан келгенде облыс орталығында жұмыс жолға қойылған. Осыған орай қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айларында және тамыз айының 13-інен бастап әр аптаның сенбі күндері Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Grand Bazaаr» сауда кешені алдында 20-дан астам жәрмеңке өткізілген. Онда 1 миллиард 117,7 миллион теңгенің 1 435,9 тонна ауыл шаруашылығы тауары нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылған.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың 3-4 қыркүйек күндері Астана қаласында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Тараз қаласынан 10 кәсіпкер қатысып, жалпы 10,4 тонна көлемінде сүт, макарон, шұжық, кондитерлік өнімдер, бал мен көкөністерін нарық бағасынан төмен бағада ұсынды.
Ал жуырда осы алаңда Республика күніне орай тағы бір жәрмеңке өткізілді. Онда облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілері 18 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық пен 7,3 тонна сүт өнімдері, 7 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 4 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 123,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін төмен бағамен ұсынды. Мәселен, жылқы еті – 2500, сиыр еті – 2200, қой еті – 2000, сүт өнімдері түрлеріне қарай 270-1000 теңге және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 60-270 теңге аралығында саудаланды.
Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 10-20 пайыз төмен болды.

Қойма қорлары жеткілікті ме?

Қойма салып, азық-түлікті ұзақ уақыт сақтау бағаны тұрақты ұстауға мүмкіндік бермесе де, аз уақытқа болса да ауыздықтауға жағдай жасайтыны анық. Бұл мақсатта қала аумағында 13 азық-түлік сақтау қоймасы тіркелген. Бүгінгі күнге оның 11-і жұмыс істеп тұр. Аталған сақтау орындарында бас-аяғы 44 190 тонна өнім сақтауға болады. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша оларда 24 800 тонна өнім бар. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік көлемі 14 222 тоннаны құрайды. Сонымен қатар 1 миллион 511 мың дана тауық жұмыртқасы да сақтаулы.
Аталған қоймалардың бірі Көтерме-тарату орталығының жер көлемі 32,17 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге көкөніс сақтау қоймасына 135 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған. 47 мың шаршы метрді құрайтын 14 камерадан тұратын 2 қоймасы бар. Жалпы сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын қоймаға 1, 994 миллиард теңге жұмсалған. Қоймада «Дәмді себет» сауда желісінің 8 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және «FOOD Leader» жеке кәсіпкерлігінің 2 мың тонна Беларусь елінен әкелінген шұжық өнімдері сақталуда.

Кенеден келетін кеселмен кешенді күрес

Конго-Қырым геморрагиялық қызба-сы – аса қауіпті кеселдің бірі. Әсіресе күн жылынып, жаз шыға бастағанда бұл дерттің асқына түсетін әдеті. Кәдімгі кене шағудан басталатын қызбаның соңы адам өліміне дейін апарып, қайғылы жағдайға ұшыратады. Дегенмен кенеден келетін кеселмен кешенді күреске көп көңіл бөлінуінің нәтижесінде бұл мәселе Тараз қаласының тұрғындары үшін қауіпсіз келеді. Өйткені бұл мақсатта 2019-2020 жылдар аралығында қала аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы екпе егу жұмыстары толықтай жасалған. Нәтижесінде соңғы 3 жылда қала тұрғындары ішінде кене шағу фактісі анықталмаған. Сондықтан биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы екпе егу жұмыстары жоспарланбаған. Алайда биылғы шілде айында кене шағудың 1 фактісі анықталып, 26-28 тамыз аралығында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы екпе егу жұмыстарының 3-ші кезеңі ұйымдастырылды. Оның аясында «Халықтың денсаулық орталығы» ЖШС №11 аумақтық округіне қарасты 11 тұрғын алқапта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген.

Жалпы алғанда, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдары қолға алынып, шынайы қамқорлықты сезінген сала еңбеккерлері соны қарқынмен еңбектеніп, жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында аталған саланы дамытудың стратегиялық маңызына кеңінен тоқталған болатын. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек», – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.
Расында, аталған салада әлі шешімін табуды қажет ететін тұстар жоқ емес. Дегенмен мемлекеттік бағдарламалар мен табысты жобалар аясында жергілікті биліктің бастамасымен атқарылған істер де аз емес. Бұл тұрғыдан келгенде облыс орталығында ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын таба беретініне сенім кәміл.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.