Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ассамблея жастары» – ізгі дәстүрді жалғастырушы

0 457

Еліміз егемендігін алған отыз жылдан астам уақыт ішінде алған асуларымыз жетерлік. Ол, әрине, елдегі татулық пен бірліктің арқасы. Себебі бірлік пен бейбітшілік болмаған жерде тәуелсіздік бағы да баянды болмайды.
Елдегі осы бір бейбітшілік пен келісімге себепші болып отырған бірден-бір орган бар. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық саясаты әлемге үлгі болып отыр. Әлем қауымдастығы да жоғары бағалауда. Әсіресе ұйым жанынан құрылған ерікті жастар қозғалысының қоғамға тигізіп келе жатқан пайдасы зор. Соңғы жылдың ішінде ғана ауыз толтырып айтарлық жұмыстарды жүзеге асырған Тараз қаласының «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі тиімді тіршілігімен көпшілікті таңғалдырып келеді.
2018 жылы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы атауында болған этнос жастарының басын біріктіруші ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2021 жылғы 21 қазанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру аясында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі болып құрылып, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Құрамында 90 адам бар.
Жастарды этносаралық жобаларды іске асыруға тарту бойынша өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі осы жылдың І тоқсанында 16 іс-шара өткізіп, оларға 1 500 жас қамтылды. Мәселен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралык Тараз инновациялык институтында «Бірлігіміз – татулықтың тірегі» атты кездесу өтті. Келелі отырыста «Бірлігіміз – әралуандылықта» қағидаты негізінде бір мақсатқа жұмылдыратын, этносаралық бірлік пен татулықты насихаттайтын спорттық және мәдени шараларды жүйелі әрі тұрақты түрде ұйымдастыруды қарастыру мәселелері тілге тиек етілді. Бұған қоса, азаматтықтың құндылықтарын дамытуға, бейбітшілік пен келісімді сақтау, «Бірлік – әралуандылықта» қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жобалар талқыланды.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде КСРО Халық әртісі, көрнекті театр жене кино актері, режиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орай «Біздің кино» тақырыбында киновояж өткізді. Аталған шараға ҚХА «Ассамблея жастары» бірлестігінің белсенді мүшелері қатысты. Көркем туындылар арқылы жастарға рухани құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілін кино көру әдісі бойынша меңгертуді мақсат еткен шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де бағытталды.
Ал әз-Наурыз мерекесіне орай Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен киелі Түркістан өңірінде ауызашар беріліп, қасиетті жерлеріне жамбылдық зиялыларға, ардагерлер, жастарға экскурсия-саяхат ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан мерекелеріне орай ұйымдастырылған саяхаттық тур делегациясының құрамында Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі, М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева мен «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері де болды. Игілікті саяхат барысында жамбылдық делегация ауызашар дастарқанына қатысып, киелі орындарға экскурсия жасады.
Бұдан бөлек, Наурызнама онкүндігі шеңберінде 19 наурыз – Жаңару күніне орай «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы және «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері бауырластық пен татулықтың қайнар көзі саналатын Достық үйінің ауласына тал көшеттерін отырғызды. Азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыруға үндейтін атаулы мереке жыл сайын өз жоралғысымен жүзеге асуда.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай қаламыздың «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінде Ауған ардагерлеріне арналған ескерткішке салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ауған соғысы батырларын еске алуға келгендердің қатарында облыстық этномәдени бірлестіктер мен ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері де болды. Шара қатысушылары қатарында интернационалдық борышын өтеген тұлғалардың арасында Жамбыл облыстық өзбек орталығының төрағасы Бахром Муминов та бар. Бахром Тохтасынұлы Ауғанстан соғысына алдыңғы лекпен аттанып, шекарада әскери қызметін ерлікпен атқарған. Сондай-ақ гүл қою рәсімі іс-шарасында Ассамблея жастары Б.Муминовқа шағын естелік сыйлық табыс етті.
Республика бойынша Алғыс айту күніне арналған «Арайлы Атамекенім» челленджі өткен болатын. Аталған шараға Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер өкілдері және облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері – барлығы 60-тан астам адам қатысты. Челлендждің мақсаты – ортақ тарихи жады, барлық қазақстандықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім негізінде Қазақстан халқының бірлігі мен қазақстандық бірегейлікті нығайту, патриотизмге, жауапкершілікке және рухани дамуға, адамдарға және қоршаған ортаға жақсы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.
Сондай-ақ дастарқанымыздың ас мәзіріндегі ұлттық бренд – құрт тағамын насихаттау мақсатында Тараз қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Алғыс айту күні аясында «Құрт тарату» акциясы өтті. Шараға Хамида Тұрдыева бастаған Жамбыл облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері белсене қатысты. «Құрт тарату» акциясының мақсаты – Алғыс айту күні мерекесі арқылы жұртшылыққа құрт арқылы адамдардың бір-біріне, үлкен-кішіге деген өзара сүйіспеншіліктерін, сыпайылық қарым-қатынастарын дамыту, ізеттілікке тәрбиелеу.
Жыл сайын наурыздың алғашқы күнінде Алғыс айту күні аталып өтеді. Бұл күні Жамбыл облысы ҚХА мүшелері, құрылымдар өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ және қала жастарының белсенділері игі істер жасауға мұрындық болып келеді. Жақсылық жасауды дәстүрге айналдырған жастар «Ерікті донор» акциясын өткізді. Қан тапсырар алдында Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Досымбекқызы және «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева жастар бастамасына қолдау білдіріп, ел болашағы жастар қолында екенін айтты. Содан соң донорлар тіркеу бөлімінен өтіп, зертханалық кабинетте талдама жасалынды. Денсаулығы жарамды деп танылған 60-қа жуық қыз-жігіт мұқтаж жандарға өз қандарын өткізіп, қайырымды іс жасады.
Ал ақпанның 27-сі күні қаламыздағы Достық үйінде Жамбыл облысы Ардагерлер кеңесі облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің жас өкілдерімен кездесті. Кездесуде сөз сөйлеген Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі төралқасының төрағасы Мұхаметілда Байшонов. Жамбыл облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов жастарға жалынды сөздерін арнап, қала жастары, соның ішінде облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ жұмысына көңілінің толатынын жеткізді. Ал облыстың Ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, ақын, жазушы Майлыбай Смағұлов Достық үйі жастарға мықты тәрбие беретін бірегей мекен екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінде «Қазақстан татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл филиалының жетекшісі, осы оқу орнының директоры Фарида Нақыштың ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шараға этномәдени бірлестіктер, Жамбыл облысы әкімдігінің «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдерінің қатысты. Мерекеге келген меймандарды әр этностың ұлттық киім киген студенттер қарсы алып, ыстық лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Ұрпақтардың ризашылығы – ұлтаралық татулықтың, бірлік пен достықтың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар қатысты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, облыстық ҚХА жанындағы ҒСТ мүшесі, т.ғ.к. Сейдахан Бақторазов жиынды Алғыс айту күніне орай құттықтау сөзімен бастады. Сонымен қатар жиында «Қарашай-балқарлар – Бірлік» Жамбыл облысы қоғамдық бірлестігінің Архыз филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Леля Узденова достықтың мәңгілік бесігіне айналған этностар бауырластығы туралы сөз қозғады. Жиын одан әрі жастар мен ғалымдардың арасындағы пікір алмасуға ұласты.
Заманауи гуманитарлық-техникалық колледжінде «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тараздағы татар ұлттық тағамдары» фестивалі өтті. Татар этносы өкілдері өздерінің озық дәстүрлері мен тағамдарын, ата тарихтарынан жеткен асыл мұраларын жас ұрпақтарына дәріптеп, насихаттады. «Ассамблея жастарының» мүшесі Диана Ямолтдинова іс-шараға белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Наурыздың 11-ші жұлдызынан мұсылмандар үшін айлардың сұлтаны Рамазан басталғаны баршаға мәлім. Қасиетті айда Сартиф Әлиев төрағалық етіп отырған Жамбыл облыстық «Барбанг» күрдтері филиалының жастары, қаладағы қоғамдық орындарда ораза ұстаған жандарға арнап ауызашарға су мен құрма таратты. Қайырымдылық күнгі игі істер эстафетасын Жамбыл облысының жақсылық жасауға жаны құмар, жүрегі жомарт «Ассамблея жастары» РҚБ Хамида Турдыеваның бастауымен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған он шақты отбасыға азық-түлік себетін апарып, игілікті істі жалғастырды.
Жалпы алғанда, Тараз қаласындағы игі істердің басы-қасында жүрген «Ассамблея жастары» ұйымының қызметі мұнымен шектелмейді. Өңірлік бастамалар да өте маңызды және осы жылдар ішінде жер-жерлерде қызықты жобалар іске асқанын көріп отырмыз. Алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралары да жетерлік.

Бибігүл ШАХЗАДА,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.