Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асыраушы сала айрықша назарда

0 882

Шу ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Егінжай күні-2022» семинарына
қатысты.

Тәжірибе алмасу мақсатында «Qyzylsha» ЖШС-нің егістік алқабында ұйымдастырылған шараға барлық ауданның әкімдері мен олардың ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарлары, елімізге белгілі ғалымдар, арнайы мамандар шақырылған.
Қонақтар алдымен аванкамерамен және «Келет» компаниясының насос қондырғыларымен, техника, тыңайтқыш, пестицид пен тұқым көрмесімен, «Qyzylsha» ЖШС-нің қант қызылшасы, картоп, дәндік жүгері, мақсары және «Шығын» ШҚ-ның пияз алқабымен танысты. Сондай-ақ «Volmant» компаниясының су үнемдеуге негізделген «Valley» қондырғыларын көрді.
Семинар барысында еліміздің әр өңірінен келген он бес компания 30-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасын және жабдық түрлерін көпшілік назарына ұсынды.
Жиынның ашылуында аймақ басшысы облыс экономикасындағы оң динамиканың қалыптасуына ауыл шаруашылығы саласының үлесі үлкен екендігін, биыл ауа райының қолайлылығына байланысты астықтың бітік шыққанын жеткізді.
– Ағымдағы жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 756 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мыңға артып отыр. Өңір диқандары дәнді дақылдарды жинауды аяқтап, әр гектарынан 19 центнерден өнім алынды.
Картоп, бақша, көкөніс және майлы дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен бұл салада қордаланған мәселелер де аз емес.
Жалпы 2022 жылға мемлекеттік қолдау шараларына 31,2 миллиард теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеге артты. Бүгінгі күнге 11 миллиард теңге қаржы игеріліп, 6,6 мың шаруашылыққа субсидия төленді. Әр шаруа мемлекеттік қолдауды сезінуі тиіс.
Бүгінгі шарада қант қызылшасын өсірудің озық технологиясымен таныстық.
Облыс бойынша 120 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналады деп күтілуде.
Егіннен мол өнім алу үшін басты міндет – тұқым мен техниканы жаңарту, егістік алқабын тыңайту.
Бүгінгі күнге 34,2 мың тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалып, оның 32,1 мың тоннасы шаруаларға жөнелтіл- ді, – дей келе, Нұржан Нұржігітов өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу шараларына да тоқталып өтті.
Қазіргі таңда облыс бойынша 12 316 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген десек, ағымдағы жылы техникалардың жаңаруын облыс бойынша 11 пайызға жеткізу көзделуде. Сол секілді өңірде су үнемдеу технологиялары осы жылы 50 мың гектар алқапқа орналастырылған.
Аймақ басшысы өз сөзінде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, жайылым жерлерді тиімді пайдалану бойынша қолға алынған жобаларды да баса айтты.
Өз кезегінде бірқатар аграрлық мәселелерге қатысты ғылыми институттардың өкілдері оң нәтижелі тәжірибелік үлгілерімен бөлісті.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Марат Қожахметов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының білімді тарату және әзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейіткәрім Қалтаев, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма директоры Теміржан Айтбаев, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Асан Бекешұлы Оспанов және тағы басқалар өздерінің орамды ойларын ортаға салды. Олар тұқым шаруашылығын дамыту, қызылша мен жүгері сұрыптарын жіті білу, жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану, қой шаруашылығын дамытудың ұтымды тұстары, су үнемдеу қондырғыларын кеңінен енгізу туралы жан-жақты баяндама жасап, аталған бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін жеткізді.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларды ғылыми институттардың әлеуетіне барынша жүгініп, әр ауданда тұқым шаруашылығын жетілдіру бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуге шақырды.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.