Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммитіне қатысады

0 461

Түркістан облысында Сырдария өзеніне батып кеткен екі баланың мәйіті әлі іздестіріліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сенсек, 12 жасар ұл бала мен 10 жасар қыздың денесі әлі табылған жоқ.

Оқыс оқиға кеше кешкі сағат бес шамасында Сырдария өзенінде болған. Құдалыққа жиылған әулиет тойдың ертесіне суға түсуге дәрияға барады. 20 адамның тең жартысы кәмелетке де толмаған балалар екен. Демалып жатқан кезде балалардың бірі суға тұншығып, оны құтқаруға ересектер ұмтылғанда, қалған балақайлар суға артынан секіріпті, – деп хабарлайды KTK.KZ.

«Бірінші сол үйдің бір баласы суға түсті деді. Кішкентай емес, 10-сыныпты бітіріп қойған сияқты. Содан соны құтқарам деп анасы кеткен. Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген дейді ғой. Құтқарам деп кеткені шығар, басқа не болады. Бір үйден бесеуі кетті, анасымен қосқанда. Бір үйден үшеу кетті. Бәрі бір атаның балалары ғой. Бір атадан төрт бала болса, соның ұл-қыздары ғой, немерелері», – деді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.

Суға кетіп жатқандардың «құтқарыңдар» деп шырылдаған дауысын жақын маңда балық аулап отырғандар мен іргедегі жолмен кетіп бара жатқан жұрт естіп, көмекке келіпті. Әйтпесе, суға 20 адамның бәрі түгел кетуі де мүмкін еді.

«Осы жағада су терең. Сол жағадан шығардық. Шамамен бір-бір жарым метрден келетін су ғой. Ары қарай терең. Өзіміз шықтық қой, бір бәле ғып, бір-бірімізге көмектестік, қолымыздан тартып»,– деп хабарлады Отырар ауданының тұрғыны Әділхан Аманов.

Сырдарияның суы тартылғанымен, қазір іздеп жатқан тереңдік 3-5 метр екен. Суға кеткен 11 адамның екеуі әлі іздестіріліп жатыр. 10 жастағы қыз бен 12 жастағы ұлды тәулік бойы іздеп жатқан құтқарушылар қиындықтың көп екенін айтады.

«Жағалауында тұрған ағаштар да су шайып, соның кесірінен, сүңгуірлердің айтуынша, көп томар, су астында жатқан ағаш көп. Кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан бұл жерде ағыс та өзгереді. Судың беткі қабаты осылай ағып жатқанымен, астыңғы қабатының ағысы бөлектеу»,– деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Судан аман қалған 49 жастағы әйел мен 9 және 8 жасар балақай Отырар ауданының ауруханасында емделіп жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.