Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ассамблея мен алғыс айту – егіз ұғым

0 392

Мубарак Жинақбаева,
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Қазақстанда 1 наурыз – Алғыс айту күні деп атап өтілетін жас мереке 2016 жылы ҚХА-ның құрылуына орай белгіленген болатын.

Қазақстанда 1 наурыз – Алғыс айту күні деп атап өтілетін жас мереке 2016 жылы ҚХА-ның құрылуына орай белгіленген болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясат жүйесінде маңызды орын алады. Міне, осы күннен бастап жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде басталған мереке бүгінгі күні жалпы қазақ халқының бір-біріне, түрлі мамандық иелеріне, сала қызметкерлеріне ыстық ықыласын, жылы лебіздерін білдіретін атаулы мейрамға, жарқын мерекеге айналды.
Бүгінде ҚХА-ның мақсат-міндеттері де, Алғыс айту күнін мерекелеу де жаңғыртылды. Олардың ішінде қоғамда адами құндылықтарды: мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып отыр. Жыл сайын бұл мереке еліміздің азаматтары үшін маңыздырақ реңктерге ие бола түсуде.
Ассамблея – Қазақстанның бірегей саяси жаңашылдығының нәтижесі. Бүгінгі таңда оның жұмыс тәжірибесі әлемнің көптеген елдері үшін тартымды және пайдалы болып саналады. Бұл институттың қызметі елдің мемлекеттік саясатында басым болып табылатын этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған мереке.
Бұл мерекелік күн адамның мейірімділігінің жылуын, адамдардың бір-бірін құрметтеуін, тәрбие мәдениетін білдіреді. Онда айнадағыдай халық жанының байлығы мен оның адамгершілік әлеуеті, достықты, бейбітшілікті, келісімді нығайтуға ұмтылу және этноәлеуметтік топтардың біртұтас азаматтық ұлтқа кірігуі бейнеленген. Әр адам жақсылық үшін алғыс алады және оған көрсеткен көмегі, қолдауы үшін алғыс білдіреді.
Біз өз жұмысын адал атқаратын және сол арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосатын, белсенді азаматтық ұстаным танытатын, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту жолында еңбек ететін жандарға алғыс айтамыз.
Барша қазақстандықтар мен жамбылдықтарды, жалпы ҚХА жолында шын ықыластарымен еңбек етіп жүрген өңірлік әріптестерімді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық пен амандық, кәсіби және жеке табыстар, өсіп-өркендеуді тілеймін! Баршаңызға бейбітшілік, келісім және ертеңгі күнге деген сенімділік тілеймін!
«Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас» деген дана ата-бабаларымыз. Мұнда алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңіре тәрбиелеген.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, өзара алғыс айту – адамдар арасындағы сенімді, сыйластықты арттыратын құрал. Адамның жан-дүниесін тазартатын, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Әсіресе бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмалдыққа жетелеп, ризашылыққа қауыштыратын амал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.