Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асудың аты нақтыланып, «Қаратау» қыраны орнатылды

0 532

Қазіргі уақытта елдің еңсесі тіктеліп, әлеуметтік жағдайдың жақсарғандығы жер – жерлерде көріністер беруде.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында да, Түркістан ауылдық округінде де ауыз толтырып, айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.

Ауданымыздың орталығы Жаңатас қаласымен Әшір Бүркітбаев ауылының ортасында, Сарысу ауданының ең биік жері Аққырқа асуы бар.

Кеңестік көсем Н.Хрущевтың жарлығымен оңтүстік өңірлерден алғашқылардың бірі Түркістан астық совхозы болып құрылды.

Бұл Аққырқа асуына 1955 жылы тыңнан құрылған совхозды көруге келген халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те ат аялдатқан дейді.

Осы сапарынан Ұлы жазушы қаламынан «Түркістан солай туған» атты очеркі туғанын кітапсүйер оқырман қауым түгел біледі.

Осы асуға аялдасаңыз көз жетер жерлегі төңірек түгел көрінеді.

Асудың басында ауылдық округке келген қонақтарға төңіректі таныстырғанда күннің ыстығы мен желден ықтайтын қазақы жарты киіз үй нысанын Түркістан ауылдық округінің 1974 жылы өмірге келген азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толу құрметіне, 2011 жылы ауылға сый ретінде орнатып беріп, көшіліктің алғысын алып еді.

Сол азаматтар биыл мектеп бітіргендеріне 30 жыл толу құрметіне, осыдан он жыл бұрынғы істерін жалғастырып, сауға керемет көрнекі жазумен «АҚҚЫРҚА» деп заманауи үлгіде жазғызып, асудың атын шартарапқа нақтылап тағы да халықтың ризашылығына бөленді.

Бұл азаматтарға халықтың алғысы шексіз.

Бұл істерді көріп, інілерінің тірлігіне сүйсінген аға буын өкілдері аталған мектепті осыдан 52 жыл бұрын бітірген түлектер де ақылдаса келе, Қарт Қаратаудың асуының басына «Қаратау Қыраны» ескерткіш-монументін орнатты.

Бұл бастаманы округке қарасты Үшбас ауылының тумасы жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нъю-Иорк Ғылым академиясының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Сарысу ауданының және Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» Сағындық Ордабеков ағамыз бастады.

Бастаманы қостап, өз орталарынан ұйымдасып, зейнетақыларынан қаржы жинап, «Қаратау Қыранын» орнатуға белсене атсалысқан Дулат Өтешов, Байысбек Қарақожаев, Жәңгір Ибрагимов, Болатхан Сүлейменов, Майл Садықов, Сабри Асанов, Жексен Кәріпбеков, Қойшыбай Есенбеков ақсақалдар 70 жастан асса да, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін өз істерімен көрсетіп, кейінгі жас ұрпаққа өнеге, үлгі болды.
«Бір қария қартайғанда қазына болады» деп айтылғандай, «АҚҚЫРҚА» асуын нақтылаған азаматтар мен асуға «Қаратау Қыранын» орнатқан ақсақалдарға шексіз алғысымызды білдіреміз!!!

Ж.Б.АРЫСТАНБЕКОВ,
Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.