Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық еріктілер күнімен құттықтады.
Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Мемлекет басшысы қазақстандық еріктілерді Х (Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы құттықтаған.
– Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар.
Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысатын, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің жасампаздыққа толы қызметтеріңіз – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Мемлекет волонтерлерге қолдау көрсете береді, – деді Президент өз жазбасында.
5 желтоқсанда әлемде Халықаралық еріктілер күні атап өтіледі. Ол еріктілердің қоғамдағы маңызды рөлін, олардың мұқтаж жандарға және әртүрлі қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға көмектесудегі риясыз үлестерін мойындауға және қолдауға арналған.