Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асықтың орнына iPhone, сақаның орнына смартфон

Кибербуллингке қалай тосқауыл қоямыз?

0 2  384

Заманауи технологиялар қарыштап дамыған бүгінгідей заманда балаларға жасалатын онлайн зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою алдыңғы орынға шығып отыр. Әсіресе әлеуметтік желілердің ауқымы кеңейген сайын олардан келетін қауіп-қатер де артып келеді. Бұл әлеуметтану ғылымында «кибербуллинг» деген атауға ие.

Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Бұған кез келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады екен. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары елдегі жасөспірімдердің 20 пайызы кибербуллингке ұшыраған. Салдарынан 105-ке жуық жасөспірім суицид жасаса, 300-ден астамы өз-өзін өлтіруге ұмтылған. Сондай-ақ елімізде ай сайын әр бесінші бала осы кибербуллингтің қатысушысы немесе зиян шегушісі екен. Осы сандар, өкінішке қарай, бізде де аталған мәселенің аса өзекті екендігін айғақтайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», – деп атап көрсеткен болатын. Соған орай жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары кибербуллингке қарсы заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, енді қолданушылар саны 100 мыңнан асатын әлеуметтік желілер өз өкілін бекітуі керек. Ақпарат және қоғамдық даму министр- лігі онымен кибербуллинг мәселелері бойынша байланыста болады. Мысалы, егер ата-ана баласы әлеуметтік желіде қудалауға ұшырағанын айтып, ақпарат министрлігіне шағымданса, ведомство үш күн ішінде шара қабылдауға тиіс. Ал министрлік осы үш күн ішінде тексеріс жүргізіп, мәліметтерді әлеуметтік желінің өкіліне жолдайды. Кейін өкіл 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг фактісі бар контентті жоюы керек. Сонымен қатар Қазақстанда ірі әлеуметтік желілердің өкілдері де тағайындалады. Әзірге бұған «Facebook», «Instagram» және «LinkedIn» сынды платформалар келісім берген.
Жуалы ауданындағы №1 мектеп-гимназияның педагог-психологы Мира Ускенбаеваның айтуынша, бұл мәселенің алдын алу үшін заңнан бөлек, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы ауадай қажет екен.
– Әлбетте, мұндай құжаттың қабылданғанын құптаймын. Себебі балалардың психикасы өте әлсіз әрі тұрақсыз. Сол үшін баланың ата-анасы мен білім ордасы бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Көбінесе ата-аналар балаларының бойында қандай бір оғаш қылықтарды байқаса, оны елемеуге тырысады. Бұл өте қате. Жалпы кибербуллингке тұйық, сезімтал, ұяң балалар жиі ұшырайды. Сондай-ақ оқуға ынтасы төмен балғындарда да бұл жағдай жиі кездеседі. Оларды шаршаңқы, енжар және селқос жүріс-тұрысынан бірден байқауға болады. Мәселен, мектепке жаңадан келген оқушыны сыныптастары ортаға қоспай, менсінбей қарауы мүмкін. Сондықтан сынып жетекшісі баламен, сыныппен жұмыс жасайды. Кейде жағдайы төмен отбасының балаларын сыныптастары ортаға қоспайды. Бұл да буллингтің бір түрі. Мұндай балаларды жеке шақырып алып, жылы сөйлесу керек. Сонда ғана балалар ашылып, ішкі сырын сыртқа шығарады. Осылайша қиналып жүрген жасөспірімдерді қауіп-қатерден құтқарып қалуға болады. Осы орайда мен ата-аналарға маман ретінде бірнеше ұсыныс айта кеткім келеді. Біріншіден, бала өзін өзгелерден жоғары ұстамауы керек. Яғни эгоизм танытпағаны дұрыс. Екіншіден, сыныптастарына, достарына физикалық тұрғыдан әлімжеттік жасамауы қажет. Үшіншіден, баламен күнделікті уақыт бөліп, үлгеріміне қарап, жақсы баға алса қолпаштап отыру да аса маңызды. Себебі әрбір бал- ғын – өз алдына жеке тұлға, ол да отбасының бір мүшесі болғандықтан, оны да жанұялық мәселелерге араластырған да артық етпейді. Мұның барлығы жасөспірімнің дамуына зор ықпал етеді. Тағы бір айта кетерлігі, тек әлеуметтік желі ғана емес, түрлі атыс-шабыс ойындардан да сақтандырған абзал. Басында бұлар баланың қызығушылығын арттырғанымен, уақыт өте келе оның ашу-ызасын тудыратын жайттарға әкеліп соқтырады. Содан соң ол осы жағымсыз қасиетін айналасына да көрсете бастауы мүмкін. Бұған жол бермеудің бірден-бір жолы – этнопедагогиканы дамыту. Қазір көшеде асық ойнап жүрген немесе кітапханаға баратын балғындарды сирек көреміз. Бұл да алаңдатарлық жағдай. Сол үшін мектеп бағдарламасында ұлттық ойындарға басымдық беріп, қызықты, танымдық іс-шараларды арттыру қажет деп ойлаймын. Әрине, заң да керек, алайда жоғарыда айтылған ұсыныстар да ескерілсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Мира Аманжолқызы.
Тараздық Динара Төлепбергенова балаларының телефондарын қарап, немен шұғылданып отырғанын біліп отыру керек деп есептейді. Оның айтуынша, ер балаларды да, қыз балаларды да назарда ұстаған жөн.
– Күнұзақ жұмыста болғандықтан, балаларыма өзім смартфон сатып алып бергенмін. Үш жастан енді ғана асқан кіші қызым өзі телефондағы түрлі қосымшаға кіріп, қажетті ойындарын оңай көшіріп алады. Қажетсіз ақпараттарды қолжетімсіз ету үшін қосымшалардағы шағымдану мен бұғаттау батырмасын орнатып беремін. Бірақ қайдан тауып алатынын білмеймін, атыс-шабысқа толы психологияға әсер ететін бірнеше ойынды жүктеп қояды. Кейде дарылдаған дауыстан өзі шошып, жылап жібереді. Ал үлкен қызым әлеуметтік желіде жеке парақ немесе веб-сайт жасайды. Бір жолы қызым «YouTube» каналын көріп отырған. Екі көзі шарасынан шығып жүгіріп келіп, қолындағыны тастай салды. Сөйтсем, қалай басылып кеткенін білмеймін, анайы көріністер беріліп жатыр екен. Содан бері қыздарымның қолындағы құрылғыларға үнемі қадағалау жүргізетін болдым. Жолдасым да жұмыстан қолы қалт еткенде балалардың телефондарын алып, ішіндегі қосымшаларды сүзгіден өткізіп шығады. Осылайша оларға күмәнді қосымшаларға кірудің қауіпті екенін үнемі ескертіп отырамыз, – дейді 4 баланың анасы.
ІT-маманы Мейіржан Әуелханұлы да «балаларды кибербуллингтен үлкендердің бақылауымен ғана қорғауға болады» дейді.
– Қазіргі жағдайда жастардың күнұзақ не көріп жатқанын бақылауда ұстау өте қиын. Немесе олардың кибербуллинг жайлы түсінігін кеңейтіп, компьютер мен телефондардағы жарнамаларды бұғаттауға арналған ақылы қосымшаларды қолданған дұрыс. Жылына 5-10 мың теңгеге арнайы қосымшаларды сатып алып, телефонға қондырып алуға болады. Бұл әртүрлі сайт пен әлеуметтік желідегі жарнамаларды өзі тауып, бұғаттап отырады. Өзіңізге немесе балаңызға қажеті жоқ жарнамалардың көрінбеуі үшін қажетті дүние. Қазір көптеген елдерде «YouTube»-тың премиум нұсқасын қолданады. Өкінішке қарай, бізге келген жоқ. Бірақ жақында қосылуы мүмкін. Ол жерде ақша төлесеңіз, «YouTube» әкімшілігі жарнамалар мен түрлі сілтемелерді көрсетпейтін болады. Қосымшаларды қосып алуға кеңес беремін. Алайда ол балаларды буллингтен қорғауға толықтай қауқарлы деп айту қиын. Өйткені жаңадан шығып жатқан ойындардың сілтемелерін функция өз базасына енгізгенше жарнамасы көрсетіле береді. Егер елімізге келіп жатса, «YouTube»-тың премиум нұсқасын көшіріп алғаннан артығы болмайды. Мәселен, әлемнің бірқатар елінде кибербуллинг қылмыстық әрекет ретінде қарастырылған. Еуропаның бірнеше мемлекетінде интернет платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ балаларды, олардың ата-аналарын кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заң қабылданған. Айталық, Германияда мұндайды ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Ресейде осы қылмыс бойынша қылмыстық және әкімшілік кодекс- терге түзетулер енгізілді. Былтыр ақпаннан бастап Ресейде 500 мыңнан аса аудиториясы бар әлеуметтік желілерде былапыт сөз жазуға мүлдем тыйым салынды. Бұдан былай әдепсіз пікір жазған адам заң талабын орындамаса, желі қолданушысы ғана емес, әлеуметтік желінің өзіне де айыппұл салынады. Сол үшін аталған заң жобасы елімізде дер кезінде қабылданып отыр деп ойлай- мын, – дейді маман.
Бүгінде асықтың орнын iPhone, сақаның орнын смартфон алмастырғаны шындық. Бұрынғыдай доп ойнап тозып, ләңгі теуіп азып жүрген балалар некен-саяқ. Әрине, бұл өркендеу мен өркениет көшіне ілескендігіміздің белгісі болар. Алайда бүлдіршіннің қолындағы телефон жарылуға шақ тұрған бомбамен тең екендігі тағы бар. Ең қорқыныштысы – мұның қалыптыдан қауіпті құбылысқа айналып бара жатқандығы. Сирияға аттанған содырлардың да дені өтірік-шыны аралас ақпараттар ағынына төтеп бере алмай, опық жегенін көзі қарақты сарапшылар тегіс мойындаған. Сондықтан мұның артында ең әуелі өскелең ұрпақтың саналы тәрбиесі тұрғандығын қаперге алғанымыз абзал. Өйткені ұрпақтың адасуы – мемлекетімізге төнген қатер, орны толмас қасірет. Заң біреу, ал баршамыз оған тіреу болып, орындалуына күш салсақ, бұл мәселенің шешілетіні анық.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.