Қалалық қоғамдық-саяси газет

Астық жинау науқаны қазан айының басында аяқталады – ҚР АШМ

0 691

7 қыркүйектегі жағдай бойынша 14,1 млн гектар егіс алқабындағы дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Орташа өнімділік гектарына 9,2 центнерден айналды. Бұл 2020 жылғы деңгейден 22,8%-ға төмен (өткен жылдың сәйкес кезеңінде орташа өнімділік гектарына 11,9 центнерден айналды). Дәл бүгінгі күнге дейін жалпы 13 млн тонна астық жиналды, оның 10,4 млн тоннасы бидай.

Сондай-ақ 197,8 мың тонна майлы дақыл, 2 142,7 мың тонна картоп, 3 730,1 мың тонна көкөніс дақылдары, 2 581,3 мың тонна бақша дақылдары жиналды.

Егін егетін негізгі үш өңір – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10,6 млн гектар егіс алқабы жиналды. Бұл жалпы алаңның 91,4%-ы. Орташа өнімділік гектарына 8,4 центнерді құрап, 8,9 млн тонна өнім жиналды.

Астықтың жалпы түсімі 15,3 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Соның ішінде бидайдың түсімі 10,5 млн тоннаға жуықтауы мүмкін. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша республикада дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 3,5 млн тонна, оның ішінде бидай 2,8 млн тонна болған. Өткен жылдан қалған астықты есептегенде шамамен 18,8 млн тонна астық бар. Оның 13,3 млн тоннасы бидай.

Астықтың қажеттілік есептеріне сәйкес, ішкі тұтынуға 7,6 млн тонна бидай, оның ішінде азық-түлік қажеттіліктеріне 3 млн тонна, жемге 2 млн тонна, тұқымға 1,8 млн тонна, өнеркәсіптік өңдеуге 0,8 млн тонна астық қажет.

Бидайдың экспорттық әлеуеті ұнды қоса есептегенде шамамен 5,5-6 млн тонна көлемінде бағаланып отыр.

Көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізетін фермерлерге мемлекеттік қолдау көрсету аясында қаржы жеткілікті деңгейде бөлінеді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырады.

Ведомство минералды тыңайтқыш, тұқым, пестицид сатып алған шаруаларға субсидия береді. Сондай-ақ, суармалы жерге жұмсалатын су шығынының бір бөлігін өтейді. Инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында техника сатып алған, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу объектілерін құрған, жылыжайлар мен өсімдік бақтарын салған, суару жүйелерін құрған әрі кеңейткен және тағы басқа да іргелі істерді қолған фермерлер шығындарының бір бөлігі өтеледі.

Егін жинау жұмыстарын уақытылы атқару үшін фермерлерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 2021 жылдың 16 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 247,5 мың тонна (62%) жеткізілді. Мұнай өңдеу зауытындағы отынның литрі 156 теңге (тоннасы 189,0 мың теңге), операторлардың жеткізу қызметінің құнын қоса есептегенде де дизель отынының өңірлердегі орташа бағасы қымбат емес. Шаруалар дизель отынының бір литрін 177 теңгеден алады.

Республикада сыйымдылығы 28,8 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тонна, фермерлерде 16,8 млн тонна астық сақтайтын орын бар.

Биылғы егін жинау науқаны штаттық режимде және жоспарланған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жұмысты уақытында атқаруға қатысты барлық мәселелер Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында. Тиісті мониторинг пен талдау жасалып отырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.