Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аспаннан түскен ақын

0 553

Күндердің бір күнінде, заманымның өткіні, еш азамат білмеген, еш адамзат көрмеген шындық айтқан шыншыл ақын өмірге топ етіп аспаннан салбырап түседі. Ол ақын өлең жаза алмайды, пікірін ешкімге білдіре алмайды. Бірақ барлығы оны ақын деп санайды. Ғарыштан түскен шығар деп ойласаң, ғарыштан түскендерді көріп жүрміз, оларға ұқсамайды. Мұхит астынан шыққан біреу болар деп ойласаң, жо-жоқ мұхит астынан шыққандар толып жүр, ешбірі алып денелі, көздерінен лапылдап от шашыраған адам емес еді. Қайдан пайда болған деп барлық әлемдегі адамзат ойға салынды. Бұл заманда әлем тыныш, еш адам ауру деген сөзді де білмеген. Адамдардың барлығы бақытты және бай еді. Зұлымдық пен өтірік, қасірет деген нәрселер жоқ! Иә, иә, бұл – менің заманым, ал аспаннан салбырап түскен ақын – мен! Мен ешқашан өтірік айтпағанмын, айтпаймын да.

Кеше ғана менің досым уақыт машинасын ойлап тапты. Біз сол уақыт машинасына отырып алып, біздің заманымыздан бұрынғы он екінші ғасырға бет алдық. Иә, иә, мен сол біздің заманымыздан бұрынға он екінші ғасырдан жазып отырмын. Бұл біздің заманымыздан бұрынғы адамдардың барлығы шырттай киініп алған, қолдарында телефон, мінгені – ұшатын көлік. Аспандағы көптеген жұлдыздарға үй соққан, планеталарға астықтарын егіп қойыпты. Өздері алып денелі екен. Бірақ біздің заманымыздағыдай бақытты емес. Адамдар деуге келмейді, бізден бірнеше есе үлкен, түрлері әдемі, үлкен күшке ие хайуандар. Ол заманда барлық планетаны басқарған бір хан болыпты, ол хан тойымсыз екен. Көрген затының барлығын өзіне ала береді, планеталарын тонай береді. Бұл заманның біздің заманнан айырмашылығы – әйелдері балаларын қоқысқа лақтырады екен, қыздары жалаңаш суретке түсіп, далада жүреді екен. Ерлері әйелге ұқсас, әйелдері ерге ұқсас, әйтеуір бір хайуандарды көз алдымнан көріп тұрмын. Ойланып тұрып, «ей, мен ақын емеспін бе, хан алдына барып, барлық шындықты жайып салайын» деп шештім.

Хан сарайы ұзындығы екі жүз километр, ені екі мың километр үлкен әрі әдемі. Хан маған қарап тұрды да:
– Мен сенің не үшін келгеніңді білемін! Тағы да шындық айтар ақымақсың. Сен одан да өтірігіңді айтып, мені мақтап, тірі қал, – дейді.
Мен ханның көзіне тік қарап тұрып, жауап қаттым:
– Ей, қанішер хан, мен қазір саған отыз үш шумақ өтірік өлең айтамын. Соның ішінен бір шындық тапсаң, басымды кес, – дедім.
Хан орнынан түрегеліп:
– Ал, айт. Өз сөзің. Аузыңнан бір шындық естісем, басыңды кесіп аламын! Ал естімесем, бар жиған-тергенімді саған беремін, – деп мысқылдап күледі.
Мен бетіне қарадым да, бастадым:
Бастасам өлеңімді бұл тек шындық,
Ханымның істегені бұл не сұмдық?
Тойымсыз көздерінен көріп тұрмын,
Көздегені бұл елінен – ол тек ұрлық! – деп бірінші шумағымды енді бітіріп жатыр едім, хан орнынан тұрып:
– Сен бірінші шумағынан бастап шындық айтып отырғаның не? – деп ызаланды.
Мен ханға қарап күліп жібердім де:
– Ханеке, мен аузыма келгенді айтып жатырмын ғой, сіз туралы емес еді. Егер де осы өтірік өлеңде өзіңізді көрсеңіз, айтып отырыңыз, – деп жымия қарап тұрдым.
Хан орнына отырып:
– Жо-жоқ, мен мұндай емеспін ғой, құлағым дұрыс естімейді, – деп қызарып кетті.
– А-а, жарайды, мен онда жалғастырайын, егер де шындық айтсам, ескертпестен балтаңызды алып, басымды шауып тастаңыз, – дедім де, екінші шумақты бастадым:
Ханеке, хан емессің, хайуансың!
Сен емес, басқа адам сайлансын!
Өтірікші, зұлымсыз бұл тек шындық,
Басыңыз қап алтынға айналсын! – деп екінші шумақты бітіргелі тұрғанда, хан жылап жіберіп:
– Өлтірсем – шындық екенін мойындағаным, өлтірмесем – өтірік деп шындық айтып отырсың, енді не қыламын? – деп маған қарап жылай берді.
Мен де тайынбастан ханға:

– Маған еш нәрсең керек емес, мен болашақтан келген адаммын. Менің заманымда сендей адамдар жоқ! Бұл – шындық, мен соған қуанамын. Ал сен өз заманыңда не істегің келеді, ол өз еркің, тек менің заманыма жоламасаң болды. Бірақ сенің ақымақтығыңа күлкім келеді, – дедім де кетіп қалдым.

Кеткенім сол еді, хан сарайында соғыс басталды. Хан уәзірлерімен атом бомбасын адамдарға лақтырса, адамдар водород бомбасы мен лазерлік, химиялық қаруларды қолданып, үлкен соғыс бастады. Мен уақыт көлігіне отырып, ұшуға дайындалдым. Соғыс өрши түсті. Мен ұшып кеткенім сол, жаңағы хан сарайы да, планеталар да сол мезетте қауіпті қарулардың әсерінен жоқ болды да кетті. Бұл қалай болғаны?

Біздің заманымыздан бұрынғы он үшінші ғасырға жол тарттық. Қарасам, бізге ұқсас адамдар, бірақ ақылы жоқ. Барлығы талдан-талға секіріп, жануарларға азық болып жүр. Біздің заманымыздан бұрынғы он екінші ғасырда бізден күші бірнеше есе мықты адамдар бар еді, он үшінші ғасырда бізге ұқсас ақымақ жемтіктер жүргені қатты ойға салды. Мен өз-өзімді кінәлай бастадым. Әй, аузымның дуасын қарасай, ханның ақымақтығына күліп едім, бір ғасырдан соң одан да ақымақтар жүргені қалай деп ойға қайта баттым. Досымнан «бірінші ғасырға барып көрейікші» деп қатты сұрандым. Досым келісіп, бірінші ғасырға да жеттік. Онда да жер үстінің барлығы құм. Адамдар қызыл кілемде ұшып жүр екен. Адамдардың барлығын аузына қаратқан бұл заманның өз ақыны бар екен. Сол ақынмен кездеспекші болдым. Естігенім, ол ақын да талай ханды таң қалдырған екен. Бірақ мен секілді шындық айтып емес, өтірік айтып. Уақыты түсіп, ол ақынмен де бір кездестім. Кездескенім сол еді, маған жүгіре келіп:

– Байеке, жиырма тиын берші, арғы жақта бір алыпты көрдім, ол алып өзінің жиырма метр қолдарымен бұлттарды оңды-солды жайратып, күнді жеп қойғысы келіп отыр. Соған дереу үлкен тамақ әзірлеп бермесек, қараңғыда қаламыз яки күннің жарқырауы дәл қазір сенің қолыңда, байеке, – деп тоқтамастан сөйлеуде.
Мен өтірік деп ойлайын десем, ұшқан кілемдерді көрдім, шындық дейін десем, миға қонымсыз дүниелерді айтып отыр. Мен де өз есемді жібермейін деп шындығымды айта бастадым. Көзіне қарап тұрып:

– Тәйт, мен, біріншіден, бай емеспін, екіншіден, тиын деген не екенін білмеймін? Мен өз заманымның аспаннан салбырап түскен ақынымын, менің заманымда бәрі жақсы, ауру деген атымен жоқ. Адамдардың барлығы бай және бақытты. Өтірік, зұлымдық деген дүниені мүлде білмейді. Досымның уақыт көлігімен келіп отырмын, – деп енді бастағанымда, ана ақын жынданып:

– Ей, өтірікші, мен секілді ақша іздеп жүрген ақынсың ғой. Өзіңнің өтірігіңді маған айтпай-ақ қой, бәрібір бір тиын бермеймін, – деп маған щұқшиып қарап тұр.
Айтып тұрғаны өтірік екенін мойындап, менің шындығыма сенбегеніне таң қалып тұрып қалдым. Ал енді сексенінші ғасырға аттандық. Сексенінші ғасырда дәл біздің заманымыздан бұрынғы жиырма бірінші ғасырда көрген хан сарайына келіп түстім. Хан мені танып қойды ма білмеймін, тап беріп басымнан шауып түсірді. Міне, өлген жерім осы екен деп тұрғанда, өз ғасырыма оралып кеттім.

Міне, сол күннен бастап басқа ғасырға саяхат жасауды доғардым. Уақыт көлігін ешкім таппас жерге жасырып қойдым. Аспаннан салбырап түскен ақын сол күннен бастап басқа адамдар секілді жиырма бірінші ғасырда бақытты, бай өмір кешіп, өмірінің соңына дейін өзінің халқымен ешқандай ауруды көрмейді. Ол ақынның өмірінің соңына дейін өтірік, зұлымдық деген заттар мүлде болмайды.

Дархан ӨМІРБЕКОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.