Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аспан мен жер арасын жалғаған ғарыш айлағы

0 675

Бабаларымыздың заманында халқымыз тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонып жүргенде, ел арасында бір «Қоңыр есімді ару болған» деген аңыз бар. Ел ішінде қиын-қыстау заман туып, құрғақшылық, жұт басталыпты. Сонда әлгі Қоңыр атты ару бар малын айдап, осы Сырдың жағалауына келіп қоныстаныпты. Қоныстанған жерінің шөбі майса, шүйгін, суы тұнық болған екен. Қысқаша айтқанда, Қоңыр арудың қоныс тепкен жері «Бай» болған. Сол себепті халық аумақты қоныстанған адамның аты мен жерін қосып, «Байқоңыр» деп атап кеткен.

КСРО уақытында АҚШ-пен ғарыш бағытында жарыс болды. Сол үшін КСРО-ға ғарыш айлағын салу күн тәртібіне қойылып, таңдауға үш нұсқа түседі. Оның ішінде Қазақстан, Кубань және Чуваш Республикасы болатын. Ал ғарыш айлағы болатын жерде жергілікті тұрғындар тығыздығы аз және жері кең болуы шарт. Өйткені «ғарыш алаңы» деген сынақ жері емес пе?! Ол жерде ойламаған жағдайлар бола қалса, сынаққа алынған зымырандардың құлайтын жері болуы керек. Сол себепті екі мемлекет бірден таңдаудан алынып тасталып, біздің жеріміз кең әрі халық тығыздығы аз болған себепті Қазақстан таңдалады. Бұл жолда орыстардың білікті маман инженерлері атсалысады.
1955 жылы Ресей мемлекеті «Байқоңыр» ғарыш айлағы болады» деп шешкен. Өйткені Байқоңырдың жері кең. Міне, осы себепті Байқоңыр жері ғарыш айлағы ретінде таңдалды. 1958 жылдары бұл жер «Заря», ал 1995 жылға дейін «Ленинск» болып аталды.
Қазіргі таңда Байқоңыр ғарыш айлағында екі ұшыруға арналған нысан бар. Олар: 31-ші және 200-ші ұшыру алаңы. 31-ші алаңнан «РН Союз», 200-ші алаңнан «РН Протон» зымырандары ұшырылады. Және 50-ші нысан бар. Бұл жерде «Протон» зымыранын құрастырып шығарады. Ол жерді МИК деп атайды (Монтажно-испытательный комплекс). Мысалы, осы ғарыш айлағындағы басты технологиялық қондырғылардың құрамына келесі системалар мен құрылғылар кіреді. Олар:
– Қозғалмалы қондырғы және ұшыру қондырғысы;
– Тасымалдаушы зымырандарға және ғарыштық бас бөлшегіне техникалық қызмет көрсету;
– Жанармай құю құрылғылары;
– Жердегі технологиялық қондырғыларды автоматты бақылау системасы;
– Температураны тұрақты ұстау жабдықтары;
– Бақылау, санақ анализін жүргізетін системалар;
– Және техникалық системалар.
Қанша қиын кезеңдер өтсе де, ғарыш саласында жұмыс жасайтындар тірлігін тоқтатпады. Өйткені Ресей сынды алып мемлекет ғарыштық держава ретінде өзінің күшін бүкіл дүниеге мойындатқысы келді. Сондықтан бар күшін космонавтикаға салды және оның жемісін көрді. Ол заманда дарынды білімді инженер-ғалымдар осы салаға өмірін арнаған. Қазіргі таңда бұрынғыдай қызу-талқы жұмыс жоқ. Өйткені, бір жағынан, инженерлердің қатары азайса, бір жағынан, «Протон-М» деген зымыран өте қауіпті жанармаймен ұшады. «Несимметричный диметилгидразин» – өте қауіпті бірінші деңгейлі, иіссіз, түссіз, улы зат. Улылығы сонша, 1 текше (куб) метрді 0,001 мг газ улайды, адамның өміріне қауіпті. Міне, осындай қауіпті болғандықтан, «Протонның» жағдайы қиын. Бүгінде зымыран ұшыру бағдарламасы жылдан-жылға азайып барады. Оның үстіне Ресей-Украина жағдайы да залалын тигізіп отыр.
Гагариннен кейін бұл ғарыш айлағында Владимир Илюшин 1961 жылы жерді үш мәрте айналып өтті. 1963 жылы Валентина Терешкова ең алғашқы әйел космонавт атанды. Олардың арасында Белка-Стрелка, Дезик-Цыган, Лайка сынды иттер де болған. Ал 1965 жылы алғаш кеңістікке шыққан – Алексей Леонов. Ал 1969 жылы адамзат тарихында Айға барған адам Нейл Армстронг екені мәлім. 1991 жылы «Союз ТМ-13» ракетасымен алғашқы қазақ космонавты Тоқтар Әубәкіров ұшты. Талғат Мұсабаев 1994 жылы ғарышқа алғаш ұшқанда 126 күнін, ал 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда 208 күнін өткізді. Айдын Айымбетов 2015 жылы 2 қыркүйекте ғарышқа ұшуға мүмкіндік алды.
Ғарышты игеру адам өміріне аса үлкен өзгеріс әкелді. Ғарышты игерудегі басты міндет аспан әлемін зерттеу болатын. Аспан әлемінің түрлі сырларын, ғажайыптарын, шексіздігін зерттеп, оның қызықты жаңалықтарын ашу адамзат өміріне жаңаша өзгерістер алып келді. Мысалы, Жер шарының шар тәрізді дөңгелек емес, сопақшалау келген планета екені айтылды. Күн мен Жер арасының арақашықтығы есептеп шығарылды, галактикалардың түрлерін тапты және бір-біріне әсерінің барымен қатар, әлемде адамға түсініксіз ғарыштық объектілердің бар екені табылды. Мысалы, қара құрдым (чёрная дыра). Бұл ғарыштық объекті – тылсым құпияға толы жаратылыс. Ол жан-жағында не бар болса соны жұтып, жоқ қылады. Одан керек десеңіз, әлемдегі ең жылдам жарық фотондарының өзі құтыла алмайды. Оның ішіне түскен зат беймәлім болып қала береді.
Сонымен қатар ғарыштық аппараттар арқылы ауа райын болжайды. Жер бедерін суретке түсіріп, картаға салатын жер серіктері жасап шығарылды. Космоста тірі организмдердің тіршілік ету процесі зерттелуде.
Метеорологиялық аппараттар қай жерде қандай дауыл болатынын, қай жерде құйын болатынын, табиғи катаклизмалардың алдын алуға есепсіз пайдасын тигізеді. Әскери баллистикалық аппараттар да бар. Олар мемлекет территориясын демалыссыз бақылап, әскерилерге сигнал жіберіп отырады.
Мені ғарыш айлағы бала күнімнен қатты қызықтырды. Қиялым шексіз еді. Аспаннан жұлдыздардың шоғырланған тобынан неше түрлі кейіптерді көретінмін. Жүріп келе жатқан өте үлкен арыстан, аю, бүркітті, қасқырды және осындай үлкен азулы жануарларды жиі елестететінмін. Және, ең қызығы, олар жарқырап сәуле шашып тұратын. Өсе келе аспан әлеміне жаңаша көзқарасым қалыптасты. Жұлдыз, комета, планеталар жайлы ізденіп, оқып, біле бастадым. Мектеп бітіргеннен кейін ҰБТ тапсырып, Мәскеу авиациялық институтына оқуға түстім. Бүгінде ғарыш айлағында қызмет атқарып жүрмін. Меніңше, менің мамандығым – Құдайдың маған ұсынған сыйы!

Бақытжан МАЖИБАЕВ,
«Байқоңыр» ғарыш айлағының инженері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.